• Ақпарат
  • 13 Тамыз, 2020

Қасым-Жомарт Тоқаев: АБАЙ – РУХАНИ РЕФОРМАТОР

10 тамызда ұлтымыздың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толды. Биылғы жыл халықаралық «Абай жылына» айналды. Қазақстанның бастамасымен және ЮНЕСКО-ның қолдауымен ұлы ойшылдың 175 жылдық мерейтойы жаһандық деңгейде аталып өтуде. Өйткені Абай – әлемдік деңгейдегі кемеңгер тұлға. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша үкімет оныншы тамызды «Абай күні» деп белгілеп, мерекелер тізбесіне енгізді.

Мәселе мерейтойда емес – тұ­ғырлы тұлғаның туындыларынан терең тәлім алуда. «Абайдың рухына тағзым ету – оның қағидатын ұстану, аманатына адал болу. Сонда ғана жас ұрпақтың санасына қастерлі құндылықтарды сіңіреміз. Біз ұлы ойшылдың өнегелі өмірі мен тағылымы туралы айтудан жалықпаймыз. Әсіресе қазіргі Қазақстан қоғамын Абайдың рухани ұстанымына сай дамыту аса маңызды, – деп жазды мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Абай – рухани реформатор» атты мақаласында. – Ақынның баға жетпес мұрасын ұғындыру және дәріптеу – азаматтық парызымыз. Өйткені Абай – әлемдік деңгейдегі кемеңгер тұлға. Абайтанудың тұғырнамалық негізі де осы болуға тиіс». Біз бәсекеге қабілетті мемлекет болу үшін Абай мұрасын естен шығармауымыз керек. Себебі ұлт ретіндегі жаңару идеясы да оның көзқарасымен үндесіп жатқаны анық. Сондықтан біз оның терең ойларына, келешектің келбетіне үңілген көрегендігіне таңырқаудан жалыққан емеспіз, дей келіп Қасым-Жомарт Кемелұлы ешқашан маңызын да, құндылығын да жоғалтпайтын Абай ілімінің бүгінгі бірқатар бағыт­тарға орайлас келетініне назар аударып, ұлт ұстазының мұрасына жүгінуге шақырады. Ең алдымен, білім игеру. Біз бүкіл әлемді ақыл-ой мен парасатты пайым арқылы ғана мойындата аламыз. Заман талабына сай білім алу интеллектуалды ұлт қалыптастыруға жол ашады. Екінші, тәрбие мәселесі. Ақынның «Пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге» деген өсиетін әрдайым санаға сіңіру қажет. Үшінші, жаңа кәсіп игеру. Ақын әр қазақ өз ісінің шебері болса деп армандады. Әсіресе бәсекелестікке толы алмағайып заманда мұның мәні зор. Абай: «Мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды» дейді. Біз еңбекке, жаңа өнер игеруге деген көзқарасымызды түбегейлі өзгертуге тиіспіз. Байлықтың да, бақыттың да кілті – өзің сүйген кәсіпте. Төртінші, ынтымақ мәселесі. Абай әрдайым қоғамның береке-бірлігін арттыруға ден қойды. Ол «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің – бәрі бос» деп, елді татулыққа шақырды. Біз аса күрделі кезеңді бастан өткерудеміз. Осындай сәтте бір-бірімізге қол ұшын беріп, өзара мәміле мен ынтымағымызды арттыра түсу аса маңызды. Кемеңгердің де жан-жүрегімен тілегені жұртының амандығы мен ұлтының тұтастығы еді. Бүгінгідей қиын шақта Абай мұрасына жүгіну өте өзекті болып отыр. Ұлы данышпан елдік мүддені әр­дайым жоғары қоюға, алған білім мен тәжірибені халық игілігіне жұмсауға шақырды. Абай – біздің ұлтымыз бен жұртымызды танудың төте жолы. Ұлы ақын бізге мазмұндық тұрғыдан өлшеусіз, халықтың рухани азығына айналған мұра қалдырды. ХХІ ғасырға қадам бассақ та, Абайдың көзқара­сы заманауи ізгілік қағидаттарына және Қазақстан қоғамының басты құндылықтарына, оның бірлігі мен берекесіне толықтай сай келетіндігіне тағы да бір мәрте көз жеткіземіз. Біз Абайды ұлттық сананы жаң­ғыртуға зор ықпал еткен рухани реформатор ретінде дәріптеуге міндеттіміз. Түптеп келгенде, әрбір қазақ Абаймен мақтануға тиіс! Халқы­мыздың ұлы перзентінің торқалы тойы құтты болсын!

638 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы