• Бизнес & Қоғам
  • 24 Қараша, 2011

ТӘУЕЛСІЗДІК ТУРАЛЫ ҒЫЛЫМИ МӘНІ ЗОР ЕҢБЕК

Тәуелсіздік жайында философиялық талдаулар арқылы сараптама жасап, ғылыми анықтама берген аса бір бағалы еңбек жарық көрді. Ол – академик Досмұхамед Кішібековтің «Философия независимости» («Қарасай» баспасы, Алматы, 2011 жыл) деген ғылыми танымдық орыс тілінде жазылған кітабы.

Тәуелсіздік! Қай кезеңде, қандай қоғамда болсын, бұл сөздің бағасы мен қадірі аса жоғары болған, тәуелсіздікті аңсаған әрбір жеке адам, тұлға, немесе тұтастай бір ел, мемлекет тәуелсіздікке ие болуға құлшынған. Бұл – табиғи нәрсе. Өйткені тәуелсіздік болмаса, даму да жоқ, шығармашылық та жоқ. Қай істе де солай. Осы төңіректе терең толғанысқа бара отырып, автор тәуелсіздік философиясының категориясы қақында дұрыс айтылмаған пікірлермен келіспейтінін де білдіреді. Мәселен, кітапта келтірілген фактілерге жүгінсек, аты белгілі бір профессор республикалық газеттердің бірінде жарияланған «Тәуелсіздік және жаңару шарттары» деп аталатын мақаласында тәуелсіздікті, философия тілімен айтқанда, құбылыс деп танитындығын жазған. «Тәуелсіздік философиясының» авторы мұны қате пікір деп есептейді. Оның айтуынша, тәуелсіздік – бұл ешқандай да құбылыс емес, ол – тарих куә болғанындай, мыңдаған адамдардың өмірінің мәні, аңсаған арманы. Тәуелсіздік үшін адамдар бар өмірін арнайды, керек болса, жанын да қияды. Онда тәуелсіздікті құбылыс деп бағалау қалай болмақ? Құбылыс – ол танылмаған бір объекті, немесе Солтүстік жарқылы (Северное сияние) тб. болса, бір сәрі. Дұрыс емес, жаңсақ айтылған мұндай ойлар теориядан алшақ жатыр, - деп сақтандырады ол.

«Тәуелсіздік философиясы» кітабында тәуелсіздік философиясының категориясына кереғар пікір ретінде мынадай да фактілер келтірілген. Атап айтқанда, орыс тілді орталық бір басылымда жарияланған «Халық бірлігі және қарама-қарсылықтың күресі» деген мақалада «Халықтар бірлігінің діңгегі ұлттық идеология болып табылады, ал бұл ұлттық идеологияны Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздіктің алғашқы күнінен-ақ жасап, орнықтырған еді», - деген ойлар айтылған.

Ал, кітап авторының пікірінше, Президент ешқашан да «ұлттық идеология бар» деп айтпаған. Оның мәні де бар. Өйткені, Қазақстан – көпұлтты мемлекет, онда тұратын этностардың барлығына ортақ бір ғана идеология бар, ол – жалпыұлттық, мемлекеттік идеология. Қазақстан ұлты әлі қалыптаспағандықтан, адамдардың түр-түсі әртүрлі болғандығына, көзқарастардың әрқилылығына қарамастан, біз осы қағиданы басшылыққа алуға тиістіміз. Әрине, ұлттардың жақындасу процесі жүріп жатыр, келешекте Қазақстандағы этностардың топтасып, бірігуінің нәтижесінде жаңа бір|қауымдастыққа айналуы әбден мүмкін. Ал, әзірге ұлттық идеология емес, жалпы ұлттық, мемлекеттік идеология бар. Сондықтан, әр пікірге сақ болған жөн. Әңгіме тәуелсіздік философиясының категориясы қақында болғанда, оған әруақытта да диалектикалық тұрғыдан келген дұрыс, - деп қорытады ойын автор.

Бұл кітапта айтылған ойлардан мынадай қорытындыларға келуге болады. Тәуелсіздік философиясы проблеманы тұтас алып қарастырады. Ал, тәуелсіздік стратегиясы – прогреске жету жолындағы баста мақсат, бағдар болуға тиіс. Стратегия айқын болмаса, бағыттан айырылып қалуың мүмкін. Өйткені, тәуелсіздік – абсолютті емес. Өмірде кез келген тәуелсіздік тәуелділікпен өзара байланысты. Ең бастысы – тәуелділік тәуелсіздікті сақтап қалуға қызмет етуі тиіс. Айталық, тәуелсіздігін алған елдің алдына жаңа міндеттер қойылатыны белгілі. Ол – мемлекеттің тәуелсіздігін сақтап қалу, ұлттық экономиканы, мәдениетті дамыту, өз тіліңнің дәреже деңгейін көтеру, оны мемлекеттің ресми тілі ретінде орнықтыру, өзге этностардың арасында жұтылып кетпеуің үшін дәстүріңді, әдет-ғұрпыңды, менталитетіңді сақтау және тағы басқалар...... Бүгінде өзінің тәуелсіздігінің жиырмасыншы таңын қарсы алғалы отырған егеменді Қазақстан мемлекетінің де, оның халқының да ең биік мұраты осы болуға тиіс.

Жалпы Д. Кішібековтың «Философия независимости» деген бұл кітабы тәуелсіздік мәселесін әр қырынан қарастыруымен және оны жай ғана сүзгіден өткізбей, философиялық ойлау формасын қолдана отырып талдаулар жасауымен құнды. Сондықтан, бұл іргелі ғылыми еңбек заманауи қоғамдық ғылымдардың жаңалығы болды деуге негіз бар. Менің ойымша, «Қарасай» баспасы осындай ғылыми мәні үлкен, қоғам дамуының өзекті мәселесін сөз еткен кітапты жарыққа шығарып, игілікті іс жасады. Енді бұл кітапты басқа да тілдерге аударып, ең алдымен, оның ана тіліндегі нұсқасын дайындап, жарияласа деген тілек бар. Бұл ғылымға, мәдени мұрамызға қосылған лайықты үлес болып табылар еді.

Р. Әбсаттаров,

философия ғылымдарының

докторы, профессор

852 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы