• Цифрлы Қазақстан
  • 12 Сәуір, 2019

Отын-энергетика кешені цифрландырылуда

Жетпісбай Бекболатұлы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Төр­тінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы даму­дың жаңа мүмкіндіктері» атты бағдарламалық құжа­тында еліміз өнеркәсібін цифрландырудың кезек күттірмейтін міндеттеріне тоқталып, оны жүзеге асыру басымдықтарын атап көрсеткен болатын. Қазіргі таңда бұл бағытта ел экономикасының барлық салаларында нақты іс-шаралар қолға алынып, бірқатар іс тындырылды. Атқарылған тірліктің бірқауымы Отан қазынасын молайтуға орасан зор үлес қосып жатқан отын-энергетика кешеніне қатысты. Жуырда осы кешеннің электр энергетикасы, мұнай-газ, көмір және атом өнеркәсібіне қарасты 47 ірі кәсіпорында цифрландырудың индустриялық бағдарламаларын енгізу ахуалы ой елегінен өткізілді. Бұл ретте кәсіпорындардың көбінде 2.0., ірі құры­лымдарда 3.0., ал жетекші компаниялардың бір­не­шеуінде ғана 4.0. бағдарламалары бар екен­дігі анық­­талып, болашақта жүзеге асырылатын шаралар ауқымы белгіленді. Мәселен, бұған дейін «Ембі­МұнайГаз» компаниясы кен орнында зияткерлік кеніш тұжырымдамасын іске асырды, нәтижесінде кәсіпорын кенді әзірлеудің цифрлық тәртібінде жұмыс істеуде. Техникалық ше­шімді «ЕмбіМұнайГаз» мамандары мен сарапшылары дайындады. Енді осындай жұмыс басқа да кен орындарда жүргізілетін болады. Сын тезінен өткізілген, қажетті ресурстарға иек артатын, тексерілген коммерциялық шешімдерге сүйенетін талдамаларды енгізу «Индустрия 4.0» және «Өндіру 4.0» бағдарламалары бойынша алға қойылған міндеттерді іске асыру жөніндегі мұнай-газ компанияларының табысты қызметіне тікелей ықпал ете алады. Бұл орайда диспетчерлік және ахуал орталықтарының тиімді жұмысын қамтамасыз ете отырып, онлайн тәртібінде шешімдер қабылдау үшін өзекті де нақты ақпарат ұсынудың өзі жұмсалатын шығынды молынан ақтауға мүмкіндік беретіндігі белгілі болды. Мәселен, «Қазмұнайгаз-Қайта өңдеу және маркетинг» акционерлік қоғамына енгізілген ноу-хау әзірле­мелері негізгі зауыттарда мұнай өнімдерін өндіру, логистикалау, сақтау және өткізу бойынша деректерді ықпалдастыруға, жедел өңдеуге және көзбен шолуға мүмкіндік берді. Жоба мақсаты кәсіпорындарда өнімділікті ұлғайту, өзіндік құнды төмендету, энергия тиімділігін және өндіріс экологиялылығын арттыру болып табылады. Осы ретте General Electric компаниясының елімізде қолдануға тұрарлық цифрлық трансформациялаудағы жетістіктері тілге тиек етуге тұрарлық. Компания кәсіпорындарымызға тиімділікті бағалауды, бизнес әсерлерді модельдеуді, компанияны ішінен, яғни ұйымдық құрылымы мен қызметкерлер тұрғысынан цифрландыруды және жобаның жол картасы мен шешімдер қалтасын ұсынып отыр. General Electric өз серіктестеріне және тапсырыс берушілерге, ішкі және сыртқы пайдаланушыларға арнап Predix тұғырнамасында қосымшалар әзірледі. Бұл тұғырнама бұрынғы-соңғы қызмет және болашақ нәтижелер туралы деректер алу үшін машиналарды қауіпсіз қосудан және нақты уақыт тәртібінде деректер жинау мен қашықтықтан қол жеткізуді талдаудан бастап «цифрлық қос егіздерді» құруға дейінгі бизнесті дамытуға көмектеседі. Ал, «Huawei» компаниясының технологияларын пайдалану өндірісті 5-10 пайызға арттыруды, мұнай беру қабаттарын 3-7 пайызға жақсартуды, еңбекті қорғау, өнеркәсіптік және экологиялық қауіпсіздік бойынша жағымсыз оқиғаларды 50-80 пайызға кемітуді қамтамасыз етеді. Компания ірі мұнай-газ компанияларының 60 пайызына және дүние жүзінің 45 еліндегі 38000 шақырымдық мұнай және газ құбырларына қызмет етеді. Ақпараттық-коммуникациялық технология­ларды енгізуге белсене атсалысып жүрген «Алстронтелеком» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Қазақстанның мұнай және газ саласының қымбат шетелдік өнімдерін алмастыруға мүмкіндік беретін «Жұлдыз» бағдарламалық кешенін әзірледі. Мұнай пайдаланушыларының ұсыныс-пікірлерін ескере отырып әзірленген компанияның бағдарламалық шешімдері қарапайым кен орындарының қажет­тіліктерін толығынан, ал күрделі кен орындары алдында тұрған міндеттердің 90 пайызын шешуге мүмкіндік береді әрі өндірістік бөлімшелердің және өнім өндіруші компаниялардың барлық мұқтаждықтарын жауып отыр. Бұл ретте қазіргі кездің өзінде цифрлық трансформациялау көшбасшылары өз бәсекелестеріне қарағанда орташа есеппен 26 пайызға артық тиімділікке қол жеткізіп отырғанын атап өтуіміз керек. Цифрлық ше­шімдерден алынатын экономикалық тиімділік 4-12 трлн. долларды құрайды және олардың 70 пайызынан астамы халықаралық В2В, яғни business-to-business шешімдеріне келеді. Статистика деректеріне жүгінсек, өсім деректерінің барынша жылдам талдануы талап етіліп отырған бүгінгі таңда компаниялардың 12 пайызының ғана ақпараттық шығарылымдарды дер кезінде берерлік қауқары бар. Саланы сандық технологияларға көшірудегі өзекті жобаларды жүзеге асыру бизнес үдерістерін автоматтандыру деңгейін арттыруға мүмкіндік береді әрі өндірістегі операциялық шығындарды төмендетеді. Сондықтан да отын-энергетика кешеніндегі шешімін тосып тұрған міндеттер шаш етектен екендігін жете түсінген мүдделі мекемелер мен ұйымдар күш-жігерлерін мұнай-газ және энергетика салалары үшін цифрлық шешімдер мен әзірлемелерді талдап жасауға жұмылдырып отыр.

1838 рет

көрсетілді

18

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы