• Билік
  • 15 Мамыр, 2014

ЭКОНОМИКАЛЫҚ ОДАҚ ҚҰРУДЫҢ ЖАУАПТЫ СӘТІ ЖАҚЫН

Мамырдың 29-ында Астанада өтетін кеңес саммитінде үш тараптық келісімшартқа қол қойылады

Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы идеяны 1994 жылы Мәскеу мемлекеттік университетінде дәріс оқыған кезде Қазақстан мемлекетінің  басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұсынып, әлемдік қауымдастыққа жария еткен болатын.

Бұл өміршең идеяның 20 жылдығына орай биылғы жылдың сәуір айының 28-інде Елбасымыз Мәскеуде, Ломоносов атындағы  университетте мазмұнды дәріс оқып, ЕЭО құру идеясын жүзеге асыратын жауапты сәттің тым жақын қалғандығын және соған орай атқарылатын  жұмыстардың ауқымын тағы бір рет пысықтап берген еді. Тараптардың ұйғаруынша, Еуразиялық экономикалық одақ 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс істеуге мүдделі. Сол үшін де  Қазақстан, Ресей және Белоруссия басшылары осы жылдың мамырының 29-ында Астана қаласында өтетін  жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңес саммитінде бұл одақтың құрылуы  жайындағы келіссөзге қол қоятын болады.
Әрине, Астанада өтетін жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңес саммитінің жұмысына да көп салмақ артылатыны өз-өзінен түсінікті. Өйткені, келесі жылдың басынан бастап жұмыс істеуге тиісті бұл экономикалық одақтың  түйткілі көп, күрмеуі қиын мәселелерін әр тарапқа оңтайлы әрі дұрыс шешу үшін өзара түсіністік пен мүдделіліктің қажет екендігін ешкім жоққа шығармайды. Осы орайда үстіміздегі жылдың сәуір айының 29-ында Минск қаласында өткен Еуразиялық экономикалық одақ елдері басшыларының саммитінде қандай мәсе­лелердің көтерілгені де еске түседі. Минск саммитінде Қазақстан, Ресей және Беларусь Президенттері Еуразиялық одақтың алдағы атқа­ратын жұмыстары мен болашағын қызу талқылады. Дерек көздері хабарлағанындай, Еуразиялық одақтың басшылары 800 беттен тұратын тиісті құжаттарға мамырдың соңына таман қол қоятын болып тарасқан еді.

ЭКОНОМИКАЛЫҚ ОДАҚ ҚҰРУДЫҢ  ЖАУАПТЫ СӘТІ ЖАҚЫН

Еуразиялық экономикалық одақ жөнінде, оның атқаратын қызметі, болашағы хақында Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың ұсынған идеясы бүгінде әлемдік қауымдастықтың назарын ерекше аударып отырғандығын айту ләзім. Елбасының айтуынша, ЕЭО – «ортақ нарық» деген ұғымды білдіреді. Мұны Елбасының сөзімен түсіндіретін болсақ: «ЕЭО – тең құқықтық, өзара тиімділік және өзіне мүше барлық қатысушылардың мүдделерін есепке алу қағидаттарымен жұмыс жасайтын ХХІ ғасырдағы тұғырлы түрдегі жаңа бірлестік» болып шығады. Сарапшылардың пікірінше: 2030 жылға дейін бұл ықпалдастық 3 елге жалпы ішкі өнімнің 25 пайыздық өнімін береді екен.

