• Билік
  • 20 Тамыз, 2020

Тұрақты жұмыспен қамту, балық өндірісін нығайту: Бағдарламалар ықпалын арттыру қажет

Үкімет сейсенбідегі дәстүрлі отырысында жұмыспен қамтуды қолдау жөніндегі шаралардың іске асырылуын қарады. Сонымен қатар, елімізде балық саласын дамыту перспективасына маңыз берді. Талқыланған шаралар бойынша Премьер-министр Асқар Мамин нақты міндеттер бекітті.

Биыл «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы, Жұмыспен қамтудың жол картасы және басқа да салалық бағдарламалар аясындағы шаралар 743 мың адамды қамтыды. Жыл соңына дейін 1 млн 220 мың адамға қолдау көрсетіледі. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында тұрақты жұмыс орындарын құруға және өңірлердің әлеуметтік инфрақұрылымын жақсартуға баса назар аударылып, тиісті жобалар тізбесі оңтайландырылды. Осы 6 702 жоба аяқталған соң, аралас салаларда қосымша 100 мыңнан астам тұрақты жұмыс орындары құрылады. Премьер-министр Шымкент қаласында, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында жұмыспен қамтуды қолдау шараларын іске асырудың жоғары қарқынын атап өтті. «Әкімдік­тер бағдарламаларды іске асыру жұмыстарын жандандыруы қажет. Қазіргі жағдайда бірінші кезектегі міндет – бұл азаматтарды жұмыспен қамтамасыз ету. Қажетті ресурстар бөлінген, барлық құралдар бар, еңбек нарығында теңгерімсіздіктердің пайда болуына жол бермеу керек», – деді А.Мамин. Үкімет басшысы мемлекеттік бағдарламаларда қарастырылған іс-шараларды жүзеге асыруды, сондай-ақ Электрондық еңбек биржасының бизнес-процестерін оңтайландыру, жұмыспен қамту шараларымен проактивті қамтуды дамыту және оларды іске асыру мониторингін күшейту жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды. Әкімдіктерге әрбір жұмыссыз адамның профайлын құру және онымен жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бойынша атаулы жұмыс жүргізу тапсырылды. Жұмыспен қамтудың жоспарланған индикаторларына қол жеткізіп, тұрақты жұмыс орындарын құруға ерекше назар аудару қажет. Ұлттық экономика, Ауыл шаруашылығы министрліктеріне «Атамекен» ҰКП және әкімдіктермен бірлесіп, бизнес бастамаларды дамыту және қолдау бойынша жұмысты жандандыру тапсырылды. Балық аулау және оны көбейту – азық-түлік өнімі өндірісіндегі басым салалардың бірі. Қазақстанда тауарлы балық өсірумен 180 балық өсіру шаруашылығы айналысады. Биылғы ақпан айында Атырау қаласында Үкімет басшысының төрағалығымен өткен кеңестің қорытындысы бойынша әкімшілік кедергілерді азайтуға және балық шаруашылығы саласын дамыту үшін оңтайлы жағдайлар жасауға бағытталған бірқатар заңнамалық бастамалар әзірленді. Су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемді оңтайландыруға, балық өсіру шаруашылығын (оның ішінде су қорғау белдеуінде) тиімді аймақтарға бөлуге және орналастыруға, балық аулаудың және балық аулайтын кемелер жұмысының тиімді кестесін белгілеуге, тыйым салынған балық аулау құралдарының айналымы үшін жауапкершілікті белгілейтін нормаларды қатаңдатуға ерекше назар аударылды. Барлық қажетті заңнамалық түзетулер биылғы қыркүйекте Парламентке енгізіледі. Жемшөпті субсидиялау (25% дейін) және инвестициялық шығындарды өтеу (30% дейін) тұрғысынан қосымша мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіліп жатыр. Тауарлы балық өсіруді дамытуға бағытталған инвестициялық жобаларға жеңілдетілген несие беру көзделген. Жалпы, сала айтарлықтай әлеуетке ие және серпінді өсім көрсетуде. Қабылданып жатқан шаралардың арқасында биыл өсірілген тауарлы балықтың көлемін соңғы екі жылда 1,6 есеге ұлғайтып (2018 жылы – 5,6 мың тонна, 2019 жылы – 7,4 мың тонна), 9 мың тоннаға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл ретте өсірілетін балықтың негізгі көлемі Түркістан облысы (шамамен 68%), Алматы, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарына тиесілі. Премьер-министр балық өндірісінің көлемі айтарлықтай ұлғайып, 2030 жылға қарай 600 мың тоннаға дейін жеткізілуі мүмкін екенін атап өтті. Сонымен қатар балық саласы АӨК құрылымында негізгілердің біріне айналуы, экспорт көлемі 10 есе – 300 мың тоннаға дейін ұлғайтылып, кемінде 100 мың қосымша жұмыс орны құрылуы тиіс. «Әр өңірде балық өндірісі ұйымдастырылуы тиіс, бизнес субъектілеріне су қоймалары бекітіліп, жаңа ауланған сапасы жоғары балық сататын сауда орындарының санын арттыру керек. Азаматтардың пайдалы тамақтану рационын қамтамасыз ету үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы бойынша бір адамға балықты тұтыну деңгейін 16 килограмға жеткізу керек (бүгінде Қазақстанда – жылына 3-4 кг)», – деді А. Мамин. Осыған орай, Үкімет басшысы биылғы 1 қарашаға дейін балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламаларын әзірлеп, бекітуді тапсырды. Онда басым субсидиялау, жер телімдерін бөлу, инфрақұрылым жүргізу бойынша нақты индикаторлар мен іс-шаралар және басқа да мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілуі тиіс.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

475 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы