• Қаржы
  • 01 Желтоқсан, 2011

Маң далада бой көтерген алып кәсіпорын Рымтай САҒЫНБЕКОВА

Еліміздің үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының бес жылдық бағдарламасы аясында жүзеге асырылған іргелі жобалардың бірі – Жамбыл облысындағы Мыңарал цемент зауытының құрылысы. Былтыр Тәуелсіздік күні қарсаңында іске қосылған бұл зауыт – Қазақстанның цемент өнеркәсібіндегі айтулы оқиға. Маң дала төсінде бой көтерген алып кәсіпорын алыс ауылға индустрия игілігін жеткізген Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына арналған тамаша тартулардың бірегейі деуге болады.

Мойынқұм төсіндегі цемент өндірісінің алғашқы іске қосылу рәсімі былтыр алғашқы жартыжылдық қорытындыларына орай президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өңірлермен интерактивтік байланысы кезінде өткен болатын. Телекөпір барысында еліміз бойынша жалпы құны 381 миллиард теңгені құрайтын 72 инвестициялық жобаның тұсаукесері болып өтті. Оның ішінде 68 нысан – жаңадан ашылған өндіріс орындары еді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа телекөпір барысында өңірдегі инвестициялық жобалардың жай-жапсары туралы баяндаған Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаев: «Биыл біздің облысымызда жалпы құны – 62 миллиард теңге болатын тоғыз инвестициялық жоба іске қосылады. Төрт мың жаңа жұмыс орны ашылады. Жобалар металлургия, жеңіл өнеркәсіп, мұнай өңдеу және құрылыс материалдарын шығару саласында қолға алынып отыр. Оның екеуі бірінші жартыжылдықта іске қосылады. Соның бірі биылғы ең ірі инвестициялық жоба – Мыңарал цемент зауытының құрылысы. Сіз екі жыл бұрын Францияда болған сапарыңызда «Викат» компаниясын Қазақстанға шақырдыңыз. Олар Қазақстанға келіп, халықаралық қаржы корпорациясымен және жергілікті инвесторлармен бірігіп осы зауытты салуда», – деген еді.

Жалпы үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының аясында Жамбыл облысында 19 инвестициялық жоба қолға алынған. Оның 9-ы былтыр ел игілігіне пайдалануға берілді. Мойынқұм ауданында бой көтерген «Jambyl Cement» зауытының құрылысы осы тоғыздың бірі. Бұл кәсіпорын «Жамбыл цемент өндіру компаниясы» мен «Мыңарал Тас Компаниясы» ЖШС-лары француздық Vicat тобымен бірлесіп іске қосқан еліміздің цемент өндірісіндегі алғашқы алып зауыт болып табылады. Айта кетейік, Францияның Vicat тобы – цемент, бетон өндірісі және оған қажетті агрегаттар жасап шығарумен айналысатын еуропалық ірі компания. Vicat Groupтың дүниежүзінде 12 цемент, 226 бетон зауыты және 70 кенорны бар. 2010 жылғы деректердің өзі цемент зауыттарының жалпы өндірістік қуаты жылына 27 млн тоннаны құрағанын көрсетеді.

Әрине, цемент өндірісі елімізде бұрындары жолға қойылған. Дегенмен бұл саладағы алғашқы халықаралық жоба – Қазақ-француз бірлескен цемент зауытының артықшылығы неде? Бұл орайда «Мыңарал Тас Компани» ЖШС бас директоры Айбар Сарғасқаевтың айтуынша, біріншіден, біз цементті өндіруші ретінде тікелей тасымалдың қомақты көлемін делдалдарсыз және аралық үстеме бағасыз қамтамасыз ете аламыз. Екіншіден, өндірілетін цементтің сапасы Қазақстан және Еуропа стандарттарына толық жауап береді. Цемент сапасының қатаң сақталуы ең жаңа құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген зертханада тексеріліп отырады. Үшіншіден, логистика. Мысалы, меншікті теміржол паркі цементті Қазақстанның кез-келген жеріне жеткізу мәселесін жедел әрі ешқандай кедергісіз шешуге мүмкіндік береді. Тапсырыс берушілер қажетті цемент түрлерін қалаған көлемінде сатып ала алады.

Сонымен қатар, Айбар Сарғасқаев серпінді даму жолында бірінші кезекте маңыз берілуі тиіс мәселге тоқталып өтті. «Өнімнің жоғары сапасын, өндіріс өнімділігі мен тиімділігін қамтамасыз ету – кез-келген кәсіпорындағы жұмысшы күшінің білім-біліктігіне, ұйымшыл еңбегіне тікелей байланысты. Сондықтан біз қызметкерлер мен жұмысшылардың кәсіби білімі мен біліктілігін, шеберлігін үнемі жетілдіріп отыруға бірінші кезекте көңіл бөлеміз. Сондай-ақ, Vicat компаниялар тобына кіретін кәсіпорындардың кеңесшілері тәжірибе алмасу үшін жиі келіп тұрады. Өйткені, қызметкерлерге қамқорлық жасау – тұрақты және жоғары деңгейдегі өндірістік даму кепілі. Ал сапалы өнімге деген сұраныс қай кезде де жоғары болады», – дейді ол.

Vicat компаниялар тобының Қазақстандағы бас өкілі Гийо Жеральдтың айтуынша, Мыңарал цемент өнеркәсібінде халықаралық технологиялық жоғары талаптарға жауап беретін қазіргі заманғы озық технолиялар пайдаланылған. Зауыт цементті құрғақ тәсілмен өндіру технологиясы бойынша жұмыс істейді. Бұл дымқыл тәсілмен салыстырғанда, технологиялық желілердің өнімділігін арттыруға және зиянды қалдықтардың мөлшерін бірнеше есе азайтуға мүмкіндік береді. Бұл осы уақытқа дейін дымқыл тәсіл басым болып келген Қазақстан үшін шынында да жаңа инновациялық қадам.

«Jambyl Cement» зауыты экологиялық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік нормалар мен талаптарға да толықтай жауап береді. Зауыт өнімдері міндетті мемлекеттік сертификаттаудан өткен. Оның өнім сипаттамалары тиісті өлшемдерге толық сәйкестігі расталған. Өндіріс кез келген зиянды қалдықтарды азайтуға арналған 4 сатылы интеграцияланған басқаруы бар күшті электростатикалық шаң ұстағыштармен жабдықталған. Зауытта қолданылатын өндірудің құрғақ тәсілі, сондай-ақ, қосымша тазарту жабдықтары зиянды қалдықтардың мөлшерін барынша азайтуға мүмкіндік береді. Зауыт электр қуатын үнемдеу және ауаның ластануын барынша азайту мақсатын көздеген «Еуро – 4» кәсіпорындар тобына жатады.

Кәсіпорын зауыт аумағына өте жақын орналасқан әктас және сазды тақтатастың ірі кеніштері секілді мол шикізат базасының негізінде жұмыс істейді. Сондықтан шикізат жеткізілімі үздіксіз қамтамасыз етіледі. Кен орындарының жыныс қабаттары жоғары сапалылығымен ерекшеленеді. Бұл жоғары сапалы цемент өндірісі үшін аса маңызды. «Jambyl Cement» шикізат өндіруді шексіз ұзарту құқығы бар 25 жыл бойы жер қойнауын пайдалану туралы бекітілген келісім-шарттың негізінде жүзеге асырады. Мамандардың бағалауынша, шикізат қоры 100 жылдан астам уақытқа жетуі тиіс.

Мойынқұм ауданының Мыңарал кентінде орналасқан зауыт облыс орталығынан шалғай болғанымен, халықаралық автокөлік және теміржолдың бойында жатыр. Күн сайын өсіп-өркендеп, қанатын кең жая түскен алып құрылыстар алаңы – елордамыз Астана қаласы мен өндірісті орталық – Қарағанды да қашық емес. Ал Алматы сияқты үлкен мегаполис тиіп тұр десе де болады. Әйгілі Балқаш көлі зауыттың тап іргесінде. Осында салынатын жылу электр орталығы, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолы сияқты еліміздегі және шетелдердегі көптеген құрылыс нысандарына Мыңарал зауытының өнімі пайдаланылады. Бұл ретте логистикалық тұрғыдан зауыт өнімдерін еліміздің кез-келген өңіріне жеткізу еш қиындық туғызбайды. Атап айтарлығы, зауыт ҚТЖ желісіне қосылған меншікті теміржол терминалымен жабдықталған. Меншікті теміржол паркі цементті зауыт қақпасынан бастап, Қазақстанның кез-келген өңіріне дейін тура жеткізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, маңызды құрылыс материалы – цемент аса қажет болып отырған қалаларда өкілдіктер ашылған. Олар цементті тікелей өз терминалдарынан тиейді.

Еліміздің цемент өндірісіндегі осынау үлкен жобаны жүзеге асыруға жалпы алғанда 233 млн доллар көлемінде қаржы жұмсалды. Кәсіпорынның өндірістік қуаттылығы – жылына 1,2 млн тонна цемент. Мұнда халық шаруашылығының түрлі саласында пайдаланылатын М-400 және М-500 маркалы цемент өндірілетін болады. Бұл – беріктігімен және икемділігімен ерекшеленетін, аязға және ылғалға төзімді қасиеттерге ие құрылыстағы ең танымал цемент маркалары.Мұндай цементтен жасалған өнімдер аса берік болады. Температура ауытқуларына, су мен тот әсеріне төзімді, ұзақ қызмет етеді.

Биыл жыл ортасынан бері зауыттың өндірістік қуаты 800 мың тоннаға жетті. Ал 2012 жылдың алғашқы жартысында зауыт ұжымы цемент өндірудің толық жоспарлы қуатына қол жеткізетін болады. Мамандардың есебінше, зауыттың бір жылдық өнімінің құны 10 миллиард теңгені құрайды. Ал бюджетке түсетін қаржының көлемі 75 миллион теңге болмақ. Қазіргі күні тікелей өндірісте 220 адам жұмыс істейді. Тағы 200-ден астам адам құрылыс , автожолдарды жөндеу, маңайды абаттандыру секілді қосымша жұмыстарға тартылған. Зауыт толық қуатында жұмыс істеген кезде тек өндірістің өзіне 300-ден астам адам жұмысқа тартылады.

Облыс орталығынан шалғай жатқан Мыңарал сынды елдімекенде осындай алып зауыттың бой көтеруі маң даладағы сылбыр тірлікке жан кіргізді. Бар тірлігін Балқаш көлі мен теміржол бекетіне байлаған ауыл адамдары жаңа тыныс-тіршілікке бет бұрды. Жаңа мамандықтарды игеріп, өндіріске кірді. Мұнда жұмысшы-қызметкерлері мен олардың отбасына арналған жаңа шағын қалашық салынып жатыр. Жаңа қалашықта барлық инфрақұрылым қарастырылған. Өндірістің аты – өндіріс. Зауыт салуға келген «Мыңарал Тас Компани» ЖШС-і Мыңаралдағы ауыл мектебін жөндеуден өткізуге 10 млн теңгеден астам қаржы бөлді.

Маң дала төсіндегі алыс ауылға жеткен осынау индустрия игілігі – Тәуелсіздігіміздің тамаша жемісі. Орталықтан шет жатқан ауыл-аймақтың халқы тәуелсіздігіміздің жиырмасыншы жылында жеткен жақсылыққа тәубе дейді.

1284 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы