• Аймақ
  • 06 Тамыз, 2020

Әлеуметтік жауапкершілік алдыға шықты

Жалпақ әлемге таралған коронавирус індеті шекаралардың жабылып, елдер арасындағы барыс-келіс пен сауда-саттықтың шектелуіне әкелді. Осыған байланысты туындаған жағдай қай салада болмасын шығын көздерін барынша қысқартып, межелі міндеттер мен жоспарлы жұмыстарға өзгерістер енгізуге мәжбүр етті. Десек те, жаһандық деңгейдегі қиындықтарға төтеп беріп, еліміз экономикасының қалыпты дамуына өзіндік үлес қосып келе жатқан локомотив-салалардың ірі кәсіпорындары бүгінгі күні де әлеуметтік жауапкершілікті алдыға қойып, індетпен күрес барысында көпшілікке көмек қолын созуда.

Осы орайда таяуда Атырау облысында жұмыс сапарымен болған «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Алик Айдарбаевтың өңір басшысы Махамбет Досмұхам­бетов­пен кездесуі барысында ай­мақ­тағы ұлттық компания кәсіпорындарының эпиде­миологиялық ахуалы, сондай-ақ коронавирус індетімен күрес аясында көрсетіліп жатқан де­меушілік көмек мәселелері талқыланды. Әңгіме барысында «Қаз­Мұнай­Газ» ҰК АҚ (ҚМГ) бас­қа­р­ма төр­ағасы компа­нияның Атырау өңірінде жұмыс істейтін еншілес кәсіпорындары облыс әкімдігімен өзара ынты­мақтаса отырып, халыққа және медици­на­­лық мекемелерге көмек көрсету үшін қомақты қаражат бөліп отырғанын айтты. «Мысалы, «Ембімұнайгаз» кәсіпорны 300 миллион теңге бөлді. Бұл қаражатқа меди­циналық құрал-жабдық пен дәрі-дәрмек, сонымен қатар карантиндік станционарларға азық-түлік, тұрмыстық техника, гигиеналық заттар және жеке қорғаныс құралдары сатып алынды. Қазір­гідей қиын шақта жан-жақты көмек көр­сету – әркімнің борышы деп білеміз», – деді ҚМГ басшысы А.Айдарбаев.

Сондай-ақ ҚМГ басшысы өңірдегі еншілес компаниялар басшыларының қатысуымен селекторлық жиналыс өткізді. Өндірістік басқосуда ағымдағы жұмыстың, дағдарысқа қарсы стратегияның іске асырылу барысы, коронавируспен күрес және санитарлық-эпидемиология­ық шара­лардың қатаң орындалуы жө­ніндегі мәселелер талқыланды. Алик Айдарбаев коронавирус инфекциясы мен пневмониядан қайтыс болған қызметкерлердің отбасылары мен туған-туыстарына көңіл айтып, індетке шалдыққан әріптестеріне тезірек сауығып кетуін тіледі. Сапар барысында ҚМГ басқарма төрағасы Атырау мұнай өңдеу зауытында болып, жоспарлы жөндеу жұмыстарының барысымен танысты және кәсіпорын жанынан мемлекеттік-жекешелік әріптестік қағидаты бойынша құрылған жаңа медициналық орталықты аралап, көрді. Заманауи медициналық жабдықпен жабдықталған меди­циналық орталықта зауыт қызмет­­керлері кәсіпорын аумағынан шықпай-ақ білікті медициналық көмек ала алады. Орталықта оқ­шаулау аумағы бар екенін ерекше атап өткен жөн. Медициналық тексеру барысында Covid-19 белгілері анықталған қызметкерлер бірден осы жерге жіберілетін болады. А.Айдарбаев зауыт басшылы­ғы­ның назарын Атырау қаласы тұрғындарының шағымдарына аударды. «Тұрғындар қаланың сол жағалауында «Сасық сай» деп аталып кеткен, булану алқаптарынан шығатын жағымсыз иіске қатысты наразылықтарын талай білдірген болатын. Бұл мәселеден хабардармыз. Бірақ ашығын айтатын болсақ, «Сасық сайға» ағынды су екі жерден келеді, бірі – қаладан, екіншісі – Атырау мұнай өңдеу зауытынан. Лас судың басым бөлігі ондаған жылдар бойы қалалық кәріз ағындыларынан келуде, ол ешқандай тазартудан өтпейді. Ал зауытта барлық қажетті нормалар мен талаптарға сай механикалық және биологиялық тазарту құрылғы­ларының орнатылғанына біраз уақыт болды. Оның үстіне, олар үнемі жаңартылып отырады. Әрине, біз әлеуметтік жауапты компания ретінде осы алқапты қалпына келтіру жұмыстарына қатысамыз, өңір халқына, табиғаты мен қорша­ған ортаға барынша қамқорлық көрсетеміз. Дегенмен, тұрғындар бүгінгі мәселенің түп-тамыры неде екенін түсінуге тиіс. Сондықтан аймақтағы қоғам белсенділерімен тығыз қарым-қатынас орнатып, зауыттың атқарып жатқан жұмысын тұрақты түрде түсіндіру қажет», – деп тапсырды ҚМГ басшысы. Өз кезегінде «Tazalyq» жобасын іске асыру барысы туралы баянда­ған «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС бас директоры Ш.Данбай қазіргі уақытта механикалық тазарту құрылымдарын қайта құру жөніндегі жобалау-іздестіру жұмыстары 90 пайызға орындалғанын, ал био­ло­гиялық тазарту құрылымдарын жаңғырту бойынша инженерлік ізденістер жүргізіліп жатқанын атап өтті. Булану алқаптарын қалпына келтіру жобасының жобалау-іздестіру жұмыстары 60 пайызға атқарылған. Сонымен қатар өңірге жұмыс сапары кезінде «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы А.Айдарбаев KPI – Интеграцияланған газ-химия кешенінің құрылыс алаңында болып, жұмыс барысымен танысты. Интеграцияланған газ-химия ке­шенінің жобасы ұлттық компанияның басқаруына 2018 жылдың маусым айында берілген болатын. Қазіргі күні кешен жобасының құрылысы 73,5 пайызға орындалды. Құрылыс нысанында бетондық жұмыстар, жерасты және жерүсті құбырларын, металл құрылымдарын, сэндвич-панельдерді, су сақтауға арналған резервуарларды монтаждау және т.б. жұмыстар жүргізілуде. Кешен жобасындағы түрлі нысандар құры­лысының дайындығы 51 пайыздан 97 пайызды құрайды. Осы тұрғыдан алғанда құбыр тораптарын дайындау және технология­лық құбырларды монтаждау жұмыс­тарының іске асырылу көрсеткіші ең төменгі деңгейде. Бұл елде енгізіл­ген карантин тәртібімен байла­нысты. Өйткені осы кезеңде жұмысшылардың бір бөлігі қашықтан жұмыс істеу әдісіне көшірілді. Сонымен қатар әуе тасы­малының тыйым салынуына байланысты аса күрделі жұмыстарды және арнайы құрал-жабдықтарды монтаждаумен айналысатын шетелдік мамандар елімізге келе алмады. ҚМГ басқаруына берілгеннен бергі кезеңде интеграцияланған газ-химия кешені жобасының құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Кешеннің жылдық өндірістік қуаты 500 мың тоннаға дейін полипропилен шығаруға мүмкіндік береді.

БЕКЕТ КӨКЕНАЙҰЛЫ

 

32455 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы