• Бизнес & Қоғам
  • 01 Қыркүйек, 2011

Аймақ тынысы Бірегей машина бөлшектерін шығарады

Еліміздің ауыр өнеркәсіп орталығы – Павлодар облысында республикалық индустрияландыру картасына енгізіліп, жүзеге асырылған ауқымды жобалар аз емес. Сонымен қатар өндірісті аймақта мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының аясында машина жасау саласында жұмыс істейтін кәсіпорындарды заман талабына сай жаңғыртуға бағытталған жаңашыл жобалардың да тұсауы кесілуде.

Осындай жаңартылған кәсіпорынның бірі – теміржол көліктеріне қажет бірегей үлгідегі машина бөлшектерін шығаратын «Format Mach Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Компанияның бірінші вице-президенті А. Қанахиннің мәлімдеуінше, жаңартылғаннан кейін өндіріс көлемі еселене түскен. Нәтижесінде айына 150 млн теңгенің үлкен сұранысқа ие өнімдерін шығаруға мол мүмкіндік туып отыр. 2005 жылы құрылған кезде кәсіпорында небары 48 адам жұмыс істесе, қазіргі күні олардың саны 250 маманға жеткен.

Аталмыш өндірісті жаңарту барысында озық үлгідегі шетелдік құрал-жабдықтар сатып алынды. Олардың қатарында түрлі өлшемдегі металды кесуге, шыңдауға, жобалық жұмыстарды автоматты түрде жүргізуге мүмкіндік беретін қытайлық және тайваньдық технологиялар негізінде жұмыс істейтіндері бар. Мәселен, осыған дейін қандай да бір жаңа өнім шығаруды қолға алардан бұрын оның ағаш үлгісін мамандар қолдан ойып жасап әуреге түсетін. Қазірде осы жұмыстың бәрін чех елінен жеткізілген автоматты құрал бір өзі атқарып береді. Тек қажет дүниенің сызбасын компьютерге енгізсеңіз болғаны. Ары қарай сырттан бақылап тұра бересіз. Жобаның жүзеге асуы мұндағы өнімдердің өзіндік құнын 5 пайызға төмендетіп, есесіне еңбек өнімділігін 25 пайызға өсіруге мүмкіндік береді.

Біздің зауыттың өнімдері теміржол, мұнай-газ салаларына пайдаланылады. Арасында еліміз бойынша теңдесі жоқ өндірістер де бар. Мәселен, тепловозға салынатын поршеньді бізден басқа еш жерде шығармайды. Ресей мен Украинадан кейін оны біздің кәсіпорыннан ғана таба аласыз, – дейді өз сөзінде А. Қанахин.

Бастапқыда аталмыш кәсіпорында жылына небары 80 млн теңгенің өнімдері шығарылған болса, қазір айына 150 млн теңгенің тауары дайындалады. Өндірістің бұлайша күрт өсуін кәсіпорын басшылығы мемлекеттік қолдаудың нәтижесі деп біледі.

Ұлттық компанияларда қазақстандық өнімдердің үлесін арттыру мақсатында жүргізілген жұмыстар өз жемісін беруде. «Қазақмыс» корпорациясының өсімсіз несиесі өндірісті модернизациялауға, ірі көлемдегі металл жабдықтарын шығаруға жол ашты. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы да дер кезінде көмекке келді. Сондай-ақ жобамыз аймақтың индустрияландыру картасына енгізілген, – деді сөзін жалғастырған А. Қанахин.

«Format Mach Company» ЖШС-нің өндірісті модернизациялау жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады. Өндіріс көлемін одан әрі ұлғайтуды көздейтін кәсіпорын елімізде қабылданған «Өнімділік – 2020» бағдарламасынан да үмітті. Теміржол саласында сұранысқа ие жаңа өнімдер шығарылатын болады. Ол үшін қосымша екі цех жабдықталады. Жоба ойдағыдай іске асырылған уақытта, мұндағы мамандар саны 750-ге жетеді. Бұл елімізде қолға алынған индустрияландыру саясатының бизнестің әлеуетін арттыра отырып, жұмыс орындарын көбейтуді көздеген мақсатына жетуге біртабан жақындата түседі.

Еркін ЕРТІСБАЕВ,

Павлодар облысы

574 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы