• Саясат
  • 09 Қыркүйек, 2020

Президент Жолдауы: Кәсіпкерлік өрісі кеңейеді

Кәсіпкерліктің қазақ ұғымындағы қарапайым түсінігі «екі қолға бір күрекке» саятынымен, индустрияландыру дәуірінің ақындары жырға қосқан құрыш білек жұмыс күшін бүгінде қауырсын қаламды білім мен білік алмастырған заман туды. Еліміз алмағайып болашаққа қадам басқан қазіргі сәтте әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты, жұмыс орындарын және халықтың табысын сақтап қалуды діттеп отырған Президент Жолдауы халықтың өз қолын өз аузына жеткізуді көздейтін кәсіпкерлік өрісін кеңейтуге, мұның ішінде экономикалық тиімділігі мол кәсіп түрлерін қолдап, өркендетуге бағытталып отырғаны бекер емес.
Атап айтқанда, жаңа жағдайда елдің орнықты дамуын қамтамасыз ететін жоба-жоспардағы кәсіпкерлікке арналған «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасында шағын және орта бизнеске қосымша көмек көрсету мақсатында соңғы қарыз алушы үшін жылдық 6 пайызға дейін жеткізе отырып, қолданыстағы кредиттер бойынша пайыздық мөлшерлемелер субсидияланатын болады. Субсидиялау төтенше жағдай тәртібі жарияланған сәттен бастап 12 ай кезеңін қамтиды, ал жаңа несиелер жеңілдікті мөлшерлеме бойынша қаржыландырылады. Осы орайда бұрындары шағын және орта бизнес субъектілеріне жоғары мөлшерлеме бойынша беріліп, қазір қолданыста жүрген несиелер бизнеске үлкен жүктеме әкеліп отырғанын айта кетуіміз керек. Бұл әсіресе кәсіпкерлер қызметіне қатысты шектеу шаралары енгізіліп жатқан қазіргі ахуалда сезіліп отыр. Сондықтан да бұл несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемелерді төмендету мәселесі көптен көтеріліп келе жатқан-ды. Осыған орай зардап шеккен секторлардағы барлық шағын және орта бизнес субъектілеріне олардың кредиттері бойынша төтенше жағдай режимі жарияланған сәттен бастап, яғни 2020 жылғы 16 наурыздан 2021 жылғы 16 наурыз аралығындағы 12 ай ішінде жылдығы 6 пайызға дейін субсидия беріп, қолдаудың қосымша шараларын көрсету туралы шешім қабылданғанын кәсіпкер қауым жылы қабылдады. Жолдауда алға қойылған міндеттерге сәйкес бизнестегі ахуалды одан әрі жақсарту жөніндегі іс-қимыл кешені, атап айтқанда тәуекелдерді басқару жүйелерін автоматтандыруды, барлық реттеуші тараптардың тексерулерін біріздендіруді және қысқартуды көздейтін шаралар қабылданатын болады. Қазіргі уақытта реттеушілік апелляция институтын енгізу, оны Кәсіпкерлік кодексіне бекіту бойынша шаралар әзірленуде. Шағын және орта бизнес субъектілері ағымдағы жылдың соңына дейін республикалық және коммуналдық меншік объектілері бойынша жалдау төлемдерін төлеуден босатылады. Осындай шаралар квазимемлекеттік сектор объектілері бойынша да қабылданатын болады. Зардап шеккен салалардағы шағын және орта бизнес субъектілері ағымдағы жылдың соңына дейін зейнетақы қорына, әлеуметтік сақтандыру қорына және медициналық сақтандыру қорына аударымдардан босатылады. Шикізаттық емес орташа кәсіпорындарға бағытталған экспорттық акселерация бағдарламасы іске қосылады. Кәсіпкерлікті қолдау үшін қосымша 200 млрд теңге бөлініп, ол айналым капиталын жеңілдетілген мөлшерлеме бойынша несиелеу көлемін 800 млрд теңгеге дейін жеткізеді. Бұл бағдарлама 2021 жылдың соңына дейін ұзартылады. Осы аталған барлық шаралар жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнес үлесін 35 пайызға дейін және 2025 жылға қарай кәсіпкерлікте жұмыспен қамтылғандар санын 4 млн адамға дейін арттыру бойынша алға қойылған міндеттерге қол жеткізуге ықпал етеді.
Бұл ретте инвестицияларды ынталандыру бойынша заңнамалық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында инвестициялық жобаларды іске асырудың барлық мерзіміне стратегиялық инвестициялық келісімдер енгізілетінін атап өткеніміз жөн. Кәсіпкерлік және салық кодекстеріне, сондай-ақ арнайы экономикалық аймақтар туралы заңға түзетулер енгізіледі. Инвесторлармен стратегиялық келісімдер жасасу мүмкін болатын инвестициялық жобалар тобы қалыптастырылады. Әрбір ірі инвесторға жеке көзқарас қамтамасыз етіледі. Ал, инвестициялық жобаларды іске асыру үдерісіне қазіргі заманғы инфрақұрылымды, ағылшын құқығын, преференциялық салық және көші-қон режимдерін ұсынатын «Астана» халықаралық қаржы орталығының әлеуеті белсенді пайдаланылмақ. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 2025 жылға қарай жалпы ішкі өнімге қатысты 30 пайызға дейін жеткізіледі. Ел басқару жүйесі бойынша мемлекеттік қызметшілер мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлерінің саны ағымдағы жылдың соңына дейін 10 пайызға, келесі жылы тағы 15 пайызға азайтылмақ. Осылайша келесі жылдың соңына дейін олар 25 пайызға дейін қысқартылады. Экономикадағы жеке сектордың көлемін кеңейту үшін жекешелендірудің 2025 жылға дейінгі жаңа жоспары қабылдануға тиіс. Салық-бюджет саясатын жетілдіру бойынша міндеттемелерді орындауды оңайлату және салықтар мен төлемдер санын азайту мақсатында салық заңнамасына толық тексеру жүргізіледі. Бұл жұмыстың басталып та кеткенін айтуға тиіспіз. Шағын және орта бизнес үшін неғұрлым зардап шеккен секторларда айналымнан бөлшек салық төлеу құқығы енгізіледі. Экономиканы әртараптандыру және бюджетті толықтыру үшін салық кесімдерін саралау мүмкіндіктері қарастырылып, жаңа бюджет саясатын әзірлеуге ерекше назар аударылады. Түйінді бюджеттік коэффициенттер мен қағидалар жиынтығы, бюджет саясатының тиімділігі мен орнықтылығын бағалау әдістемесі әзірленеді. Бюджеттен тыс қорларды шоғырландырылған бюджетке енгізу жолымен мемлекеттік қаржыны кешенді бағалауды енгізу жоспарлануда. Мұның нәтижесінде бюджеттік жоспарлаудың жаңа тәсілдері мемлекеттік жоспарлау жүйесіндегі ұлттық басымдықтарды неғұрлым толық іске асыруды қамтамасыз етеді.

Жетпісбай
Бекболатұлы,
әл-Фараби
атындағы ҚазҰУ
профессоры
e-mail:
Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

395 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы