• Аймақ
  • 05 Қараша, 2014

Пензалық кәсіпкерлер Оралда

Орал қаласындағы «Пушкин» отелінде Ресейдің Пенза облысынан келген кәсіпкерлер жергілікті мұнайгаз өндіруші компаниялардың, машина жасау, шағын және орта бизнес салаларының, коммуналдық кәсіпорындардың өкілдерімен іскерлік  рәуіште кездесті.

Қазақстанның батыс қақпасы саналатын және Ресейдің бес облысымен шектесетін Батыс Қазақстан өңірі үшін тарихы мен тағдыры тамырлас «құдайы» көршімен экономикалық тұрғыдағы алыс-беріс, барыс-келіс таңсық емес. Жақында ғана Оралда халықаралық бизнес форум өткені белгілі. Оған таяу және алыс шетелдерден, еліміздің өзге өңірлерінен кәсіпкерлер белсене қатысты. Басқосуда пензалық қонақтарға қош келдіңіздер айтқан БҚО кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары  Руслан Сапарғалиевтың айтуынша,  Пенза облысының кәсіпкерлері форумға шақырылғанымен, қатыса алмаған. Енді, міне, өркенді даму жолындағы өңірімізге жолдары түсіп,  батысқазақстандық  кәсіпкерлермен тығыз әріптестік қарым-қатынас орнатуға, бірлесіп жұмыс істеуге құлшыныспен  келген. Оның да астары бар, өйткені өңірдегі мұнайгаз машина жасау, машина жасау және өңдеу салаларының әлеуеті зор. Өнеркәсіптің құрылымында мұнайгаз өндіруші саланың үлесі басымдыққа ие болғанымен, индустриалдық-инновациялық дамуға мемлекеттік деңгейде мән-маңыз беріліп отыр. Сондықтан өңдеу саласын дамыту бағытындағы әріптестікке қашан да есік ашық.  
– Бір-бірімізді жақыннан танып білуге мұндай басқосулардың берері мол. Елімізде жуықта «Инвестицияларды қорғау туралы» заң күшіне енеді. Онда шетелдік инвесторларға он  жылға дейін корпоративтік табыс салығынан, жер салығынан босату сықылды жеңілдіктер қарастырылғанын ресейлік әріптестердің назарын аударғым келеді. Қазір елімізде шағын және орта бизнесті, жалпы кәсіпкерлікті дамытуға жіті көңіл бөлінуде, - деді кездесуде облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Кеңес Әбсатиров.
Пенза облысының сауда-өнеркәсіп палатасы төрағасының бірінші орынбасары Владимир Паршиннің айтуынша, Оралға 7 компанияның өкілдері ат басын тіреген. Пенза да Ресейдің өндірісті өңірлерінің бірінен саналады және онда көптеген ғылыми-зерттеу орталықтары шоғырланған. Облысымызға алғаш рет келген делегацияның құрамында өндіріс орындарының, сонымен қатар өнімдерін өздері жасақтайтын және өндіретін екі ғылыми-зерттеу институтының өкілдері де бар. Олар жиналғандарға өздерінің өнімдерін таныстырып, бірлесіп жұмыс істеуге әзір екендіктерін білдірді. «Пенза арматуралық зауыты» жауапкершілігі шектеулі қоғамы ресейлік нарықты тұрба құбырларымен қамтып отыр және арматуралы құбырлардың  160-тан астам түрін шығаруда. «Электронды-механикалық аспаптар ҒЗИ» компаниясы отын-энергетика кешеніне қажетті бақылау-диагностикалық құралдары, конденсаторлар, резисторлар өндірі­сінің көшбасшысы ретінде әмбеге танымал. De Luxe және Electronicsdeluxe белгісімен тұрмыстық техника, газ және электр тұрмыстық плиталарын, су ысытқыш құралдарын  өндіретін «ЭВТ ППО», тұрба арматурасын сынақтан өткізетін және жөндейтін «Гакс-Пром», қолмен және электр доғалық дәнекерлеуге электрод өндіретін «Пенза электродтары», жылу және атом энергетикасында қолданылатын тұрба арматурасын шығаратын «Пензтяжпромарматура» кәсіпорындарының да өкілдері де өз өнімдерін насихаттады. Оралдық компанияларды өз өнімдерімен қамтып жүрген «ЭВТ ППО» компаниясы жаңа байланыстар орнатуға ниетті. Сонымен қатар, кондитерлік өнімдер өндіруші «Сердобские хлебопродукты», 180-нен астам дәрі-дәрмек түрлерін жасақтайтын ғылыми-зерттеу институты және оларды өздері шығаратын «Биосинтез» ЖШҚ (жауапкершілігі шектеулі қоғам), қауіпсіздік және бақылау жүйелерін жасақтайтын, мұнай айдайтын және жылытатын стансаларға сервистік қызмет көрсететін «Кит» кәсіпорындарының жұмыстары мен өнімдері көпшіліктің қызығушылығын туғызды.
– Қазақстан – біз үшін тек өнім өткізетін нарық қана емес, ортақ әріптестік алаңы. Өңірді өнімдерімен қамтитын пензалық кәсіпорындардың құрал-жабдығын осында жөндейтін, сервистік қызмет көрсететін компанияларды тауып, байланыс орнатуды көздейміз, – дейді пензалық делегацияның басшысы Владимир Паршин.
Кездесуден кейін ресейлік кәсіпкерлер Оралдағы бірқатар кәсіпорындарда болып, олардың тыныс-тірлігімен танысты. Келешекте бірлесіп жұмыс істеу мүмкіндігі жайын талқылады.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,
Батыс Қазақстан облысы

578 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы