• Бизнес & Қоғам
  • 24 Қараша, 2011

Елімізге асыл тұқымды малдың екінші партиясы жеткізілді Мақпал САҒЫНДЫҚ

«ҚазАгроҚаржы» АҚ қаржы лизингісінің арқасында шетелден сатылып алынған ет бағытындағы асыл тұқымды ірі қара малдарының кезекті партиясы елімізге әкелінді. Австралия жерінен әкелінген асыл тұқымды 217 бас бойдақ мал мен тайыншалар Алматы әуежайына жеткізіліп, Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты «Асканат Инжиниринг» ЖШС иелігіне жөнелтілді.

Қазақстанға жеткізілетін барлығы 439 мал басының алғашқы бөлігі осыдан бір апта бұрын әкелінген еді. Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданында орналасқан «Аксанат Инжиниринг» ЖШС - асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысады. Агроқұрылым өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығында мамандандырылады. Жалпы құны 300 млн теңгеден асатын «Ангус» және «Герефорд» тұқымдарының асыл тұқымды ІҚМ сатып алуға отандық лизингтік компаниялардың ауылдағы инвестициялық жобаларды іске асыруы шеңберінде «ҚазАгроҚаржы» АҚ қаржыландырған.

«Асыл тұқымды шаруашылықтар (репродукторлар) құру» операторы бүгінгі уақытта «ҚазАгроҚаржы» АҚ-на қарасты республикалық АӨК-гі 14 бағдарлы бағыттарының бірі болып табылады. Инвестициялық жобаларды іріктеп, қаржыландыруды компания Үкіметтің экономика мен қаржы жүйесін тұрақтандыру жөніндегі бірлескен іс-қимылдар жоспары шеңберінде жүргізеді. Соған сәйкес «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамына 2009 жылы 120 млрд теңге қаржы бөлінген болатын.

Жуырда ел тәуелсіздігінің 20-жылдығына арналған АӨК жұмыскерлерінің республикалық форумында Мемлекет басшысы асыл тұқымды ІҚМ санын өсіру жөніндегі мәселелерді тағы бір мәрте қозғаған болатын. Жиында Елбасы: «Мен осы форумға қатысушыларға мына жайды айтқым келеді. Қазір елімізге ұшақпен шетелден қымбат малдар әкелінуде, алдағы уақыттарда да әкелінетін болады, өйткені басқа амал жоқ. Мал шаруашылығында осындай серпіліс жасамасақ, онда 10-20 жылдан кейін де ештене шешілмейтін болады», - деп ескерткен болатын.

«ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы қазіргі таңда «ІҚМ етінің экспорттық әлеуетін дамыту» жобасын іске асыру мақсатында 2011 жылы республика шаруашылықтарына шамамен 7 000 бас ірі қара мал әкелуді жоспарлап отыр. Жалпы бүгінгі таңда компания 26 жобаны мақұлдап, осыған сәйкес 9403 бас ірі қара мал сатып алуды жоспарлап отыр.

Оңтүстік Қазақстан облысында шетелден мал тасымалдау жұмысын «Аксанат Инжиниринг» ЖШС-нан басқа да компаниялар жүзеге асырады. Осы аптада оңтүстік астанамыздың әуежайына Төле би ауданындағы «Алтын Дән» компаниясына құны 132 млн теңгеге АҚШ-тан «Ангус» тұқымының 180 бас асыл тұқымды ІҚМ әкелінеді деп күтілуде. Аталмыш жобаны 132 млн теңгеге «ҚазАгроҚаржы» АҚ қаржыландыратын болады.

Асыл тұқымды мал сатып алуға еліміздің әр өңірінен, мәселен, Ақмола облысы – 1617 басқа, Алматы облысы – 2029 басқа, Павлодар облысы – 1585 басқа, Қостанай облысы – 1560 басқа өтініш келіп түскен.

Үкімет Қаулысымен 1999 жылы құрылған «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамының басты мақсаты – ауылшаруашылық тауар өндірушілерге қаржы-қаражаттарын, сондай-ақ, лизинг негізінде ауылшаруашылығы техникалары мен технологиялық жабдықтарын алуға қолайлы жағдай жасай отырып, республиканың аграрлық секторын дамытуға қолдау жасау болмақ.

«ҚазАгроҚаржы» АҚ жалпылай алғанда, еліміздің ауылшаруашылығында 14 инвестициялық бағыттың операторы болып табылады. Негізгі жұмысы - республикада ірі-тауарлы сүт фермаларының, ет бағытындағы құс фабрикаларының, жылыжай шаруашылықтарының, көкөніс қоймаларының, ауылшаруашылығы техникаларын құрастыру өндірістерінің, мал бордақылау алаңдарының, етті қайта өңдеу кешендерінің, асыл тұқымды шаруашылықтардың, сонымен қатар, отандық астық экспортының және оны терең қайта өңдеу инфрақұрылымын дамыту мен астық қоймаларын тұрғызу және модернизациялау, тамшылатып суару технологиясын енгізу, биязы жүн өндіру мен қайта өңдеуді дамыту жөнінде болып отыр. Болашақта әлеуметтік маңызға ие бұл бағыттарды іске асыруға «ҚазАгроҚаржы» шамамен 94 млрд теңге жұмсамақшы.

630 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы