- Білім & Ғылым
- 19 Мамыр, 2014
ҚазҰТУ жастары нашақорлыққа қарсы
Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-да «Бізбен бірге билеп, нашақорлыққа «ЖОҚ» де!» атты жастар акциясы өтті.
Денсаулық – адамның басты байлығы. Еліміздің болашағы, тірегіне айналар жалынды жастардың денсаулығы назардан тыс қалған емес. Аталмыш шара жастар мәдениеті, соның ішінде салауатты өмір салтын насихаттау, нашақорлықтың алдын алу, жастарды зиянды әдеттерден бойын аулақ ұстауға шақыру мақсатында ұйымдастырылды.
Шара басында сөз алған университеттің Тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры Гүлнәр Сәрсенбекова бұл акцияның жастар ұйымдарының бастамасымен алғаш рет өткізіліп отырғанын жеткізді. Сондай-ақ, проректор Елбасы Жолдауындағы маңызды міндеттерге тоқталып, жастарды жігерлендіріп, оларды би билеу арқылы сымбатты болуға, салауатты өмір салтын сақтауға, зиянды әдеттерден аулақ болуға шақырды.
Нашақорлыққа қарсы жастар акциясында университетіміздің Жоғарғы технологиялар және тұрақты даму институты, Ә.Бүркітбаев атындағы Өнеркәсіптік инженерия, Т.Бәсенов атындағы Сәулет және құрылыс, Ө.Байқоңыров атындағы Тау-кен-металлургия, Қ.Тұрысов атындағы Геология және мұнай-газ, Ақпараттық және телекоммуникациялық технологиялар, Экономика және бизнес институттары мен №1, 2, 3, 4, 5 жатақхана студенттері қатысты. Олар әр түрлі жанрда би билеу арқылы нашақорлыққа, басқа да зиянды әдеттерге қарсылықтарын білдіріп, көпшілікті қатерлі індеттерден бойын аулақ ұстауға шақырды. Жастар акциясы университеттің «Жігіттер» квартеті орындауындағы «Кең дала» әнімен тәмамдалды.
Айта кететін жәйт, Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ 2 жыл қатарынан Алматы қаласы ЖОО арасында салауатты өмір салтын сақтаудан көш бастап келеді. Бұл – университеттің абыройы болса, бір жағынан ҚазҰТУ студент-жастарының белсенділігін, ұйымшылдығын көрсетеді. Тәуелсіз ел қашанда дарынды, талантты жастарымен көрікті. Еліміздің болашағына бей-жай қарамайтын, дені сау, жігерлі жастары көбейсін!
Эльмира ОРАЛБАЕВА
1473 рет
көрсетілді0
пікір