Жоғарыда айтқанымыздай, Нұрсұлтан Назарбаев бұл идеяны әлемдік қауымдастыққа 1994 жылы ұсынған болатын. Осылайша уақыттың өзі еуразиялық одақ идеясының өміршеңдігі мен қажеттілігін дәлелдеп берді. Мемлекет басшысының бастамасы теориялық қағида болып қоймай, толық жүзеге асу үстінде. Мәскеуде өткен тарихи дәріс куәгерлерінің бірі, сол тұста еліміздің Ресейдегі елшісі қызметін атқарған, қазіргі ЕуразЭК бас хатшысы Тайыр Мансұров өз әңгімесінде: «1994 жылғы 29 наурызда өткен тарихи кездесудің куәгері бола отырып, батыл интеграциялық жобаға Ресейдің атақты ғалымдарының таң қалғанын көрдім. Алайда, бұл бұрынғы посткеңестік аумақта дезинтеграция үдерісі жүріп, тіпті кейбір жерлерден әскери қимылдар орын алып жатқан жағдайда болашаққа арналған көзқарас болатын. ҚР Президенті үшін еуразиялық интеграция идеясын жүзеге асыру өмірлік мәні бар мәселеге айналды, Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 1996 жылы тұңғыш рет «Еуразиялық ықпалдастық» термині қолданыста пайда болды. Ал, 2000 жылғы қазанда 5 мемлекет басшыларымен бірігіп, Еуразиялық экономикалық қоғамдастық Халықаралық ұйымын құруы еуразиялық интеграция үшін маңызды кезең болды. Соның шеңберінде 2010 жылдан Кедендік одақ жұмыс істеп, ал, 2012 жылдан біртұтас экономикалық кеңістік қалыптаса бастады. Ендігі интеграциялық мақсат – Еуразиялық экономикалық одақты құру. 20 жыл қазіргі еуразиялық интеграция жолындағы қиын, бірақ табысты кезеңдер болды. Бұл ҚР Президентінің зор жеңісі мен табысы!» деген шын көңілдегі сөзін айтты.
Еуразиялық одақ – бүгінгі күн мен болашақтың күрделі сынақтарымен өлшенетін мегажоба екендігін Елбасы да өз сөзінде талай айтқан. Бұл жоба қалыптасуы тарихтағы ең күшті жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыстар ықпалымен басталған жаңа әлемдік архитектураның органикалық бөлшегі болудың барлық мүмкіндіктеріне ие. Осыған орай Қазақстан Президенті еуразиялық интеграцияға қатысушылардың барлығында іс-қи-мылдың анық әрі нақты стратегиясы болуы қажеттігін қалайды. Бұл жөнінде ол өзінің 5 тұжырымдамасын алға тартады.
1. Еуразиялық одақ әуел бастан бәсекеге қабілетті жаһандық экономикалық бірлестік ретінде құрылуы тиіс. Әлем жаңа технологиялық төңкеріс табалдырығында тұр. Бүгінде Қазақстан үдемелі индустриялық-инновациялық даму жолын бетке алды. Біз болашақ ұлттық инновациялық экономиканың негізі ретінде заманауи өндірістік күштердің жаңа құрылымын құрудамыз. Мұндай міндеттер Ресейдің, ТМД-ның өзге де елдерінің алдында тұр. Сондықтан біздің Біртұтас экономикалық кеңістігіміз инновациялар мен қуатты технологиялық серпінділіктің аумағы болуының маңызы зор. Бұл үшін біздің елдерімізді дамытудың модернизациялық және инновациялық ортақ алгоритмін түзу қажет. Бұл үшін 10-15 жылдық перспективаға есептелген Еуразиялық инновациялық-технологиялық кооперацияның бірлескен бағдарламасын жедел жасап қабылдауды ұсынамын. Бұл тұрғыда сонау 1970 жылы-ақ аса ірі «AIRBUS» халықаралық авиа­жасау консорциумын құрған Франция, Германия және Ұлыбританияның үлгісі айшықты болып табылады.
Дания мен Швеция Сканеде бірлескен инновациялық орталық – «медиконовалық аңғар» құрды. Бүгінде бұл – лабораториялар, коммерциялық құрылымдар, өндірістік кәсіпорындар шоғырланған Еуропадағы аса қуатты клас­тер. Мұнда құрамына 300 компания, 14 университет, 26 медициналық клиника кіретін 7 ғылыми парк жұмыс істейді. Мұндай жолмен жаңа технологиялар жасаудың бірлескен жекелеген аспектілері бойынша екі жақты келісімдер түзейтін халықаралық инновациялық орталықтар құруды ынталандыратын бірқатар елдер жүріп келеді.
2. Еуразиялық одақ дамудың еуроатлантикалық және азиялық ареалдарын қосатын мықты буын ретінде қалыптасуы тиіс. Экономикалық тұрғыда біз Еуроодақтың, Шығыс, Оңтүстік-Шығыс және Оңтүстік Азияның ырғақты экономикаларын байланыстыратын көпір бола аламыз. Бүгінде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі жобасы жүзеге асырылуда. Уақыт өте келе осы маршрут бойына Еуропа және Қытай рыноктарына тауарлар жеткізу мерзімін 3,5 еседен астамға қысқартуды қамтамасыз ететін заманауи көліктік-логистикалық жүйе түзілетін болады. Трансеуразиялық жүрдек темір жол желісін құрудың болашағы да зор көрінетіні сөзсіз. Бізге Біртұтас экономикалық кеңістіктің Еуропалық Одақпен, Қытай Халық Республикасымен, Жапониямен, Үндістанмен арадағы ынтымақтастығын кеңейту өзара тиімді.
3. Еуразиялық одақ жаңа жаһандық валюталық-қаржылық жүйенің бөлшегі болатын бақуатты өңірлік қаржы бірлестігі ретінде қалыптасуы тиіс. Еуроодақ тәжірибесі көрсетіп отырғанындай, ортақ төлеу жүйесін, содан кейін ортақ валюта құру – интеграцияның заңды кезеңі. Қазіргі жағдайда бұл үдеріс сондай-ақ әлемдік дағдарыс салдары үрдістерін есепке алуы тиіс. Қазір ЕО мен еуроаймақ қаншалықты сыналса да, олар өздерінің тіршілікке қабілеттілігі мен дағдарыстарға беріктігін көрсетіп отыр. Біз ЕО-ның ауыр халде қалған елдерге қандай қуатты қолдау жасап отырғанын көріп отырмыз. Біздің басты мақсатымыз – көршілерімізге одақтың іс жүзіндегі маңызы мен тіршілікке қабілеттілігіне сендіру. Сонда санымыз үш мемлекеттен де айтарлықтай арта түсетін болады.
4. Еуразиялық интеграцияның геоэкономикалық, ал болашақта геосаяси жағынан буыны бекуі тек эволюциялық жолмен және ерікті түрде жүруі тиіс. Оған жасанды жеделдетудің ешқандай пішіні мен жекелеген елдерді қамшылау жат болуы шарт. Біртұтас еуропалық рынок 40 жылға жуық уақыт құрылғанын ұмытпайық. Бүгінде еуразиялық интеграция тұғырнамасы айтарлықтай кең. Оның құрамына пішіні, мақсаты және міндеті түрлі болып келетін мемлекетаралық бірлестіктер – ТМД, ЕурАзЭҚ, ҰҚШҰ, Кеден одағы – Қазақстан, Беларусь және Ресей мен басқалардың БЭК-і кіреді. Басқа құрылымдардың пайда болу ықтималдығы да зор. Мен, мәселен, Орталықазиялық одақ құрудың жақтасы болып қала беремін. Одан, бірінші кезекте, проблемаларды бірлесіп шешу мен өңірдегі барлық мемлекеттердің әлеуметтік-экономикалық дамуы теңелісінің үлкен мүмкіндіктерін көремін. Бұл Орталық Азия елдеріндегі барлық азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға септігін тигізіп, өңірдегі күрделі проблемаларды шешуге көмектесер еді. Түрлі өңірлік ұйымдарға қатысу әр мемлекетке интеграцияның аса тиімді жолын таңдауға жәрдемдеседі.
5. Еуразиялық одақ құру тек жұртшылықтың кең қолдауы негізінде ғана мүмкін. Қазірде біздің елдерімізде өзіміздің «еуразо-оптимистер» мен «еуразо-скептиктер» бар екені заңдылық болып табылады. Олардың арасындағы пікірталастар тек қана интеграциялық үдерістердің кемшіліктерін көруге және оларды дәйек­тілікпен аластауға жәрдемдесетіні анық. Мен жақын болашақта олардың дебаттары Еуразиялық Ассамблея – біздің елдеріміз парламентарийлерін біріктіретін ұлтүстілік құрылым мінберінен жүреді ғой деп ойлаймын. Сонымен бір мезгілде, еуразиялық интеграцияның халықтық вертикалін нығайту маңызды. Бұл жерде әңгіме еуразиялық қоғамдық бірлестіктердің санын арттыру туралы болып отыр. Мәселен, ЕурАзЭҚ Іскерлік кеңесінің арқауында Өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлердің еуразиялық конгресін құруға болады.
Кеден одағы елдерінің үштігі пішінінде Еуразиялық сауда-өндірістік палатасын құру орынды. Олардың офистері Астанада орналаса алар еді. «Еуразия-24» тәуліктік жаңалықтар арнасын құру жөніндегі жұмыстарды бастау қажет. Бұл біздің елдеріміздің азаматтарын интеграцияның басымдықтары мен барысы туралы объективті және толық ақпараттандыру тұрғысынан маңызды.
ХХІ ғасырдың екінші онжылдығының басында еуразиялық интеграция идеясы Біртұтас экономикалық кеңістіктің нақты келбетін иеленіп келеді. Ол біздің елдеріміз бен халықтарымызды өркендеу мен игілікке бастайтын сенімді жол ретінде өзінің тарихи болашағын дәлелдей алды. Шешуші саяси шешімдер қабылданды. Экономикалық қуатты, тұрақты және барлығына тиімді Еуразиялық одақ құру үшін бірқатар ауқымды міндеттерді шешу керек. Біздің ортақ стратегиялық мақсатымыз, міне, осында! 
Елбасы айтқандай, алдағы мамырдың 29-ы біздің еліміз үшін де тарихи маңызы зор оқиғаға айналмақ. Бұл күні Еуразиялық экономикалық одақтың түйінді мәселелері оңтайлы шешіліп, бақандай жиырма жыл күткен, Елбасы өмірге әкелген өміршең идеяны қуат­тайтын тарихи құжаттарға үш елдің – Қазақстан, Ресей және Беларусь Президенттері бірауыздан  қол қойып, мөр басатын болады. 
Бұл әрине, еуразиялық интеграцияға дем берген, өміршең идеяны дүниеге әкелген Елбасының үлкен жеңісі екендігі даусыз.

Ибрагим БЕКМАХАНҰЛЫ

 

1506 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы