• Билік
  • 15 Мамыр, 2014

БАНКТЕР БӘСЕКЕГЕ ДАЙЫНДЫҚ ЖОЛЫНДА

Орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихатын өткізген Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов еліміздің қаржы саласын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады.  
Ұлттық банк төрағасының мәліметінше, осыдан біраз бұрын валюта бағамына енгізілген түзетулер ел экономикасына оңтайлы қарқын берген екен.

Мәселен, өткен жылы ағымдағы есепшоттың төлем балансының теріс сальдосы қалыптасып, оның деңгейі минус 118 млн. доллар көлемінде болса, бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша ағымдағы есепшот сальдосының көлемі 5,5 млрд. долларды құраған. 
Мемлекет басшысы еліміздің халықаралық қорының жиынтық көлемін жақын арада 100 млрд. доллардан асыруды мақсат етіп қойған еді. Осы межеге де қол жеткізіліп, қазіргі сәтте оның деңгейі 101,9 млрд. долларды құрады. Бұл Қазақстандағы макроэкономикалық тұрақтылықтың айқын сипатын аңғартады. Қ.Қелімбетов Ұлттық қор активі мен Ұлттық банк резервінің жиынтық көлемі де артып, оң нәтиже көрсетіп отырғандығын жеткізді. Атап айтқанда, бүгінде Ұлттық банктің алтын-валюта қоры 28 млрд. доллардан асып түскен. Сондай-ақ, Ұлттық қордың активтері 73 млрд. доллардан асты.
Ұлттық банктің дерегі мен болжамы инфляцияның қалыпты деңгейде сақталатындығына саяды. Атап айтқанда, сәуірде инфляция 0,6 пайызды құрады. Бірінші тоқсанда оның деңгейі 3,3 пайыз болып, төрт айдың қорытындысы бойынша 3,9 пайызды қамтыды. Қ.Келімбетовтің сөзіне қарағанда, ақпандағы инфляция серпілісін есепке алмағанда, елімізде оның деңгейі қалыпты дәлізге түсіп отыр. «Осы орайда 2014 жылы инфляция 6-8 пайыз дәлізінде болады деп жоспарлаудамыз»,  деді Ұлттық банк басшысы.
Қазірде елімізде жүргізіліп жатқан капиталды заңдастыру жұмыстарына тоқталған Қ.Келімбетов, Ұлттық банк пен Үкімет бірлесе отырып Қазақстанда қаржыны заңдастыруға мүмкіндік беретін заң жобасын әзірлегендігін хабарлады. Ондағы негізгі жаңалықтардың бірі  азаматқа өзінің қаржысын екінші деңгейлі банктердің арнайы есепшотына орналастыру арқылы заңдастыру құқығына қатысты. Қаржыны орналастыру талаптарының аясында орта­мерзімді кезеңде, яғни 5 жыл уақытта қаржы депозитте жатуы тиіс. Бұл қадамдар банк жүйесінің ұзақ мерзімді қор жинау мүмкіндігін арттырады, делінуде.

Белгілі болғанындай, Ұлттық банк нашар активтер мен жұмыс істемейтін несиелер мәселесін жалпы жүйе үшін 2016 жылдың 1 қаңтарына дейін шешуді жоспарлап отыр. Осы орайда Үкіметпен және екінші деңгейлі банктермен бірлесе отырып Салық кодексінің өзгерістері бойынша тұтас шаралар, сонымен қатар, Проблемалы несиелер қорын басқару бойынша тұжырымдама жобасы әзірленген. Ұлттық банк 2 жыл бұрын құрған бұл арнайы ұйым қызметінің тиімділігін арттыру аясында арнайы құжат қабылданбақ.
Қ.Келімбетов алдағы уақытта еліміздің банк жүйесіне халықара­лық талаптар күшейетіндігін атап өтті. «Соңғы қаржы дағдарысынан кейін әлемдік монетарлық билік банктік жүйесі тәуекелдері мен тұрақтылығына қатысты қадамдарды қайта қарастырды. Оның ішінде банктік қадағалау бойынша Базель комитеті орталық ұйымы «Базель-3» атауымен кешенді шаралардың топтамасын ұсынды. Мұнда капиталға, өтімділікке, контрциклділік жағдайында банктер жұмысы мәселесі тұрғысында белгілі бір өзгертулер мен талаптар қарастырылған», деді ол. Қазақстанда 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап банктер «Базель-3» талаптарына көшуді бастамақ. Алғашқы үш жылда банктер үшін талаптар өзгермейді, алайда 2018-2019 жылдардан бастап жоғары талаптар жасалады. Жоспар бойынша 2019 жылғы 1 қаңтарға қарай банктер осы үдеріске дайын болады. Сонымен қатар, осы тектес талаптар сақтандыру ұйымдарына да қатысты болады.
Төраға еліміздің банктері кез келген қаржылық құрылымдарға, әсіресе, Кеден одағына қатысушы мемлекеттердің қаржы институттарына лайықты бәсекелес болуы қажет екенін атап өтті. «Кеден одағы елдері банктерінің бірлескен активтерінде қазақстандық банктер 5 пайызға ие. Ресей банктерінің алғашқы жиырмасының ірі бірлескен активтері орта есеппен алғанда бір банкке 61 млрд. доллардан тиеді. Ал алдыңғы қатарлы қазақстандық банктердің бірлескен активі – бір банкке орта есеппен 11 млрд. доллардан келеді. Біз Кеден одағы елдерінің банктерімен бәсекелестікке шыдауға дайын болуымыз керек», – деді ол.

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

 

700 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы