• Ақорда & Үкімет
  • 17 Қыркүйек, 2020

ПРЕЗИДЕНТ ҚЫЗЫЛЖАР ӨҢІРІНДЕГІ ЕГІН ОРАҒЫНЫҢ БАРЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылжар ауданының егістік алқабын аралап, «Аби жер» шаруашылығындағы астық жинау науқанының барысымен танысты, деп хабарлады ҚР Президентінің Баспасөз қызметі.

Президент диқандармен әңгіме барысында Солтүстік Қазақстан облысы еліміздің маңызды астықты өлкесі екенін, мұнда әлемдік нарықта сұранысқа ие экологиялық таза, табиғи өнім өндірілетінін айтты.
– Солтүстік Қазақстан облысы – маңызды астықты өлкеміздің бірі. Қазіргі басты мақсат – егіс алқаптарындағы астықты төкпей-шашпай түгелдей жинап алу. Дақыл­дарды әртараптандыру өте маңызды, әсіресе, экспортқа шығару үшін қажет. Біздің нарығымыз өте үлкен. Солтүстік Қазақстан облысының өнімі әлемде, соның ішінде, Қытайда жоғары бағаланады. Яғни экспорт көлемін ұлғайтуға үлкен мүмкіндіктер бар. Өңірдің әлеуеті зор деп ойлаймын. Жолдауға келетін болсақ, оны жүзеге асырудың барлық тетіктері Үкіметпен, тиісті мамандармен келісілген. Сондықтан оны тек қана орындау керек. Кезінде үлкен, ауқымды мемлекеттік бағдар­ламалар жүзеге асырылды, бірақ қазір шағын әрі елге түсінікті ұлттық жобалар керек, – деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысына өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы­ның негізгі көрсеткіштері мен агро­өнеркәсіп кешенінің келешегі туралы мәлімет берілді. Облыс әкімінің айтуынша, өңірде аграрлық секторды әртараптандыру жұмысы қызу жүргізіліп жатыр. Майлы дақылдардың алқабы 1 миллион гектарға жуықтаған. Жыл басынан бері агросекторға 61 миллиард теңге инвестиция тартылған.
Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов Солтүстік Қазақстан облысының минералды тыңайтқыштарды пайдалану жөнінен еліміз бойынша алдыңғы орында екенін жеткізді. Биыл 2,3 миллион гектар аумаққа 130 мың тонна тыңайтқыш пайдалану жоспарланған. Сонымен қатар облыста ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Соның нәтижесінде өнім өндіру көрсеткіші артып отыр. Алдағы уақытта «CLAAS» неміс концерні Петропавлда ауыл шаруашылығы техникасын құрастырмақ.
Осы ретте Мемлекет басшысының таяуда ғана халыққа арнаған Жолдауында былай деп атап көрсеткенін де атап айтқан жөн: «Қазақстанның алдында тұрған аса маңызды міндет – өнеркәсіптік әлеуетімізді толық пайдалану.
Осы саладағы табыстарымызға қарамастан, ішкі нарықтың зор мүм­кіндіктерін әлі де болса толыққанды жүзеге асыра алмай келеміз. Өңделген тауарлардың үштен екісіне жуығы шетелден әкелінеді.
Ұлттық экономиканың стратегия­лық қуатын арттыру үшін тез арада қайта өңдеу ісінің жаңа салаларын дамыту қажет. Бұл қара және түсті металлургия, мұнай химиясы, көлік құрастыру және машина жасау, құрылыс материалдары мен азық-түлік өндіру және басқа да салаларды қамтиды».
Расында да, нақ осы секторда – ауыл шаруашылығының бидай өндіру, оның ұн өнімдерін облыста ғана емес, еліміздің басқа да өңірлеріндегі қайта өңдеу кәсіпорындарының қуатымен экспортқа шығару – өзекті мәселе және шешімін таба алатын маңызды міндет. Олай болса, тек осы бағытта Солтүстік Қазақстан облысы қарқынды жұмыстар жүргізе алады.

 Президент өңір басшылығына бұл міндетке баса көңіл бөлуді тапсыруы да Қызылжар экономикасы әлеуетінің қуатты екенін айғақтап отыр.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев диқандардың мол астықты дер кезінде жинап алуына тілектестік білдіріп, жұмыстарына табыс тіледі.

Президент

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ
ӨЗГЕ ӨҢІРЛЕРДЕН
ҚОНЫС АУДАРҒАН
АЗАМАТТАРМЕН КЕЗДЕСТІ

Президент мемлекеттік қол­даумен Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аударған азаматтармен кездесті. Оларға арнап Қызылжар ауданының Чапаев ауылында баспана салу жөніндегі пилоттық жоба жүзеге асырылған болатын. Облысқа сапары барысында Мемлекет басшысы жаңа тұрғын үйлерді аралап көргенін де хабарлайды www.akorda.kz сайтынан.
Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылдан бастап ауыл әкімдері тұң­ғыш рет сайланатынын, бұл бастама демократияның айқын көрінісі екенін айтты.
– Әкімдер ауылдағы проблемаларды бәрінен жақсы біледі. Сон­дықтан ауыл тұрғындары өзде­рінің мәселелерін ең алдымен сіздерге ай­тады. Көптеген арыз-шағымдарды жергілікті жерде шешуге болады. Әсіресе, ауылдық жерлерде ауызсу мәселесін шешу өте өзекті. Сонымен қатар «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыру маңызды. Соның нәтижесінде жергілікті жерлердегі инфрақұрылым дамиды, жаңа жұмыс орындары ашылады. Облыста бұл мәселе тиісті деңгейде іске асырылып жатыр, – деді Мемлекет басшысы.
Президент мемлекеттік қызмет көрсету жүйесі мен мемлекеттік басқару мәселесіне де тоқталды.
– Мен Қазақстан халқына ар­наған Жолдауымда мемлекеттік қыз­мет жүйесі жабық болмауы керек екенін айттым. Бізге ойы ұшқыр, ақылды жастар керек. Бізде Тұңғыш Президентіміздің саясатының арқа­сында өте жақсы білім алған жастар көп. Сондықтан біз мемлекеттік қызметке жастарды шақырамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Президентке өзге өңірлерден көшіп келген дәрігер, мұғалім, механизатор және басқа да мамандық иелеріне гранттар берілетінін, сондай-ақ олар жаңа жалдамалы баспанамен және жұмыспен қамтамасыз етілетінін айтты.
Ауылдарда баспана салуға ба­ғыт­талған облыстағы аталған пи­лоттық жобаның жүзеге асыры­лып жатқа­нына екі жыл болды. Былтыр аталған жоба аясында елді ме­кендерде 428 үй салынса, биыл 788 баспана тұрғы­зылады. Былтыр облысқа 736 отбасы, барлығы 2,2 мың адам көшіп келген. Биыл 700 отбасы немесе 2,4 мың адам қоныс аудармақ.
Кездесу соңында ауыл әкімдері мен өңірге жаңадан қоныс аударып келген тұрғындар мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп жатқаны үшін Қазақстан Президентіне алғыс білдірді, деп жазады Мемлекет басшы­сының ресми сайтында.

ИСАТАЙ ҚАМБАРОВ

45 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала Золотая Орда или Кыпчакское ханство как наше историческое наследие
Келесі мақала Мазмұнды іс-шаралар жалғасады

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

TENGE MONITOR №44

29 Қазан, 2020

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ахас Қайырұлы Тәжутов

“TENGE MONITOR” апталық газетінің бас редакторы