• Өндіріс
  • 17 Қыркүйек, 2020

Балық шаруашылығына субсидия берілуі мүмкін

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Атырауда ірі балық өндіруші кәсіпорындардың өкілдерімен кездесті. «Орал-Атырау бекіре балық өсіру зауыты» РМКК-де өткен кездесуге Атырау облыстық әкімдігінің өкілдері, «BD – Балық шаруашылығы қауымдастығы» ЗТБ және саладағы бірқатар кәсіпорынның басшылары қатысып, балық шаруашылығындағы өзекті мәселелерді талқылады.

Кездесу барысында экология, геология және табиғи ресурстар министрі М.Мырзағалиев балық шаруашылығында өңірдің алатын орны ерекше екенін, қазір мемлекет тарапынан бұл салаға көп көңіл бөлініп отырғанын атап өтті. «Қазақстанда ауланатын балықтың отызға жуық пайызы (29,2 пайыз, 13,0 мың тонна) осы облысқа тиесілі. Каспийге құятын екі ірі балық шаруашылығы су айдыны – Жайық пен Қиғаш өзендерінде 20 табиғат пайдаланушы өз кәсіптерін іске асырып жатыр… Балық өсірумен қатар балық аулаудың атыраулық балықшыларға маңызды екенін біз есептен шығармаймыз. Әсіресе, Каспийде теңіз балықтары игерілмей жатқанын ескерсек, өңірде балық аулау көлемін одан да арттыруға болады. Осы шаруашылықтың дамуына серпін беретін ұсыныстар болып жатса, біз бірлесіп қарауға әзірміз», – деді ол.
Жиында кәсіпкерлер салықтық жеңілдіктер мен субсидиялау бойынша ұсыныстар білдірді. Министр бұл бастамаларды қолдайтынын жеткізді. «Бұл мәселелер Қаржы, Ұлттық экономика министрліктері сияқты басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп қарауды және келісуді талап етеді. Сондықтан тиісті өзгерістер енгізу үшін сіздердің тараптарыңыздан нақты есептер (расчеты) мен негіздемелер ұсынылуы қажет. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне аталған мәселелерді сіздермен бірлесіп қарауды тапсырамын. Көтерілген мәселелер оң шешімін тапқан жағдайда балық шаруашылығының әлеуеті көтеріліп, кәсіпкерлердің жұмысы одан әрі жанданатыны сөзсіз», – деді М.Мырзағалиев.
Министр барлық жергілікті балық шаруашылығы өкілдерін 24 қыркүйекте премьер-министр Асқар Маминнің қатысуымен Шардара қаласында өтетін балық шаруашылығы бойынша респуб­ликалық семинарға қатысуға шақыр­ды. Онда кәсіпкерлерге балық аулау мен балық өсіруді қатар жүргізу тәжірибесі таныстырылмақ.
Еске салсақ, балық саласындағы өңірдің ерекшелігін ескере отырып, осы жылдың 27 ақпанында Атырау қаласында Балық шаруашылығын дамыту мәселелері туралы үкіметтің жиналысы өткен. Оған премьер-министр Асқар Мамин төрағалық етті. Сол кезде Үкімет басшысы берген тапсырмалардың біразы шешімін тауып жатыр. Айталық, атыраулық балықшылардың өтініші бойынша Каспий теңізі мен Жайық өзенінде балық аулау мерзімдері ұзартылды.
Сонымен бірге, 18 тамыздағы үкімет отырысында балық шаруашы­лығының даму перспективалары қаралды. Нәтижесінде 1 қарашаға дейін облыс әкімдіктеріне балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламаларын әзірлеу тапсырылды. Бұл аймақтарда, оның ішінде Атырау облысында балық шаруашылығын қар­қынды дамытуға өз септігін тигіз­бек.
Қазіргі таңда Атырау облысында кәсіптік балық аулау жүзеге асырылатын 3 су қоймасы орналасқан. Атап өтсек, Орал, Қиғаш өзендері мен Каспий теңізінің Қазақстандағы бөлігі. Биылғы жылдың 8 айында Атырау облыстық инспекциясы қызметкерлері 752 тұлғаға қатысты 1301 табиғатты қорғау заңын бұзу фактісін тіркеген. Оларға жалпы құны 14,9 млн теңге айыппұл салынып, 11,5 млн теңгесі өндірілді. Құқық бұзушылардан 11,1 тонна частик тұқымдас балық, 9 келі бекіре, 1484 балық аулау құралы тәркіленді.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, ІІМ және Ұлттық қауіпсідік комитеті бірлесе өткізген 2020 жылдың 1 сәуірі мен 31 мамыр аралығындағы «Бекіре – 2020» балық қорғау акциясы аясында 1129 табиғатты қорғау заңын бұзу фактісі тіркелді. Оның 883-і Атырау облысына тиесілі. Балық қорғау саласы, полиция және шекара қызметшілері заңсыз айналымнан 13,9 тонна балық тәркіледі.

САЛТАНАТ ҚАЖЫКЕН

28 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала Қазақстан үшін Әзербайжан – маңызды экспорттық бағыт
Келесі мақала Карантинге қарамастан, жеміс-жидек жинау қарқыны артты

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

TENGE MONITOR №43

22 Қазан, 2020

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ахас Қайырұлы Тәжутов

“TENGE MONITOR” апталық газетінің бас редакторы