• Қаржы
  • 27 Тамыз, 2020

Инвестициялық монеталар айналысқа шықты

Ұлттық банк жоғары сынамалы алтын мен күмістен соғылған Altyn barys және Kúmis barys жаңартылған инвестициялық монеталарын, сонымен қатар Ата заңымыздың және Қазақстан халқы ассамблеясының 25 жылдығына орай мерекелік монеталарды айналысқа шығарды.

Ұлттық банк айналысқа шығарған 10, 20, 50, 100, 200, 500 теңгелік алтын, 1, 2, 5 және 10 теңгелік күміс Altyn barys және Kúmis barys инвестициялық монеталарындағы мемлекеттік тілдегі жазулар өзгертіліп, мүсіндік бейнелер жақсартылды.
999,9 жоғары сынамалы алтын мен күмістен соғылатын инвести­­ция­лық монеталардың негізгі мақсаты – қаражатты инвестициялау және жинақтау.
Қазір әлемде инвестициялық моне­талардың «Крюгерранд» (Оңтүстік Африка), «Америкалық бүркіт» (АҚШ), «Вена филармония­сы» (Австрия), «Панда» (Қытай), «Үйең­кі жапырағы» (Канада) деп аталатын бірнеше ірі брендтері бар.
Қазақстанның алғашқы инвести­циялық «Жібек жолы» монеталары 1996 жылы айналысқа шығарылды. 2009 жылдан бастап дизайнының өзгеруіне байланысты түрлі салмақ сипаттамалары бар «Алтын барыс» және «Күміс барыс» инвестициялық монеталары шығарыла бастады.
Инвестициялық монеталардың ерекшеліктері: таралымы шектелмеген; «proof» технологиясы қолданылмастан дайындалады; монета жасалған металдың құны мен салмағына байланысты кіріс алу мүмкіндігі; сату және сатып алу ережелеріне сәйкес сатып алу монетадағы металдың салмағы бойынша есептелетіндіктен, Ұлттық банк монетаның сырт көрінісіне (сызаттар, зең белгілері және т.б.) қарамастан кері сатып алуға қабылдайды; қосылған құнына салық салынбайды.
Алтын мен күмістен жасалған барлық номиналдардағы инвести­циялық монеталар Қазақстан Рес­публикасының бүкіл аумағында бел­гіленген құнына сәйкес төлем­дердің барлық түрлері бойынша, сондай-ақ банк шоттарына есепке алу және аудару үшін міндетті түрде қабылданады, еліміздің барлық банктерінде шек­теусіз ұсақталады және айырбасталады.
Altyn barys және Kúmis barys инвес­тициялық монеталары Қазақстан теңге сарайында дайындалған. Оларды Қазақстан Ұлттық Банкінің барлық аумақтық филиалдарынан, сондай-ақ www.nationalbank.kz сайтындағы Интернет-дүкен арқылы сатып алуға болады.
Ұлттық банк Ата заңымыздың жә­не Қазақстан халқы ассамблеясының 25 жылдығы сынды айтулы мерекелерге орай мельхиор қоспасынан номиналы 200 теңгелік және нейзильбер қоспасынан номиналы 100 теңгелік «QAZAQSTAN KONSTITÝSIASYNA 25 JYL» және «QAZAQSTAN HALQY ASSAMBLEIASY. 25 JYL» атты коллекциялық монеталарды айналысқа шығарды.
«Рroof-like» сапалы монеталар МН 25 мельхиор қоспасынан, салмағы 15 грамм, диаметрі 33 мм, номиналы 200 теңгелік, таралымы 3000 дана, ал «Uncirculated» сапалы монеталар МНЦ 15-20 МНЦ 15-20 қоспасынан, салмағы 11,17 грамм, диаметрі 31 мм, номиналы 100 теңгелік, таралымы 50 000 дана болып дайындалған.
Монеталар коллекциялық құны бойынша сатуға арналған, төлемдердің барлық түрлері бойынша еліміз аумағында белгіленген құнымен қа­былдануға, сондай-ақ банк шоттарына есепке алынуға және аударылуға міндетті, барлық банктерде шектеусіз ұсақталады және айырбасталады.
Мельхиор қоспасынан дайын­далған монеталар кәдесыйлық орамда шығарылады. Коллекциялық монеталар Қазақстан теңге сарайында дайындалған.

БЕКЕТ КӨКЕНАЙҰЛЫ

497 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы