• Білім & Ғылым
  • 23 Мамыр, 2014

100 томдық «Бабалар аманаты» ешбір елде жоқ құнды дүние

Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында, қазақ фольклорының 100 томдық «Бабалар сөзі» жинағына орай, ғылыми-танымдық семинар болып өтті. ҚазҰТУдың ғылыми кітапхана қызметкерлері ұйымдастырған бұл шараға университеттің Тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры Г.Ә. Сәрсенбекова,  Қазақ тілі кафедрасының аға оқытушысы, жазушы А.Ә.Өмірбеков, ҚР ҰҒА М.Әуезов атындағы мәдениет және өнер институтының ғылыми қызметкері С.Қосанов,  Қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі Г.Т Тұрсынова., Ғылыми кітапхана директоры Қ.Б.Құсайнова т.б. университеттің оқытушылары мен қызметкерлері қатысты.

 

Аталмыш шарада сөз алған проректор Гүлнәр Әлібекқызы «Өркениетті 30 елдің қатарында болуды мақсат етіп қойған халқымыздың кең дүниетанымы, елдік пен бірлікке негізделген салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, дана философиясы, этика, эстетикасы, білімі мен ғылымы, тәрбиесі мен тарихы–мәдениетіміз бен өркениетіміздің бастауы. Осы жиынға арқау болып отырған да руханиятымыздың темірқазығы–қазақ фольклорының топтамасы –«Бабалар сөзінің» 100 томдығының жарық көруі. ҚР Президентінің бастамасымен «Мәдени мұра» аясында жүзеге асып отырған құнды дүние халқымыздың бүгіні мен  болашағына жасалып отырған зор қадамдардың бірі», – деді  өз сөзінде.

 

«Тарихыңды сараламай, өткенге көз жүгіртпей, бүгінің мен ертеңіңді болжай алмайсың» деген халық даналығы бар. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында орындалған 100 томнан тұратын «Бабалар сөзі» фольклоры топтамасының өмірге келгеніне Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың өзі зор ризашылығын білдірген болатын. Бұл еңбектің өмірге келуіне  М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, ірі фольклортанушы, академик Сейіт Қасқабасов бастаған фольклоршылар, әдебиетші ғалымдар, институт мамандары, сондай-ақ белгілі баспагерлер қатысты.

 

Осындай зор қомақты 100 томдық «Бабабалар сөзімен» университет кітапханасының қорының  толыға түсуі–оқу орны үшін үлкен қуаныш. Фольклор барлық елде, ұлтта бар. Қай ел болмасын оны ұрпақтан ұрпаққа жалғастырып, болашаққа  аманаттайтыны ақиқат.  Дегенмен  дәл 100 том етіп, ұлттың рухани  байлығын жүйелеп, ғылыми шарт негізінде текстологиялық жұмыс жүргізіп, 100 том етіп, оқырманға ұсынған мемлекет тек Қазақ елі ғана.

 

Әрине, бұл «Бабалар сөзі» 100 томын оқырманға ұсыну жолында қаншама маңдай тер төгілгені шындық. М.Әуезов атындағы мәдениет және өнер институтының ғылыми қызметкері Қосанов Серікбай сөз арасында мұндай жұмыстың инемен құдық қазғандай оңай емес екеніне тоқталды. Күн-түн демей, ешкімнің қолы тимеген шаң басқан мұрағаттарды ақтарып, тың деректерді жинап, бір жүйеге түсіру оңай шаруа емес екені анық.  Мысалы, «Қыз Жібек» жырының осы уақытқа дейін біз білетін бір ғана нұсқасы болса, осы жанкешті үлкен еңбектің арқасында енді онға жуық нұсқасымен оқырман таныс бола алады. «Қозы Көрпеш–Баян сұлу» жыры да, көп жаңалықтар мен тың ізденістердің нәтижесінде, екі том болып жарыққа шығып отыр. "Бабалар сөзі" сериясының он бірінші томына "Мұхаммед пайғамбар", "Қисса анхазірет Расулдың Миғражға қонақ болғаны", "Қисса Мұхаммед Расул Алланың дәрул пәниден дәрул бақиға рихлат еткен мәселесі", "Бозторғай", "Қисса Қаһарман", "Қисса уақиға Кербала үшбу-дүр", "Қисса хазіреті Айшаның тұһматы", "Қисса Мансұр әл-Халаж" атты діни дастандардың енуі оқырман үшін үлкен байлықтың көзі. Осы жинақты дайындаған қызметкерлердің алдындағы мақсат та - ғылыми және оқушы қауымға қазақ фольклорын жүйелі-тұтас және дәл түпнегіз қалпында жеткізу болып табылады. «Бабалар көзі» атты 100 томдық кітаптар сериясы арқылы қазақ фольклорының эстетикалық жанрларын насихаттап, қазақ халқының толайым рухани мұрасы жинақталған кітаптар сериясының жарыққа шығуына ықпал ету. Мәңгілік елдің жолы–барлық буын өкілдерінің тәуелсіздігімізді баянды етіп, ұлы істерді жалғастыру болса, бұл 100 томдық «Бабалар аманатының»  бүгін мен болашаққа жол тартуы рухани жаңаруымыздың бір көрінісі болса керек. ҚазҰТУда болған бүгінгі басқосуда жағымды жаңалықтың бірі–«Бабалар сөзі» жинағы биылғы жаңа оқу жылында эдвайзерлер сағатына сабақ ретінде енгізілетін болды.

 

 

 

Жұлдыз БАҒАШАРОВА,

 

ҚазҰТУ дан

2773 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы