• Бизнес & Қоғам
  • 01 Желтоқсан, 2011

Әдеби әсерге бөлеген әуезді кеш Мақпал САҒЫНДЫҚ

Үстіміздегі жылдың 16 қарашасында Алматы қаласының Гидрометеорологиялық сараптама орталығында белгілі сатирик-жазушы, ҚР еңбек сіңірген қоғам қайраткері, Қазақстан журналистер одағының лауреаты, «Ара» журналының бас редакторы - Әшенов Қазыхан Ахатұлымен кездесу өтті. Егемен еліміздің тәуелсіздікке қол жеткізген мерейтойы қарсаңында орын алған мәдени-танымдық шара жоғары деңгейде өткізілді.

Айтулы мерекеге орай ұйымдастырылған салтанатты жиынға белгілі сатирик- жазушы, биыл 60 жасқа толуын атап өтіп отырған Қазыхан Ахатұлы, танымал ақын - Ибрагим Иса, республикаға әйгілі сатирик-жазушы, тележурналист - Доқтырхан Тұрлыбеков, қазақ мәтіндеріне ұлттық нақышта ән жазып жүрген сазгер - Владимир Питерцев, сондай-ақ Анар Дінасылова сынды әншілер қатысты.

Алматы қаласының гидрометеорологиялық сараптама орталығы (Қазгидромет) ғимаратының кең мәжіліс залында өткен кездесуді алуан ұлт өкілдері еңбек етіп жүрген іргелі ұжымның басшысы Қонысбек Ескендірұлы Байеділов кіріспе сөзбен ашты. Оның осыдан 20 жыл ғана бұрын егемен ел атанған - Қазақстан халқы үшін Тәуелсіздік мерекесінің қаншалықты маңызы бар екендігі туралы тебіреністі баяндамасы қонақтарды ерекше сезімде қалдырды. Қонысбек Ескендірұлы өз сөзінде Қазақстан Республикасының тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген жетістіктеріне, Елбасының дана басшылығының арқасында Қазақстан әлемдік қауымдастықтың арасында зор беделге ие болғандығын нақты мысалдармен атап өтті.

Тәуелсіздіктің 20 жылдығы туралы негізгі баяндаманы жасаған жазушы өз сөзінде қазақ халқының азаттық алу жолындағы күрес белестеріне тарихи шолу жасап, ұлы ғалымдардың, тарихшылардың, жазушылардың еңбектерінен, өз туындыларынан нақты мысалдар келтіре отырып, ел еркіндігі жайлы ой өрбітті. Ресми баяндама баянсырға айналып, ел көңілінен шықты.

Кеш соңы әсем әнге ұласты. Қазыхан Әшенов пен Ибрагим Исаның өлеңдеріне жазылған әндерді Анар Дінасылова нақышына келтіре құйқылжытты. Әдеби басқосуда сазгер Владимир Питерцев пен ақын Қ. Әшеновтің бірлесе жарыққа шығарған - «Алтын ұя», «Ел әні», «Асқар ән - Астана» атты жырларының тұсауы «кесілді».

Салтанатты кеш барысында жиналғандарға Қазыхан Әшенің жуырда жарық көрген «Қазақ сатирасының антологиясы», «Атадан қалған асыл сөз» кітаптары таныстырылды. Мерекелік шара соңында қонақтарға Алматы қаласының гидрометеорологиялық сараптама орталығының ұжымы атынан ескерткіш сыйлықтар тапсырылды.

704 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы