• Аймақ
  • 20 Қараша, 2014

Сапасыз өнімдерге шектеу қойылды

Ұлттық экономика министрлігінің Тұтынушылар құқықтарын қорғау комитеті Кеден одағы техникалық регламенттерінің қауіпсіз тағам өнімдеріне сәйкес келмейтін өнімдерге тыйым салу мен шектеу қою бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. Комитет сайтында Қазақстанның ішкі нарығында өнімдерді әкелу және қолдану бойынша санитариялық шектеу шаралары қолданылған өнімдер тізімі жарияланды.

Тұтынушылар назарын жағымсыз сатып алуды және аталған тауарларды тұтынудың салдарын болдырмау үшін көрсетілген тізімге аудара отырып, комитет тағам өнімдерінің қауіпсіздік нормаларына сәйкес келмейтін өнімдерді өткізу мен қолдану бойынша кәсіпкерлік қызметін жүзеге асыру барысында Кеден одағының кедендік шекарасында шиелініс жағдайын тудырмау мақсатында, аталған тізімді басшылыққа алуды ұсынады.
Айта кету қажет, қазірде талапқа сай келмейтін тауарлардың басым бө­лі­гін елімізге ағылып жатқан импорт­тық тауарлар құрап отыр. Биылғы санитарлық-эпидемиологиялық мони­торинг барысында комитет зертханалары 80 мыңнан астам өнімдерді зерттеуден өткізсе, соның 2,5 пайызы немесе 2 мыңнан астамы талаптарға сай келмейтін болып шыққан. Сараптамалық жұмыстар нәтижесінде бас санитар-дәрігердің 9 қаулысы шығып, сырттан бірқатар өнімдерді әкелуге, сатуға тыйым салынды. Атап айтқанда, Ресейден әкелінетін құс еттерінен, Австралиядан әкелінетін мұздатылған сиыр етінен, Ресей мен Беларусь елдерінен және үшінші елдерден әкелінетін алкогольдік ішімдік өнімдерінен, Украина мен Ресей ірімшіктерінен, Латвия майшабақтары және Қытай ойыншықтарынан жағымсыз сапалық құрамдар анық­талған. Зертханалық талдаулар бары­сында сиыр бүйрегінен жасалды делінген паштеттен шошқа еті табылған. Ал сүт өнімдері мен ірімшіктердің майлылығы, ақуыздар массасы құрамына сай болмай шықты.
Тұтынушылардың қажеттілігін өтеудің өзі әр уақытта қауіпсіз бола бермейтінін жақында Мәжілісте Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің кеңейтілген отырысында қозғалған көкейтесті мәселелерден де аңғарған едік. Тұтыну өнімдерін техникалық реттеу мәселелері талқыланған осы жиында Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Қазақстанға импортталатын тауарлардың жартысына жуығында сәйкестік сертификаты жоқтығын баса айтты. «Кеден одағының техникалық регламенті туралы заң күшіне енген бір жылдың ішінде Қазақстанға келген сәйкестігі туралы сертификаттары жоқ тауарлар 46 пайызды құрап отыр. Бұл біздің елімізге келіп жатқан импорт тауарларының жартысы қауіпті деген сөз. Өйткені, ондай тауарды ешкім растамайды да, оған ешкім кепілдік бермейді де. Тіпті олардың қауіпсіздік нормасына жауап беретінін де ешкім дәлелдей алмайды. Ең ақыры ондай тауарларды нарықтан алып тастау да қиын шаруа болып отырғандығымен қоса, бұған ешкім жауапты болмайды», – дейді Азат Перуашев. Сондай-ақ, Мәжіліс депутатының айтуынша, Ресей тарапы техникалық реттеу нормаларын белсенді түрде пайдаланып, өз рыногын қорғаштап жатса, біздің мемлекеттік органдар техникалық реттеу нормалары аясындағы мүмкіндіктерді қалт жіберіп отыр.
Техникалық реттеу нормаларын қолдану тұрғысынан Қазақстан Кеден одағы аясындағы әріптестерінен кейін қалып отырғандығына Ұлттық кәсіпкерлер палатасы да алаңдаулы. Палата төрағасының орынбасары Рақым Ошақбаев еліміз нарығын қорғау үшін техникалық реттеу нормалары жеткілікті қолда­нылмай отырғандығын айтады. Бұл ретте жұмыртқа өнімдеріне қатысты мысалды алға тартуға болады. Қазақстандық жұмыртқа өндірушілердің бағалауынша, жылына елімізге 1 млрд данаға дейін жұмыртқа импортталады екен. Бұлар негізінен контрабандалық жолмен Ресейден келеді, оларға қосылған құн салығы да салынбайды. Нәтижесінде мұндай жосықсыз бәсекелестік қазақстандық өндірушілерге залал келтіруде. Оған қоса, күмәнді жолмен нарығымызға түскен өнімдердің сапасы да сын көтермейді. Сондықтан сауда орындарында маркерленбеген жұмыртқалар қаптап кетпеуі үшін уәкілетті органдар бірлесе әрекет етіп, қатаң қадағалауды жүзеге асыруы қажет. ҰКП өкілі техникалық реттеуге жататын мәселелердің барған сайын өзекті бола түсіп, одақ аясындағы әріптестер тауарлардың нарыққа енуіне қарсы тарифтік емес шектеулерді енгізіп жатқандығына назар аударды. Бұл ретте ресейлік әріптестер Қазақстаннан сүт жеткізуге негізсіз шектеулер қоюы мүмкін. Өткен жолы ғана Ресей Қазақстанның екі компаниясынан ет әкелуге тыйым салған. Р.Ошақбаевтың айтуынша, бұл Ресейлік тараптың өз аумағынан азық-түлік тауарлары транзитін тікелей не жанама түрде шектей беретінін білдіреді. Ендеше бұл мәселе шын мәнінде құқықтық бағалауға алынып, өкілетті органдар тарапынан қандай да жауапты қадамдар жасалуы шарт.
Қазіргі күні жеңіл өнеркәсіп, ойын­шықтар, балалар мен жасөспірім­дерге арналған өнімдер және сүт, ет сынды тұтынушы тауарларына талап қоятын Кедендік одақтың 10 техникалық рег­ламенті өз күшіне енген. Ал алкоголь, темекі, құс еті, балық өнімдеріне қатысты техникалық регламенттер әзірлену үстінде.

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

719 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы