• Қаржы
  • 11 Маусым, 2014

Тұңғыш банктер тарихы

Алғашқы банктер капитализм дамуының мануфактуралық сатысында дүниеге келіп, кредиттік қатынастардың кең ауқымда дамуына орай Италияда ХІV-ХV ғасырларда пайда болған делінеді. Бірақ соңғы кездегі деректер банктердің  әлдеқайда ертеде, феодализм тұсында төлем делдалдары ретінде туындағанын көрсетіп отыр.

«Банк» сөзі «стол» дегенді білдіретін италиянша «banco» деген сөзден шыққан. Банк-столдар тауар саудасы қызу жүретін алаңдарға орнатылатын болған. Сауда мемлекеттер, сондай-ақ қалалар, кейбір жеке тұлғалар шекіп шығаратын алуан түрлі монеталар арқылы жүргізілген.  Бұл жағдайларда айналымға түскен толып жатқан сөлкебайлардың тегін біліп, түсінетін, оларды бағалап, кеңес бере алатын мамандар қажет болған. Осы  мамандар-айырбасшылар базарларға өз столдарын апарып, сол жерде отыратын. Италия Х ғасырдан бастап әлемдік сауда орталығына айналды, оған түрлі елдердің тауарлары мен ақшасы ағылып жататын. Бұл орайда банкирлер сауда операцияларының бұлжымас қатысушыларына айналды. Делдал-айырбасшы-банкирлер өздерінің айырықша банк-столдарымен танымал болып, көне Грекияда (трапезиттер деп аталатын, «трапеза»-стол дегенді білдіреді), ежелгі Вавилонда және басқа елдерде кең тарап үлгірді. 
Алайда банктердің табиғатын валюталарды айырбастау операцияларымен барабар қарау банктердің пайда болу себебін жаңылыс түсіндіруге әкелуі мүмкін. Ақша әлемдік ақша функцияларын орындағанда ғана банк пайда болды, деген ұғым туындайды. Ақша ішкі нарықта ғана айналымда болған неғұрлым ерте кезеңдерде банктің өмірге келуіне күмән білдіріледі. Ғалымдардың пікірінше, біздің заманымызға дейінгі алтыншы ғасырдың өзінде ежелгі Вавилонда салымдар қабылданған және олар бойынша пайыз ақы төленген. Мұндай валюталық және кредиттік операциялар Грекияда біздің заманымызға дейінгі төртінші ғасырда жүзеге асырылған. Осы кезеңде өсімқорлық, жоғары пайызға кредит беру пайда болды, себебі қарыз ақшаның негізінде тараптардың жеке келісімдеріндегі кредит берушінің үстемдігі жататын. 
Храмдар, өсімқорлар, сауда үйлері мен сауда агенттері жүргізген осы ақша операцияларының барлығы банктердің пайда болуына негіз қалады. Банк ірі кредит кәсіпорыны саналады, сондықтан жоғарыда аталған кредиторлар әлі де банкке айналмаған болатын. Банк кредит ісінің даму дәрежесіне және, түптеп келгенде кредитор өз клиенттеріне қызмет көрсету жөнінде орындайтын операциялар жиынтығына тәуелді. Өсімқор өзі жүзеге асыратын кредит операциялары жүйеге айналғанда, яғни кредиторлар арасында бәсеке пайда болғанда өсімқор болудан қалады, мұнда өсімқор қарызға берген қаржысы үшін жоғары пайыз белгілей алмайды, онда қарыз алушы одан бас тартады. Кредит мәмілелерін жасаумен қатар кредитор өз клиенттерінің бұйрығымен есеп айырысу және басқа операцияларды орындай бастайды. Банк, сөйтіп, ақша шаруашылығы дамуының кредит, ақша және есеп айырысу операциялары біріге келіп, бір орталыққа шоғырланатын сатысы болып табылады. Мұндай мекемелер Италияның солтүстік қалаларында ХVІІ ғасырда пайда болды. 1619 жылы Венецияда қоғамдық серіктестік жиробанк деп аталды. Металл монеталармен және оларды алмастырған серіктестік қағаздарымен төлем жасау олардың басты операциялары болды. Европа банктердің пайда болуын білдіретін ақша операциялары құрылып жатқан мемлекеттердің экономикалық қызметіне тұрақты түрде  енген орталыққа айналды. 
ХVІІ ғасырдың 40-жылдарынан бастап Англияда банктер эмиссия операцияларын орындауға кіріседі және ХІХ ғасырдың басында оған елдің орталық эмиссиялық банкі мәртебесі беріледі. Оның банкноттары заңды түрдегі бірегей төлем құралына айналды. Германияда 1846 жылы жерлердің 33 эмиссиялық банктерін біріктірген орталық  банк ретінде Прусс банкі құрылды. Ресейде банк ісі мемлекеттік тұрғыда дамыды, жеке эмиссиялық банктер болған жоқ. ХІХ ғасырдың соңында ғана, 1894 жылы эмиссиялық банк ретінде Мемлекеттік банк құрылды. Қазақстанның егемен банк жүйесі ХХ ғасырдың 90-жылдарының басында пайда болды.  
  
Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессорының міндетін атқарушы

794 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы