• Өндіріс
  • 20 Тамыз, 2020

Тері-былғары комбинаты қайта түледі

Мал шаруашылығын дамыту көзделген жерде жүн иіріп, тері илемеу түсініксіз болады. «Жесең – азық, кисең – киім» дегендей, тек төрт түліктің игілігін кәдеге жаратып, жанама өнім алу кәсібін дұрыс меңгеру қажет. Нарық қиындықтарына ұшырап, банкрот болған бұл бағыттағы жалғыз өндіруші – Семей тері-былғары комбинаты осы іске қайта кірісті.

Бұл еліміздегі эскпортқа бағытталған тері өңдейтін бірегей нысан. Кәсіпорынның былғары өндіру саласын дамытудағы маңызын ескерген Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен және Қа­зақстанның инвестициялық қорымен бірлесіп комбинат жұмысын жандандыру үшін инвестор іздеп, жаңа жұмыс орындарын құруды қолға алған. Қазақстанның инвестициялық қоры проблемалық активтерді әрі қарай іске қосу мақсатында оларды бәсекелес ортаға беру бойынша жұмыс жүргізеді. Негізгі міндет – проблемалы активтерді сауықтыру. Осылайша былғары комбинаты Қор активтері қоржынына 2014 жылы проблемалық жоба ретінде өткен-ді. Қор комбинаттың бұрынғы меншік иесімен бірге қайта құрылымдау рәсімдерін қолдана отырып, бірнеше жыл өндірістік қызметті қалпына келтіруге тырысқан. Алайда, Семей қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің талап-арызы бойынша сот шешімімен міндеттемелерін орындамағаны үшін Семей тері-былғары комбинаты банкрот деп танылды. Зауыттың Қазақстанның инвестициялық қорына қарызы 2,3 миллиард теңгені құрады. Тұралаудың салдарынан компанияның салықтар мен жалақы бойынша қарыздары қосымша ұлғая берді. Шоттарды бұғаттауға байланысты зауыт жұмыс істемеді. Басшылық пен жұмысшылар 130 жылдық тарихы бар кәсіпорынды банкроттыққа жатқызуға болмайтынын, олардың шикізаты тек отандық кәсіпорындарға ғана емес, сонымен бірге шетелдік серіктестерге де қажеттігін айтып, қынжылды. Банкроттық туралы заңнама талаптарына байланысты, Қор комбинатты сақтау үшін 2019 жылғы қарашадан бастап кәсіпорынның мүліктік кешенін балансқа тапсырып, инвестор тартылған сәтке дейін активті ұстау жөніндегі шығындарды көтеруге мәжбүр болды. Ақырында Қор мен Kusto Group компаниясының халықаралық тобына кіретін «Semey Tannery» ЖШС арасында комбинатты кейіннен сатып алу құқығымен мүлікті жалға алу шартына қол қойылды. Енді комбинат Қазақстандағы мал шаруашылығы жобаларын дамытудың жалпы стратегиясы шеңберінде отандық инвестор үшін тартымды бола түсіп, ауыл шаруашылығы саласының жанама өнімі – ірі қара мал терісін тұтынушыға айналмақ. Былғары-тері саласына маманданған кәсіби инвестордың сенімді қолында комбинат тынысы ашылады, деп санайды Қордағылар. Kusto Group түрлі салаларда бизнес құрудың үлкен тәжірибесіне ие және төрт құрлықтағы 10 елде 30-дан астам компаниямен жұмыс істейді. Оның негізгі нарықтары – агробизнес, мұнай және газ, жылжымайтын мүлік, құрылыс материалдары. Қазақстанда Kusto Group асылтұқымды мал өндірісі, бордақылау алаңдары, ет өңдеу сияқты ірі ауыл шаруашылығы жобаларын инвестициялаған. Компания бұған дейін Kazbeef тәрізді ірі ауыл шаруашылығы жобасын іске асырды. Жаңа инвестор комбинатты оның негізгі қызмет түрі: ауыл шаруашылығы жануарларының терілерін қайта өңдеу, былғары өнімдерін (экспортқа бағытталған Wet blue хром иленуінің жартылай фабрикаты, аяқ киім, киетін тері) және тон-тері бұйымдарын өндіру және сату бойынша іске қосумен айналысады. Wet blue жоғары сапалы былғары хромды илеудің жартылай фабрикатын жасау – мамандандырылған білімді қажет ететін үш фазалы илеу процесі. Бұл өнімдер жоғары сападан басқа, беріктігімен, өзіндік қолайлы құнымен және материалдың төмен бағасымен ерекшеленеді. Бұл жартылай фабрикатты күртешелер, аяқ киім, аксессуарлар – қақпақтар, белдіктер және басқа да бұйымдар өндіру үшін пайдалануға болады. Зауыттың ең жоғары қуаты жылына 1,7 миллион шаршы метрге дейін wet Blue жартылай фабрикатын құрауы мүмкін. Өндіріс технологиясында қолданылатын шикізат пен қажетті химиялық препараттарды жергілікті өндірушілер жеткізеді, сонымен қатар ішінара Ресейден сатып алынады. Қазіргі күні кәсіпорындағы тиісті жұмыстар аяқталып, 3000 шаршы метрден астам дайын өнімнің алғашқы партиясы шығарылды. Құрамында толық циклды үш зауыт бар. Бірінде былғары, екіншісінде қой терісі өңделсе, үшіншісі – тігін цехы. «Қарапайым заттар экономикасы» аясында кәсіпорынның нарықты дайын тері-былғары өнімдерімен молайтуға мүмкіндігі жетеді. Инвестор екі айдың ішінде зауыттың аумағы мен жабдықтарын іске қосуға дайындады. Комбинат негізгі қызмет түрі: ІҚМ терісін өңдеу, былғары өнімдерін өндіру және сату – экспортқа бағытталған wet blue хромды илеудің жартылай фабрикаты бойынша іске қосылды. – Қазір комбинатта 60-тан астам адам жұмыс істейді, бұрын осында еңбектенген техникалық мамандар мен жергілікті шифер зауытының мамандары тартылды. Комбинат қуаттылығының жүктелуіне қарай персонал саны ұлғаятын болады, 200 адамға дейін жалдауды жоспарлап отырмыз. Маусым-шілде айларында біз кәріз жүйесін тазалау, нысанды күзету, жабдықтың жұмыс қабілеттілігін тексеру секілді барлық қажетті жұмыстарды жүргіздік. Ішінара жөндеу, шатырды қалпына келтіру жұмыстары атқарылып, іссапарлар бөлмелері, жұмысшылар үшін душ бөлмелері жасалды. Шикізат партиясы алынып, іске қосу-реттеу жұмыстары жүзеге асырылды, – деп хабарлады Semey Tannery атқарушы директоры Руслан Бисенов.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

39 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала Бағдарлама жаңартылды, өзгеріс қандай?
Келесі мақала Көкжиегі кең кәсіпорын

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

TENGE MONITOR №44

29 Қазан, 2020

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ахас Қайырұлы Тәжутов

“TENGE MONITOR” апталық газетінің бас редакторы