• Аймақ
  • 12 Қараша, 2014

Ұлт саулығы – кемел келешектің кепілі

Темікі түбіңе жетпесін десең…

Өмірде бәрінен қымбат – денсаулық. Мәселен, киімің тозса, көлігіңнің бір сайманы істен шықса, жаңасын сатып алуға болады. Ал денсаулықты сатып ала алмайсың. Сондай-ақ ақшаң таусылып, азық-түлікке немесе  тағы басқа тұтыну түрлеріне мұқ­таж болсаң қайрымды жандар көмек бере алады. Ал ауырған адамға біреу «ала ғой» деп бүйрегін, бауырын, жүрегін қолына ұстата салмайды. Сондықтан деннің саулығын үнемі  қадағалап, күтініп жүру – аса маңызды іс.

Алдымен адам өзін-өзі сақтай білуі керек. Оның нақты жолы – салауатты өмір салтын қалыптастыру. Біріншіден, зиянды әдеттерден бойды аулақ ұстаған абзал. Өйткені  темекі шегу, спиртті ішімдіктерді ішу, есірткі түрлерін қолданудың ақыры ағзаны психикалық және физикалық тәуелділікке соқтырады. Статистикалық мәліметтерге қарағанда, жер-жаһандағы барлық халықтың 40 пайызы темекі тартатын көрінеді. Оның 60 пайызы ерлер болса, 20 пайызын әйелдер құрап отыр. Өздеріңізге белгілі, темекі түтіні зиянды әрі улы заттардың жиынтығы болып табылады. Мәселен темекі құрамында никотин, синиль қышқылы, көмір қышқылы, азот, эфир майы және өкпе обырына (рак) душар ететін түрлі радиобелсенді элементтер бар. Осы аталғандардың ішінде ең улысы – никотин. Адам ағзасының улануына никотиннің бір ғана тамшысы жетіп жатыр екен. Ол 10-12 тал темекінің жиынтығын құрайды. Ал бір қорапта орта есеппен 25 тал темекі болатынын ескерсек, күніне жоқ дегенде 1-2 қорап темікіні тауысатындардың ағзасын көз алдыңызға елестетудің өзі қорқынышты! Жалпы темекіні тартудың салдарынан адамның асқазан қышқылдығы төмендейді, қан қысымы жоғарылайды, орталық жүйке жүйесі мен жүректің қызметі бұзылады. Мысалы, 50 жасқа дейінгі темекі тартатын әйелдерде миокард ифаркті (инфаркт – мүшелер мен ұлпалардың қан жетіспегендіктен жансыздануы) темекі тартпайтындарға қарағанда 20 есеге жиірек ұшырасады екен. Сондай-ақ бронхитпен (тыныс жолдарының қабынып қызарып ауруы) науқастанушылардың 75 пайызы темекі тартушылар болып табылады. Негізінен темекі шегу ішкі мүшелердің қызметін бұзып ауруға душар етумен қатар, адамның сырт келбетін де бұзады. Түтіннен шыққан зиянды улы заттар беттегі майда қан тамырларын зақымдап, бет терісі ауруларына душар етеді. Статистикалық деректер бойынша, темекінің кесірінен жыл сайын жер бетінде 3 млн. адам яғни әр 13 секунд сайын бір адам көз жұмады екен! Және де жастайынан темекі шеккен адам ұмытшақ бола бастайды. Оқушы кезінде оқу үлгерімі нашарлайды, тіпті ақыл-ойы кемиді. Жасыратыны жоқ, өзім оқытушы болғандықтан оқу орындарында тәлім алушы студенттер арасында шылымға әуестердің қатары көп екенін аңғарып қалып жүремін. Өкінішке қарай, болшақ ана болатын бүгінгі қыз балаларымыздың басым көпшілігі көк түтінге құмар. Ол аздай тұрмысқа шығып жүкті болып отырса да, темекісін қолынан тастамайтын аналар да жоқ емес. Мәселен, ана әр бір шеккен темекі құрамындағы улы заттар іштегі нәрестеге қажетті оттегіні 10 пайызға кемітеді, керісінше сәби бойына зиянды заттарды сіңіреді. Бұдан соң өмірге дені сау ұрпақ қайдан келеді? Ойланайық!

Азғындыққа апарар жолдан аулақ жүр!

Адам өмірін талқандаушы әдеттердің тағы бірі – маскүнемдік пен нашақорлық. Бұл қос дертке адамдардың шалдығуға итермелейтін бірнеше фактор бар. Ол – қоршаған орта, әлеуметтік жағдай, алған тәлім-тәрбие және білім деңгейі. Аталғандар бұрыс бағытта болса, адам азғындыққа бой алдыратыны сөзсіз. Яғни, маскүнемдік пен нашақорлыққа тәуелді болған адам бір татым арақ пен бір реттік наша үшін небір тәуекелдерге барады. Психикасы бұзылып, өзін қоярға жер таппай кетеді. Бір сәттік «тән ләзәтін» сатып алу үшін ақша іздейді. Тіпті жақын адамдарының өміріне қол салуға дейін барады. Сонымен қатар, маскүнемдер мен нашақорлардың ағзасы кез-келген ауруға шалдығуға бейім келеді. Себебі ағзасындағы ауруға қарсы тұратын қорғаныс қызметі төмен болады. Ғалымдар егер ата-анасының бірі маскүнем немесе нашақор болған болса, ұрпақтарының бойында да осы харам әдетке еліктеушілік көрініс табатынын жоққа шығармайды. Жалпы бұл дертті тек медицинаның күшімен жеңу мүмкін емес. Мұнымен  қоғамдық ұйымдар, құқық қорғау органдары, ата-аналар бірлесе күресу керек.

Сағила ШАБДЕНОВА,
республикалық медицина колледжінің оқытушысы

 

721 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы