• Аймақ
  • 29 Қазан, 2014

ЖЕЗҚАЗҒАН – САРЫАРҚАНЫҢ ІНЖУ-МАРЖАНЫ

Еліміздегі ең ірі өндірістік қалалардың бірі-Жезқазғанның іргесін қалап, оның қарыштап дамуы мен өркендеуіне бар көш-жігері мен білімін, үлкен ұйымдастырушылық және қайраткерлік қызметін аянбай жұмсаған бір адам болса, ол – қазақтың бір туар азаматы, ғұлама ғалым әрі тұнғыш академигі Қаныш Имантайұлы Сәтбаев екендігін исі қазақ түгілі, барша ұлыстың, тіпті әлем жұртының әлдеқашан мойындап үлгергені еріксіз еске түседі. Ұлы академиктің есімін жезқазғандықтар Ұлытаудай асқақ, Ұлытаудай киелі және ұлық санайтыны сондықтан болар.

Қаланың қақ төрінде  маңдайы жұлдыздай жарқырап тұрған  тау тұлғалы Қанекеңнің граниттен құйылған тұғырлы ескерткішіне тағызым еткендердің жасы мен кәрісі де осындай аялы ойдың жетегінде кетері анық.

Биыл қыркүйек айында Жезқазған қаласының жұртшылығы және алыс-жақын аймақтардан келген, яғни, Жезқазған тағдырымен тамырлас жандардың бәрі шырайлы шаҺардың шаңырақ көтергеніне 60 жыл толған мерейтойын аса бір қуаныш пен шаттық сезімнің аясында атап өтті. Той салтанатында ғұлама ғалым, академик Қаныш Сәтбаевтың қойнауы қазынаға толы Жезқазған өңірін алғашқылардың бірі болып зерттеп, оның құрылуына және кен өндірісінің өріс алуына қосқан үланғайыр еңбегіне де лайықты бағаларын берді.
Міне, содан бергі уақыт ішінде мысты өңірдің өндірісі өркендеп, бірнеше зауыт-фабрикалар салынды. Жаңа кен орындары игерілді. Қазір де геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу жалғасын табуда. Саланы зерттеп жүрген мамандардың болжауынша, Жезқазған қойнауында әлі де жүздеген жылға жететін кен қоры бар. Жезқазған шалғайда жатқан, күрмеуі қиын мәселелері көп моноқаланың бірі болып саналғанымен, мұнда тұртатын халық ерік-жігерінің күштілігімен, ертеңге деген өр сенімділігімен ерекшеленеді. Мұны мыс қаласының 60 жылдық салтанатты тойы үстінде Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков те ерекше атап өткен болатын. Әкім сондағы сөзінде:
– Мысты өңір металлургтердің, кеншілердің, кен байы­тушылардың, құрылысшылардың және аға буын өкілдердің маңдай тері мен қажыр-қайраты арқылы гүлдену үстінде. Бұл мыңдаған жезқазғандықтардың ерен еңбегінің жемісі, – деген болатын.
Осыдан бірер жыл бұрын Елбасының тікелей тапсырмасымен Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданын әлеуметтік-экономикалық жағынан дамытудың 2017 жылға дейінгі кешенді жоспары бекітілгені белгілі. Бұл құжат өңірдегі барлық саланың дамуына серпін беріп келеді. Жезқазғанда атқарылып жатқан жақсы істер көп. Биылғы жыл қала жұртшылығы тағы бір үлкен қуаныштың куәгерлері болды. Қазақстан Республикасының Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі Жезқазғанға келіп,  ғасырдың  ғаламат жобасы – «Жезқазған-Бейнеу» темір­жолы желісін іске қосып берді. Жергілікті тұрғындар бұған үлкен ризашылықтарын білдірді.
Қарағанды аймағындағы іргелі өндіріс ошақ­тары негізінен Жезқазғанда шоғырланған. Олардың көбі индустриялық-инновациялық даму­дың көш басында келеді. Жалпы, өнеркәсіп өнімі көлемі өткен жылдарға қарағанда едәуір артып келеді. Мысал үшін алсақ,  өнеркәсіп өнімі өткен жылдары 500 млрд.-қа жуық теңгені құраса, биыл бұдан да асып түскелі отыр. Негізгі капиталға салынған инвестиция былтырғы 7 млрд.теңгеден 8 млрд. теңгеге жетпек.
Торқалы той жылында одан сайын жайнап-жарқыраған қала өмірінде қуанышты оқиғалар көп. 10 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Балалар бақшалары ашылды, бірқатар әлеуметтік нысандар, зәулім ғимараттар салынды. Аулалар мен көшелер көркі көз тартарлық келбетке бөленді. Көкөністің неше түрі жыл бойы өсірілетін жылыжайлар іске қосылды.
Осы күндердегі жезқазғандықтар қуанышына Елбасының тапсырмасы бойынша аймақты, соның ішінде қаланы дамытуға арналған бағдарламаның қабылданып, бекітілуі қуаныш үстіне қуаныш қосты. Соған сәйкес Жезқазған жылу-электр орталығы жаңғыртылады, жылу жүктемелерін ұлғайту мақсатында екі қазандық, ауыз сумен қамтамасыз ету үшін су қоймасы салынады. Үйтас, Айдос, Есқұла су құбырларының құрылысы аяқталады. Тігін, құс фабрикасы отау тігіп, жеңіл өнеркәсіптің дамуы жандандырылады. Қызылорда және Арқалықпен жалғастыратын жаңа автомобиль, сонымен бірге Сексеуілге тартылатын темір жол тармағы Жезқазғанның көліктік-транзиттік қарым-қатынас инфрақұрылымын жетілдіреді. Мұның сыртында коммуналдық шаруашылық, тұрғын үй құрылысын өрістету, қоршаған ортаны қорғауды жақсарту бағытында атқарылатын іс-шаралар және жеткілікті. Ал қазба байлықтарды іркіліссіз өндіруді 60-80 жылға дейін ұзартуға мүмкіндік тумақ. Бұл қаланың жарқын келешегіне кепіл саналады. Кезінде Қаныш Сәтбаев мұнда көшелері оқтай түзу, үйлері биік те сәнді, көрген жан келбетіне таң қалғандай сұлу қала болады деп көрегендікпен болжағандай, бүгінгі Жезқазған сондайлық қалыптағы шаһарға айналып келеді.
Жезқазған қаласы тұрғындарының жалпы саны – 20 жылғы санақ бойынша  89289 адам: оның 84952-і қалада, 4337-і ауылдық жерде тұрады. Халықтың ұлттық құрамы да бай: жалпы халықтың басым бөлігін қазақтар (56545 адам) мен орыстар (24611 адам) құрайды. Қалалық әкімшілік пен қалалық мәслихаттың бірлескен және үйлесімді жұмысы қала тірлігінің ырғақты болуына зор ықпал етіп отыр. Қала халқының мұқтаждықтары мен өзекті мәселелерін шешуде бірлесе қимылдап, нақты шешімдер қабылдауда басшылықтың қос тармағы үйлесімді іс-қимыл жасап отырады.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың мыс шаһарына бірнеше рет ресми сапармен келуі, қаланың нарық жағдайында дамуына, өркендеуіне айырықша назар аударып отыруы ел экономикасы мен саяси өміріндегі Жезқазғанның тарихи орнын айшықтай түсті.  жезқазған – өндірісті қала ғана емес, заманауи талаптарға сай инфрақұрылымы қалыптасқан,  саяси, мәдени-рухани орталыққа айналған шаһар. Сансыз ұлт пен ұлыстың бейбіт тірлік кешіп жатқан Жезқазғаны бүгінде достық пен бірліктің қаласына айналып отыр. Жезқазған қаласында 7 этно-мәдени бірлестік, 67 үкіметтік емес ұйым жұмыс істейді. Жезқазған – студент-жастар қаласы. Қаладағы Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университеті мен 9 арнаулы орта білім беретін колледж және 2 кәсіби лицей білім мен ғылымға ұмтылған жастардың бас қосқан ордасына айналған. Соңғы 20 жыл ішінде металлургтер қаласының кескін-келбеті айтарлықтай жаңарып, көркейе түсті, ол ата-бабаларымыздың ғасырлар бойғы асқақ арманы – ел Тәуелсіздігі ала келген жаңа тарихи лептің жарқын әсері екені даусыз: осы жылдар ішінде қалыптасып, дамып келе жатқан шағын және орта бизнестің соңғы үлгіде бой көтерген кеңсе ғимараттары, сауда және қызмет орталықтары қала сәулетін айшықтай түссе, «Қазақмыс» корпорациясының қаржысына замануи үлгіде жаңар­тылған «Ұлытау» спорт кешенін, футбол стадионын, жаңадан бой көтерген «Пирамида», ТМД-да теңдесі жоқ әуенді субұрқақ құрылысын қамтитын жаңа Металлургтер алаңының сәулет кешені қала көркіне қайталанбас нәр беруде, олардың қатарына тәуелсіздік жылдары ішінде Алты Алаш ардақтыларына орнатыла бастаған ескерткіштерді, шағын архитектуралық мүсіндерді қосуға болады.
Мұның сыртында «Жол картасы» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жарқын істердің арқасында қаланың мәдени-әлеуметтік нысандары бірінен соң бірі жаңарып, жасанып келеді.  Жалпы, дәулетіне осылайша сәулеті сай түрленіп келе жатқан Жезқазған өнеркәсіптік аймағының егемен еліміздің экономикасын дамытуға қосып отырған үлесінің де қомақты екенін атап айтқан жөн. Мәселен, республика бойынша өндірілетін мыс сымы көлемінің – 99, шақпақ мыстың – 95, түйіршік күмістің – 80, түйіршік алтынның – 32, мыс кені өндірісі көлемінің – 88, электр энергиясының – 8 және көмір өндірісі көлемінің 7 проценті «Қазақмыс» корпорациясы секілді алпауыт компанияға тиесілі десек, осынау ен байлыққа мысты аймақтың қосып келе жатқан үлесі аса қомақты. Жезқазған өңірінің экономикасын негізінен «Қазақмыс» корпорациясы құрайды. Әлемге аты мәшһүр алып компанияның Жезқазғандағы өндірістік алаңы қалыпты қарқынмен жұмыс жасап келеді. Соның арқасында кенді аймақта өндірілетін өнеркәсіп өнімі көлемі жылдан-жылға арта түсуде. Жезқазған қаласына үш селолық округ – Кеңгір, Талап, Малшыбай қарайды. Сарыарқаның сиыр бүйрек адырлы, жартылай шөлейт бұл қонысы негізінен мал шаруашылығы мен ішінара бау-бақша шаруашылығына ғана қолайлы болып келеді. Жезқазған қаласы маңайы мен үш селолық округті қоса алғандағы аумақта 204 шаруа қожалығы еңбек етіп жатса, соның 193-і мал шаруашылығымен, 1-еуі өсімдік шаруашылығымен, 10-ы аралас (мал және өсімдік шаруашылығы) шаруашылықпен айналасады.  2011 жылы ауыл шаруашылық өнімдерінің жалпы көлемі 1477,5 млн. теңгені құрады. Аймақта жылына 1000 тоннадан астам ет өндіріліп келеді. Ал, жұмыртқа өнімі жыл өткен сайын арта түсуде.
Елбасы Н.Назарбаевтың тікелей қолдауымен елімізде кәсіпкерлікті дамытуға аса зор маңыз беріліп отырғаны белгілі. Бұл Жезқазған қаласында да шағын және орта бизнес өкілдерінің көбеюіне игі ықпалын тигізуде. Өңірде 4079 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оларда барлығы 11535 адам еңбек етуде. Қаладағы шағын және орта бизнес жылына 15 млрд. теңге көлемінде өнім (жұмыс, қызмет) өндіріп келеді.  Жезқазғанда кәсіпкерлікпен айналысушы неғұрлым ірі құрылымдарға – «Ютария Ltd» ЖШС, «Capital projects LTD» ЖШС, «Қазтехфильтр» ЖШС, «BAYAN» ӨСК ЖШС жатады. Бұлардың әрқайсысы индустрияландыру картасына өзіндік жобаларымен енгізілді.  
Әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға республика­лық және жергілікті бюджеттерден 293,0 млн. теңге қарастырылған, соның ішінде апаттық жағдайдағы №11 ОМ қайта жарақтауға 124,4 млн. теңге, Жезқазған қаласындағы 500 келушіге арналған емхананың құры­лысына жобалық-сметалық құжаттама жасауға 38,6 млн. теңге және сондай-ақ, тері-венерологиялық диспансердің базасында ашылған жаңа емхананы күрделі жөндеуге және жабдықтауға 130 млн. теңге қарастырылып отыр. Қаланың жылумен-сумен қамтамасыз ету желісін қайта жөндеуден өткізудің сметалық-жобалау жұмысына да қомақты қаржы қарастырылды.
Сарыарқаның кіндігіне орналасқан Жезқазған қала­сының болашағы жарқын екендігіне еш күмән жоқ. Өйткені, мұнда сары алтынға баланатын мыс кенінің бай қоры бар. Мұнда соны ел игілігіне айналдырып жатқан құрыш қолды кеншілер мен металлургттер, басқа да түрлі мамандық иелері қажырлы еңбек етуде. Олардың  жұмыстары өнімді, тұрмыстары көңлді болғананына не жетсін?!
Ылайым, солай болсын!

Ибрагим БЕКМАХАНҰЛЫ

 

3253 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы