• Аймақ
  • 28 Мамыр, 2020

Адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға жол ашылды

Жақында әлем елдерінде Дүниежүзілік ішектің қабыну ауруларына қарсы күрес күні атап өтілді. Әлемде кемінде бес миллион адам осы кеселдерден зардап шегеді, атап айтқанда – Крон ауруы және ойық жаралы колит. Қазақстандық мамандар соңғы жылдары елімізде экономикалық белсенді және еңбекке қабілетті жастағы адамдар арасында ішектің қабыну аурулары (ІҚА) таралуының артқанын атап өтуде.

ІҚА негізінде иммундық жүйедегі генетикалық бейімділік пен бұзылулар жатыр, ал оның таралуына қазіргі қоғамның дәс­түрлі проблемалары – стресс, темекі шегу, аз қозғалыстағы өмір салты, тамақтанудағы же­містер мен көкөністер саны­ның аздығы, түрлі майлар­ды шамадан тыс қолдану, сонымен қатар антибиотиктерді бақылау­сыз қабылдау да әсер етуі мүмкін. 2019 жылғы эпидемиоло­гиялық зерттеу деректеріне сәйкес, Қазақстанда Крон ауруының таралуы 100 мың тұрғынға шаққанда 35,8 жағ­дайды, ойық жаралы колит – 100 мың тұрғынға шаққанда 91,5 жағдайды құрайды. Алайда, бұл статистика толық емес, себебі көптеген пациенттер аталмыш аурулар бойынша мамандарға қаралмайды. Тиісінше адамдар медициналық көмекке тым кеш келеді, ал бұл жағдайда хирургиялық араласудың қа­жеттілігі туындайды. «ІҚА көбінесе белсенді, еңбекке қабілетті жастағы адамдарда кездеседі: сырқаттанғандар­дың орташа жасы – 30 жас, пациент­­тердің үштен бір бөлігі мүгедектігі бар (20-34% жағдай), ал олардың арасында өлім-жітім жалпы халыққа қарағанда 40%-ға жоғары. Мамандарға кеш жүгіну, мүгедектікке және өлімге әкеп соқтыратын созылмалы ағым, жиі асқынулар, жас, әлеуметтік және экономикалық белсенді халық арасында кең таралудың жоғары деңгейі ІҚА-ны әлеу­меттік маңызы бар аурулар қатарына енгізеді», – деп атап өтті Ішек қабыну аурулары бар тұлғаларды қолдау және көмек көрсету қоғамдық қорының төрағасы Ербол Әміржанов. Бұл кесел ерлер мен әйелдерге бірдей әсер етеді, әсіресе оған 20-30 жастағы жастар бейім. Ауру адамның қоғамдағы өмірін қиындатады: жеке өмірі мен отбасылық қарым-қатынастарда қиындықтар туғызады, оқу мен мансапты дамытуға кедергі жасайды. Бұл пациенттің эмоционалдық жағдайына өз ықпалын тигізетіні түсінікті. ІҚА созылымдары өмір сүру сапасын айтарлықтай нашарлата ұзаққа жалғасып, қажытуы мүмкін, сонымен қатар өмір үшін қауіпті асқынулар да жиі орын алады. ІҚА бар тұлғаларды қолдау және көмек көрсету қоғамдық қорында уақытында медициналық көмекке жүгінбеуден туындайтын қауіп туралы пациенттердің жеткіліксіз хабардар болуы проблемасын шешудің жолы ақпараттық іс-шараларды жүйелі түрде өткізу, қолжетімді тегін көмектің көлемі туралы ақпараттандыру, амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді кеңейту арқылы мүмкін екендігі атап өтілді. «Крон ауруы мен ойық жаралы колит өмір бойына жалғасатын ауруларға жататынына қарамастан, уақтылы дұрыс диагностика мен сауатты емдеу кезінде тұрақты ремиссияға қол жеткізуге және кеселдің ауыр түріне көшуінен құтылуға болады. ІҚА-мен адамдар толыққанды өмір сүре алады, еңбекке қабілеттілікті сақтай алады, нәтижесінде қатерлі операцияларды қажет етпейді. Бүгінгі таңда Қазақстанда ең ерте сатыда ішектің қабыну ауруларын анықтауға мүмкіндік беретін диагностикалық процедуралардың кең спектрі бар. Бұдан басқа, әлемдік фармацевтикалық индустрия үнемі жаңа, неғұрлым тиімді дәрі-дәрмектерді өндіреді, ал Қазақстанда жыл сайын осы препараттармен қамтамасыз ету жақсарып келеді», – деді Ербол Әміржанов. Ішектің қабыну аурулары бар тұлғаларды қолдау және көмек көрсету қоғамдық қорында хабарлағандай, 2010 жылдан бастап, ІҚА-дан зардап шегетін қазақстандық пациенттерге биологиялық терапия қол жетімді, нәтижесінде оперативтік араласу санын айтарлықтай төмендетуге және адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға жол ашылды. Ал 2013 жылдан бастап заманауи қымбат биологиялық терапияны қоса алғанда, ІҚА бар пациенттерді емдеуді мемлекет өтейді. Дегенмен, бүгінгі күні ІҚА-дан зардап шегетін пациенттердің тек 2%-ы ғана биологиялық терапияны алады, ал ЭЫДҰ елдерінде (дамыған елдердің экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы) бұл көрсеткіш 15-30% шегінде ауытқиды. Жыл сайынғы Дүниежүзілік ішектің қабыну ауруларына қарсы күрес күнінің символы – күлгін лента. Әлемнің көптеген елдерінде бұл күні түрлі білім беру және ағарту іс-шаралары өткізіледі, сондай-ақ белгілі сәулет ғимараттары күлгін түспен жарықтандырылады, осылайша ІҚА-мен ауыратын адамдарға қолдау мен жанашырлық білдіріледі.

Салтанат ҚАЖЫКЕН

414 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы