• Қаржы
  • 24 Қараша, 2011

Жаңа индустрияландыру-2020 Ел дамуына екпін берген Екібастұз

Міне, екінші жыл бойына республикамызда жүзеге асырылып жатқан үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламаның түпкі мақсаты бәрімізге айқын. Ол жедел түрде экономикамызды әртараптандыру. Қазіргідей дағдарыс заманында тек шикізатқа ғана байланып отыруға болмайды. Келешегін ойлайтын ел өңдеу саласын өрге бастыруға жете мән беруге тиіс. Бұл туралы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осы жылдың үшінші тамызында Павлодар облысына жасаған сапарында егжей-тегжейлі айтқан еді. Осы маңызды міндетті атқаруды ежелден өндірісті өңір болып есептелетін Павлодар облысы елеулі үлеске ие. Тек биылғы жылдың жартысында 42 жаңа жобаның тұсауы кесілді. Жыл аяғына дейін тағы осынша көрсеткішті игеру көзделген. Шыны керек, индустрияландыру саясатын іске асыруда Екібастұз қаласының алып отырған орны бөлек. Екібастұз кешегі кеңес өкіметі тұсында отын-энергетикалық кешен ретінде бүкіл одақтық мәнге ие болған күрделі құрылыстар мекені болғаны мәлім. Бүгінде тәуелсіз Қазақстанның екінші экономикасын, бәсекеге қабілетті экономикасын қалыптастыруға сүбелі үлес қосып жатқна да осы энергетиктер шаһары. Екібастұз аймағын осылай ерекше әспеттегенімізге өзге өңірлер ренжи қоймас деген үміттеміз. Себебі, төменде біз осы жерде қолға алынған жаңашыл жобалар хақында аз-кем әңгіме өрбітіп, көңілдегі іркілген күмәнді толық сейілтпек ойдамыз.

Батырдың күшін елестеткен кеніш

Екібастұз десе, бірден көз алдына тау-тау көмір кені келеді. Олай болмағанда ше? Бұл жерде тас көмір ашық әдіспен өндіріледі. Қарағанды бассейні тәрізді жер астын ұңғылап, шахтада жұмыс істемейді. Жалпы, Екібастұз жерінде көмір қазатын кеніштер жеткілікті. «Богатырь» кеніші солардың ең алыбы. Тереңдігі 260 метрге жетеді. Әлемнің рекордттар кітабына енген ең ірі кеніш те осы - «Богатырь». Бұл атаудың түп-тамыры түркінің «Баһадүр» деген сөзімен етене екенін айтсақ та болады.

Тарихқа сүйенсек, аталмыш кеніш осыдан қырық жыл бұрын пайдаланыла бастаған. Ел басына алмағайып заман туғанда Екібастұздың атақты кеніші американдық инвестордың қолына көшкен. Содан Үкіметтің біртіндеп елдің алып өндірістерін қолына алған сәтте ғана «Богатырь» кеніші «Аксес Индастриз Инкорпорейтед» компаниясынан сатып алынды. Бүгінде «Богатыр Көмір» кәсіпорны - ресейлік «РусАл» компаниясы мен қазақстандық «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына теңдей тиесілі. 1999 жылы кәсіпорын құрамына «Солтүстік» көмір кеніші де қосылды. Солтүстік кешеннің де өндірісі қуатты. Мұнда шетелдік «Liebherr» маркалы екі экскаватор өткір шөміштерімен миллион жылдар бойы өсімдік шөгінділерінен құралған жынысты қазып жатса, қопарылған жер беті мен кеніш түбінен алынған пайдалы қазбаны американдық «Caterpillar» ауыр жүк көліктері тасымалдауда. Олардан басқа, бульдозерлер мен автогрейдерлер, өзге де жаңа техникаларға сервистік жөндеу қызметін көрсететін құрал-жабдықтар кешені қолданылады. Айтпақшы, осыдан біраз уақыт бұрын «Богатырь» кенішінің түбінде жаңадан сатып алынған «БелАЗ» ауыр жүк таситын автокөліктерге сапалы жөндеу қызметін көрсететін «Пит-Cтоп» іске қосылды. Онда адамның бойынан асатын ірі дөңгелектерді ауыстыру, май құю сияқты қажетті қызметтер көрсетіледі.

Бүгінде үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламаның көмегімен «Богатыр» кенішінде теміржол көлігі тасымалын толықтай дизель-электр жүйесіне көшірілді. Бұл жобаны іске асыра отырып, кәсіпорын көмір өндірісі технологиясын жетілдірді. Қазып алынған көмірді тиімді түрде кеніштен жөнелтудің жолдары табылды. Ал кеніштің 9,10-ыншы учаскелерінде көмірді қазу мен көмірді орташаландыру бойынша автомобиль және теміржол технологиясын енгізудің нәтижесінде өндіріс көлемі ұлғайды. Әрине, жаңашыл жобалардың барлығына инвестиция құю шарт. 2010 жылы кәсіпорын жалпы мөлшері 5366.0 млн. теңге инвестиция салған. Бұл салымдар болашақта көмір өндірісінің тиімділігін арттыруға септігін тигізетіні күмәнсіз.

Бүгінде «Богатырь Көмір» ЖШС өз тұтынушыларына жыл сайын 42 млн. тонна көмір жібереді. Соның 10 млн. тоннасы «Солтүстік» кенішінен алынса, 32 млн. тонна көмір алып «Богатырь» кенішінен қазылады.

Бүгінде кәсіпорын басшылығы кәсіпорынның қуаттылығын сақтай отырып, энергетикалық және тұрмыстық мақсаттағы отынмен тұрақты қамтамасыз етуді көздейді. Сондай-ақ алдағы алты жылда «Богатырь» кенішінің үшінші және төртінші іске қосу кешендерінде өндірісті және өнімді орташаландыруды автомобильді-конвейерлі технологияға көшіріп, қазылған орында қалдықтар үюді жоспарлап отыр. Осының нәтижесінде «Богатырь» кенішінде ғана жылына 40 млн. тонна көмір өндіруге болады. Тек көмірге деген сұраныс кемімесе болғаны. Бүгінде Екібастұздың қос электр станциясынан бөлек кеніштің өнімі республикамыздың және көршілес Ресейдің ондаған станциясына жөнелтіледі. Айтпақшы, басшылық тек көмір өндірісін ұлғайтуды ғана емес, сонымен бірге, экологияға деген залалды да азайтуды қос көздеп келеді. Бұл дегеніміз көмір кенішін терең игерген сайын одан ұшатын күл-тозаң мен жыныс қалдықтары өңделіп, тұрғындарға зиянын кемітетін болады. Экологияға әсері аз, тиімділігі жоғары заманауи өндірістерді құру – үдемелі бағдарламаның басты мақсаты екені даусыз.

Бұл бөлімде біз тек «Богатыр Көмір» ЖШС-нің жобаларын сөз еттік. Шын мәнінде, Екібастұз көмір алабын қазатын тағы бір кәсіпорын «Шығыс» кенішінің де енгізіп жатқан игіліктері айтуға тұрарлық. Қысқаша айтып өтсек, «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ құрамындағы аталмыш кеніште былтыр үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама шеңберінде жер бетін аршудың циклдық-ағымдық технологиясы енгізілді. Бұл қыруар қаржы жұмсалған жобаның басты мақсаты екеу. Біріншісі, өндіріс көрсеткішін еселеу болса, екіншісі – көмірді тиеу барысында табиғатқа келтірілетін залалдың үлесін азайту. Шыны керек, мүндай екі жаққа да тиімді жобаларды енгізуден кәсіпорын да, мемлекет те, онда тұратын халық та ұтатыны сөзсіз. Бұрын жылына төрт миллион тонна қоңыр көмір (лигнит) өндіріп келген «Майкөбен-Вест» компаниясының да биыл 6 млн. тоннаны меже етіп, соған қол жеткізіп қалғанын да айта кетелік. Бұл компания да мемлекеттік бағдарлама шеңберінде кеніштің тасымал технологиясын жаңартып, оң нәтижелерге иек артуда.

Бір сөзбен айтқанда, Екібастұз аймағының көмір кеніштері бүгінгі заман талабына сай жаңғыруды бастан кешуде. Бұл еліміздің энергетикалық қауіпсіздігінің басты шарттары екені бізге мәлім.

Электр станцияларының елеулі жобалары

Осы таяуда ғана Өзбекстан электр өндірушілерінің кесірлі әрекетінің салдарынан елдің оңтүстік өңірі электр қуатынсыз қалғаны бар. Бұл алғаш рет көрініс берген құбылыс емес. Мүндай келеңсіз жат бұған дейін де қайталанған. Бұл нені білдіреді? Елбасының «біз өзге елдерге энергетикалық жағынан тәуелді болмауымыз керек!» деген сөзінің ел үшін қандай маңызды екенін айғақтайды. Сол себепті де, Балқаш жылу-электр станциясын, Мойнақ гидро-электр станциясын жаңадан салумен қатар, қолда бар ГРЭС-терді модерниз бағдарламаның ациядан өткізу міндеті қойылып отыр. Бұл ретте үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламаның шарапаты тиюде.

Қайбір жылы Президентіміз «Екібастұз ГРЭС-1 станциясында» орнатылған сегіз энергоблоктың тек төртеуі ғана жұмыс істеп тұрғанын сынға алған еді. Бұл кезде станция қожайыны бұрынғы «Аксес Индастриз Инк» американдық компания емес-тін, елге белгілі «Қазақмыс» корпорациясының қолына көшкен болатын. Жаңа басшылыққа бірден электр қуаты өндірісін еселеу жүктелді.

Бүгінде «Болат Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1 станциясы» деген атпен мәлім өндіріс орнының алғашқы энергоблогы 1986 жылғы наурыз айында жобалық қуатын толық игерген. Оның қуаты 500 мегаватты құрады. Бүгінде қолда бар сегіз блокты бірдей іске қосса, төрт мың мегават электр қуатын өндіруге толық мүмкіндігіміз жетер еді. Оның арты оңтүстік өңірлердің мұқтаждығын өтеуге әкелетін. Бірақ әзірге инвестциялық бағдарлама қабылданып, тиісті әрекеттер қолға алынса да, бір кезде тоқтап қалған энергоблоктар қайта қалпына келтірілген жоқ. 2009 жылы станциядағы №8 энергоблокты жөндеу жұмыстары басталды. Оған жалпы сомасы 23,4 млрд. теңге жұмсау жоспарланған. Жоба екі жылға есептеліп, келесі жылдың аяғына дейін іске қосылады деп күтіледі. Қазір мамандар ескі құбырларды, қазандық пен турбина бөлімшелерінің негізгі және көмекші құрал-жабдықтарын қайта орнатуға кіріскен.

Айта кетелік, облыста ескі энергоблокты қайта қалпына келтіру тәжірибесін алғаш Ақсу электр станциясы іске асырды. Он бес жыл бұрын жарамсыз болып тоқтап қалған екінші энергоблокты «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» небары екі жылда оайдағыдай жұзеге асырған. Басшылықтың айтуына қарағанда, жұмыс істеп тұрған өзге энергоблоктарды зақымдамай, ескі энергоблокты жөндеу оңайға түспеген. Бірақ қажыр мен қайраттың арқасында, Украина, Ресей зауыттарына арнайы тапсырыспен жеткізілген турбиналық жабдықтар сәтті орнатылды.Жаңа технологияның тиімділігі сол, жаңартылған энергоблокта өндіріс бұрынғыдан едәуір арта түсткен. Бұйыртса, Екібастұздың бірінші станциясы да энергоблоктарды қайта қалпына келтіріп қана қоймай, өндіріс қуатын еселей түседі деген үміттеміз. Басшылықтың мәлімдемесіне қарағанда, сегізінші блоктан кейін станцияның қалған өндіріс блоктары кезегімен іске қосылады. 2020 жылға қарай барлық бөліктері іске қосылып, жобалық қуатын қайта игеретін болады.

Былтыр аталмыш станция 11,7 млрд киловат/сағат электр энергиясын өндірген. Оның тұтынушылары - Қазақстанның және Ресейдің алпауыт кәсіпорындары мен қарапайым тұрғындары.

Өндірісті ұлғайтумен қатар станция қазірде экологиялық талаптарға баса мән беруде. Мәселен, өткен жылы үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында жұмыс істейтін бесінші блокта заманауи электр сүзгісі орнатылды. Соның нәтижесінде ауаға шығарылатын зиянды қалдық (күл) көлемі бұрынғыдан жеті есеге дейін кеміп отыр. Сонда тазалауыш құрылғысы болмаған кездерде өндірістен төңіректің қандай зардап шегіп келгенін есептей беріңіз. Электр сүзгісін орнатуға, жалпы алғанда, екі миллиардтан астам теңге жұмсалды.

Жазда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен «Қуатты Қазақстанды бірге құрамыз!» атты жалпы ұлттық телекөпір барысында Екібастұз ГРЭС-2 станциясының үшінші энергоблогының құрылысы бастау алды. Бұл бастаманы еліміздің «Самұрық-Энерго» компаниясы мен ресейлік «РАО ЕЭС» компаниясы бірлесіп қолға алды.

Айта кетелік, ГРЭС-2 станциясының үшінші энергоблогын салу жөнінде әңгіме біраз уақыттан бері айтылып келді. Алайда, бұл жоба тек үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында іске аса бастады. Оған 2010 жылы бесінші шілдеде Астанада болған ҚР Президенті Н.Назарбаев пен РФ Президенті Д.Медведевтің кездесуі серпін берді. Сол сәтте Ресейдің «Внешэконом банкі» мен «Еуразия Даму банкі» аталмыш жобаны қаржыландыру жөнінде келісімге қол қойды. Несиенің жалпы құны 770 млн. АҚШ долларын құрады. Жоба аясында осы жылдың қаңтар айынан бастап құрылысқа қажетті жаңа электр желісінің құрылысы басталған екен. Жобаны өте жедел іске асыру мақсатында акционерлердің, қаржыландырушы банктердің, станция мен бас жобалаушы мекеме өкілдерінен жұмыс тобы құрылды. Үшінші энергоблоктың алдыңғы кезектегі жұмыстарын атқаратын консорциум құрамы да белглі болды. Оған Ресейдің Түмен, Челябі, Нижнеквартовск электр станцияларында жөндеу-қайта қалпына келтіру жұмыстарын атқарған, тәжірибелі компаниялар мен инжинирингтік құрылымдар енді. Башсылардың айтуынша, үшінші энергоблоктың құрылысы кезінде бір жарым мың маман жұмысқа тартылады. Олар негізінен станция орналасқан Солнечный кентінің тұрғындары болмақ. Жобаны іске асырғаннан кейін үш жүзден астам тұрақты жұмыс орны ашылады. Екібастұз ГРЭС-2 станциясын №3 энергоблокты орнату арқылы кеңейту және қайта құру жобасы Қазақстанның энергетикалық тұрғыда қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Қазақстанның өз ішінің ғана емес. көршілес тұтынушылардың да сұранысын да өтейтін болады.

Осылайша, Екібастұз жеріндегі қос ірі электр станциясында елеулі жобалар тәжірибеге енгізілетін болады. Тамыз айында Ақсу электр станциясының жаңартылған энергоблогын көзбен көрген Елбасы индустрияландыру аясында ірі жобалар электр қуаты жеткілікті болған жағдайда ғана іске асатынын айтқан еді.

Іргелі істер әр салада бар

Екібастұз жерінде тек энергетика кәсіпорындары жаңғыртуды бастан кешуде десек, жаңылысар едік. Мұнда теміржол саласына қажетті жобалар да қолға алынуда. Соның бірі емес, бірегейі – «Қазақстан вагон жасау компаниясы» жобасы.

Осыған дейін еліміздің теміржол саласы жүк тасушы вагондарға мұқтаждық танытып келеді. Соның салдарынан Екібастұздың көмір өндіруші кәсіпорындары тұтынушыларына дер кезінде өнім жібере алмай, қиналуда. Осы сұранысты ескере отырып, инвесторлар Екібатсұздың бұрынғы вагон жөндеу депосы болған «Таман» кәсіпорны негізінде жартылай вагон өндірісін құруға кіріскен. Жаңа жоба нәтижесінде серіктестіктің бұрынғы орналасқан аумағы қазір адам танымастай өзгеріп, жаңадан заманауи өндірістік кешендер тұрғызылды. Алып цехтар пайда болды. Бұған дейін тұңғыш вагондардың Ресей жерінде алты айлық сынақтан өткізілгені туралы айтқан болатынбыз. 2009 жыл бойы кәсіпорынды қайтадан техникалық жарақтау жобасы, құрастырылатын вагондар мен тіркемелердің консрукторлық құжаттарын әзірлеу жұмыстары жүргізілді. 2010 жылдың 20 шілдесінде жүк вагондарын құрастыратын бірінші кешен іске қосылды. Қазіргі уақытта қолданылатын жабдықтауыш материалдар мен қажетті бөлшектердің 25 пайызы отандық болса, енді екі жылдан кейін олардың үлесі 90 пайызға жеткізілмек. Жетпіс тоннаға дейін жүк көтеретін құралдардың қолданыс мерзімі жиырма жылдан асады. Былтыр зауыт «12-9846» модельді 114 вагон шығарып үлгерген. Биылғы жылдың шілде айынан бастап, зауыттың мүмкіндігі кеңейтіліп, ол толық қуатты меңгерді. Жылына 2,5 мың вагон құрастыратын болды. Жобаның жалпы құны 7,65 млрд. теңгені құрады. Айта кетерлігі, 6 мың жүк вагонын сатып алу жөнінде «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясы мен вагон жасау зауыты арасында меморандум бекітілген. Соның аясында биылғы жыл соңына дейін кәсіпорын аталмыш компанияға 615 құрал құрастырып береді. Келесі жылы 2500 вагон шығарса, одан арғы жылдары жылдық өндірісті 5000 вагонға дейін арттыру жоспарлану үстінде. Қазіргі бағамен мұндай бір вагонның өзіндік құны 14,2 миллион теңге тұрса, ресейдегісінің бағасы 15 миллион теңгеден асады.

Осылайша, қазақ жерінде тұңғыш рет жартылай вагондар жасауға қол жетті. Бұған дейін еліміздің теміржол саласындағы осы көлік түріне деген мұқтаждықты шетелдіктер өтеп келген болатын. Елбасының индустрияландыру саясатының нәтижесінде жаңа өндіріс сәтті іске қосылып, қазірде табысты жұмыс істеуде.

Жалпы айта берсек, үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында Екібастұз жерінде ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын жаңа кәсіпорындар да іске қосылуда. Мәселен, былтыр жазда «Энергия-Капитал-1» ЖШС-нің тұсауы кесілді. Бұл - нан-тоқаш комбинаты. Комбинаттың атауы ғана емес, қолданатын өндірістік технологиясы да су жаңа. Кәсіпорынға немістің және австрияның технологиялары енгізілді. Жобаға жалпы құны – 1 миллиард 842 мың теңге инвестиция тартылды. Оның 600 миллион теңгесін «Қазагроқаржы» акционерлік қоғамы несие түрінде бөлді. Комбинатта тәулігіне 30 тонна нан өнімдерін пісіруге болады. Бұл дегеніңіз - 24 мың бөлке нан мен 96 мың дана тоқаш. Олар жергілікті нарықта жоғары сұранысқа ие.

Қазан айының 25-26 күндері Астана қаласында өткен облыс күндері кезінде аймақ басшысы Бақытжан Сағынтаев былай деді:

- Үдемелі индустриялық-иннновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруға кірісерде біз облыстағы жағдайды сараптан өткізіп, қалалар мен аудандарда локомотивке айналатын жобаларды анықтап алдық. Біздің ең ірі және ең жаңа инновациялық жобаларымыз Елбасы Назарбаевтың тікелей басшылығымен жүзеге асырылды. Облыста 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына сай 168 жоба жүзеге асырылуда, бұл жобаларға 1,2 трлн. теңге инвестиция тартылған, жобалар толықтай жүзеге асса, жаңадан 14 мыңға жуық жұмыс орны ашылады. Бағдарлама басталғаннан бері облыста 158 млрд. теңгенің 42 жобасы іске асырылды. Осы жылдың соңына дейін тағы 43 жобаны аяқтау көзделіп отыр.

Айтып-айтпай не керек, индустрияландыру саясаты Павлодар облысының тағы бір түлеп, дамуға деген құлшынысын өсіруге ерекше серпін беріп келеді.

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ,

Павлодар облысы.

1272 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы