• Әлеумет
  • 24 Қыркүйек, 2020

Ұрпақ тәрбиесі – болашақ тірегі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында елімізді одан әрі дамыту стратегиясы айқындалды. Мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру, жаңа заман талаптарына сәйкес экономикалық даму міндеті алға қойылған Жолдаудағы басты басымдық – халықтың әлеуметтік әл-ауқатын арттыру. Осы орайда білімнің қолжетімді әрі сапалы болуын қамтамасыз ету, ұрпақ тәрбиесі, еңбек құндылықтарына деген көзқарасты өзгертудің маңыздылығы атап көрсетілді.

Соңғы жылдары көпшілік арасында «Кітап оқымайтын тәрбиесіз ұрпақ қалыптасып келеді» дегенді жиі естиміз. Сонда ойға қаламын, қай кезде де «Кітап – тәрбие құралы», «Кітап – білім бұлағы», «Кітап – тарих шежіресі, оқу-тәрбие құралы», «оқымасаң ой тоқырайды» демеуші ме еді? Сонда қалай, тәрбиесіздікке бет алғанымызды байқамай қалға­нымыз ба? Осы үрдісті жалғас­тырып, тәрбие мәселесін кейінге ысырып қою қаншалық дұрыс? Өзіме әрдайым қоятын осы ба­ғыт­тағы сұрақты көпшілікке де бағыттап, пікір алмассам ба деген шешімге келдім.
Кейінгі жылдары ежелден қалыптасқан «әже институтына» қатысты жайларды ескіліктің қалдығы ретінде қарастырып «өткенге жалтақтаудың қажеті жоқ, салт-дәстүрді тым әспет­теудің керегі қанша?» деп дау айтатындар бой көрсетіп қалып жүр. Шындығында, мұның бәрі ұлттық менталитетіміздің бастауы емес пе? Ұлы даналардан қалған аманат, «Атадан – өсиет, анадан – қасиет», нақыл сөз, мақал-мәтел, т.б. өмір сүру қағидамызды қалыптастыратын тәлімдік тәрбие көзі ғой.
«Ата балаға сыншы» деп сана­ған халқымыз дарынды сәбиді бесігінен танып, тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген-ді. Тіпті, тұлпар болар құнанды да құлынында танып, ерекше күтімге алып, баптауын келістірмеп пе еді?! Соның арқасында «Ата көріп оқ жонып, шеше көріп тон пішкен» қан­шама жас буын жалпақ елге өнеге болғаны анық. Ахмет Бай­тұрсынұлының «Баланы ұлша тәрбиелесең – ұл, құлша тәрбиелесең – құл болмақшы», – дегені осы. Халқымыздың «Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы» деп бала тәрбиесіне зор жауапкершілік жүктегенін Мұхтар Әуезов «Ұл тәр­биелей отырып, халықты тәр­бие­лейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлт тәрбиелейміз», – деп жаз­ғанынан кезіктіреміз.
Қазақ елін сауатсыз санаған­дарға халқымыздың байырғы «анатомия пәніне» қатысты ел аузындағы әңгімесін Сәду жет­кізген-тін. «Қазақ қит етсе, «бауырым-бауырым» деп шыға келеді. Неге осы өкпем, қолқам, я болмаса қос бүйрегім деп айтпаған? – деп Тобық әжесінен сұрағанда: «Көне әңгімеде құрсақта жаңадан жаралған шикі етте жүрек болма­ғандықтан, қорегін кіндік ішегі арқылы анасының бауырынан алғандықтан, қазақ жақсы көретін адамын әрдайым «бауырым» дейді», – депті жарықтық.

 

 

 

 

 

Бауырмалдылықтың жемісі өткен ғасырдағы қанды соғыста елімізге пана тілеп келген жат жұрттықтарға оң ықпалын тигізді. Қазіргі әлемді жайлаған індетте де халқымыз қандағы қасиетімен бауырмалдылық өнегесін көрсетті. Міне, байқағанымыздай осының бәрі қандағы тәрбиенің жемісі.
Көкірегі ояу, көзі ашық, саналы жандардың қай-қайсысы да қоғам туралы, оның келбетін айқындауға қызмет еткен ұлы тұлғаларды сара­лағанда уақыттың сәйкестігі мен тұрғыластығының пайымына көз жүгіртіп, ұлы ойшылдардың, абыздардың, кемеңгерлердің толғақты тұжырымдарына жүгінері анық. Құрбылас пен тұрғыластың жас айырмашылығы ондайда есеп емес, санадағы толысып піскен тұнық ойлардың тұшымдылығы қаперге алынады. Заманымыз­дың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің: «Еккенің тікен болса, орғаның балауса болмас», – деген кемеңгерлік сөзі тәрбиеге қатысты кез келген келелі мәселеде ұрпақтан ұрпаққа жалғасары сөзсіз. Осы ойдың күрделілігін Мағжан Жұмабаев: «Ата-аналар баланы тәрбиелегенде дәл өзіндей етіп тәрбиелеуге тырыспау керек, олар баланы өзінен күшті етіп тәрбиелеуі тиіс. Өйткені, олар­дың заманы ата-аналарының өмір сүріп отырған заманына қарағанда анағұрлым күрделі, талабы жоғары болатынын ұмытпаған жөн», – деп айтып кетті.
Зымыран уақыттың қанатына ілескен біз, кейде тәрбие мәселесіне салғырт қарағанымызды аңғармай қаламыз. Әлбетте, сөз барысында сан қайталарымыз анық, әйтсе де мәніне тереңдеу жағы кенжелеп жатады. Сол сәтте әлдекімдер жас буынды өзге арнаға бұрып әкетуі оп-оңай екенін, сондықтан біліктілікті арттыру басты жауапкершілік боларын ұлы жазушы, кемеңгер ойшыл Лев Толстой: «Тәрбие дегеніміз – тәрбиеленушілерді белгілі бір адамгершілік дағдыларын меңгеруге көндіру мақсатымен бір адамның екінші адамға жасайтын ықпалы», – деген еді. Ол ойдың жауапкершілігін жазушы, қазақ әдебиетін қалып­тастырушылардың бірі Жүсіпбек Аймауытов: «Тәрбие басы – тіл», – деп нақтылағаны мәлім. Өйткені, «Тілім – тірегім!» деп ғасырларды жалғаған бабалар «Ана тілі – бабам тілі – өз тілім» деп білген. Дегенмен, осы тілге ден қою қазір өз деңгейіне жете алмай жүр. Соның кесірі тәрбиеге, толғақты ойды кемеңгерше толғауға тұсау болуда. Жүректен шыққан тұнық ой мен тіл ұшындағы сөздің арақатынасы ажыраңқы болуы да осыдан. Түпнұсқа мен бояма сөзде қашанда айырма болады. Асыл сөздің астарын өзге тілдің аудармасымен оқыған жас буынның қиналар тұсы да осы. Кейінгі кезде «тарихтың да бұрмалануы» аудармашылардың тіл қадіріне жетпегендігінен болатыны анықтала бастады.
Кітап сөзі ғалымның қаламы арқылы көпшілікке ұсынылады. Ғаламтор оны өңдеп, ықшамдап, көшірмесін ғана ұсынады. Сондық­тан «қысқа – нұсқаның» мағына­сына жетпей қойдық. Қалай дегенде «қысқа мен келтенің» айырмасы бар. Осыны ұғынықты тілмен «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деп Қазақстанның халық жазушысы, ақын Қадыр Мырза Әлі айтудай-ақ айтты. Қаншамыз ұқтық?
Ел тағдыры қашаннан толғақты мәселе, сол себепті «киелі тізгін» екінің біріне ұсынылмайды. Халық өз қалаулысын таңдайды, қолайына жақса, соңына ереді. Өмір толқыған теңіз болған соң, олай-дүлей мінезі болары анық, сондай шақта билік басына таудай толқын арасынан есебін тауып, амалын асырғандар да хан тағынан дәмелі болғанын алысқа бармай-ақ, биыл құрылғанына 750 жыл толып отырған Алтын Орда хандығының тарихындағы қилы тағдырдың шарпылыстарынан аңғарамыз. Ел тағдыры – жалпыға ортақ адамзат тағдыры, тарихы, болмысы. Сондықтан «тіл тағдыры, жер тағдыры», т.б. маңызды міндеттерді тізбелеп отырамыз. Осының түйіні: «Халық – кеуде, патша – бас». Қазақ даналығында «Кіммен қарайсаң, сонымен ағаратынымызды» «Патша залым болса, жұрт тозады, патша ғалым болса жұрт озады», – деп тұспалдайды. Халық қай кезде де, қандай істе де сыншыл. «Тырнадан қарауыл қойсаң, басыңнан қиқу кетпейді», – дегенді жадынан шығарған емес. «Данышпан айтса – ел айтқаны, елдің қамын жеп айтқаны» деген мақалда қате бар ма?! Ендеше, «Патша парасатты болса, жеріне жұмақ орнатады», «Тақ үшін соғысқан патшаға емес, жер үшін соғысқан патшаға қызмет етіңдер», – деп аманат еткен ата-бабаларымыз. Осының бәрі бізге тіл құдіретімен, ата-ана тәлімімен жетіп, ұлттық тәрбие қалыптасты.
Халықсыз хан жоқ, оны қол­дай­тын ақылды, кемеңгерлер болуы керек. «Кілемге бергісіз алаша бар, ханға бергісіз қараша бар», «Қарадан шыққан хан жақсы», «Бақпен озған патшадан, мимен озған қара артық» деген мақалды мұра етіп қалдырды. Сол серттен айнымаған халқымыз «мың өліп, мың тірілгенде» де елдік парқынан айнымай келді, солай болады да! Айтылған сөзді жүзеге асыратын жүйе бар, ол – ұлттық тәлім-тәрбие, ұрпақ баптаудың алуан қыр-сыры!
«Білетіндер ғана билік етуге тиіс» деген аристократиялық принципті ұстанған Сократ: «Елді билейтіндер алған білімдерімен емес, өздерінің терең өмірлік таным-түсініктеріне сүйеніп мемлекетті басқаруы керек» деген екен. Асыл ойдың маржаны осындай тереңдіктен туса керек-ті. Сократ бірінші болып заңдылық принципін енгізді, ол өмірінің соңына дейін осы принципті өзі де ұстанды. Сократтың ойынша, «Заңдылық» дегеніміз – баршаның мемлекет заңдарына бағынуы, «Еркіндік» – адам үшін де, мемлекет үшін де ең басты құндылық. Сократ заң алдында билеушілер де және оның қол астындағылар да, барлығы тең болуы керек деп санады.
Ұлы ойшыл «Қай мемлекет болмасын өзіне қолайлы «заңдарды» орнатып, оны «әділетті» деп жариялайды, «әділдікті бұзғандарды» қудалайды» деген-ді. Мұның ақиқаттығына кеңестік кезеңде халықтың көзі жетті. КСРО мақ­саты «еңбекшілер мен жұмыс­шылар мүддесін қорғай­мыз» дегенмен басталса да, халықтық бағыттан тайқып кетті. Ендеше, ұлы ойшылдың: «...толып тұрған білімнің бәрі ақыл емес, білімді­лердің бәрі ақылды емес», – дегені көңілге қонады. Туған жерге туың­ды тігудің мақсаты – жат елден білім жинап келсең, халқыңа қызмет ет, туғаныңды жатсынба! Тәрбие – отбасынан, «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілеріңді» ұмытпа!
«Адам барлық әрекетінде тамаша әрекетті қалайтын болса және өмір бойында осылай ететін болса, сонда ғана ол бақытқа жетеді. Дәл осы шарттарға жанның да тамаша аффектілері сәйкес келетіндей болуға тиіс», – деп жетпіс тілді игерген екінші ұстаз әл-Фараби бабамыздың «білім берудің негізгі саласының бірі – тәрбие» деген ескертпесін көнерді дей аламыз ба? Тәрбиеде ұсақтық болмайды, тәлім, тіл мен бірлік жайлы толғанған мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ақын Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында 10 тамызды Абай күні ретінде атап, ұлттық мерекеге айналдырды. «Абай күні» бүкілхалықтық, ұлттық мереке боп күнтізбеге енді. Мұны тәрбие көзі, тілге жанашырлық демеске амал қайсы?!
Өз заманының реформаторы, кемеңгер Абай қандай iсте де болсын әдiлет пен шындыққа жүгiнуiмен өз қоғамының тәлiм­герi атанды, кейінгіге: «Ескi үлгi­де қалма! Өзгерген заманның жаңа тұрпатты қайраткерi болуға әзiрлен!» деп, өсиет қалдырды. Тарихымызға көз жүгіртіп, сараптай білу осындай түйіндерден бастау алады. Ұлылар өткен шақта қалған жоқ, бүгін де арамызда жүр. Оны тани білу, бағалау маңызды.
Қазір әлем елдері «өз күнін өзі көрсін» деген үрдіске көшті. Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай үрдісті 2008 жылы болжаған еді. Алайда, халық­аралық маңызы бар ұйым ретінде БҰҰ коронавирус пандемиясы кезінде белсенділік таныта қоймады. Еліміздегі жағдайға байланысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың: «Біз ТМД елдерінің арасында пандемияға қажетті шараларды алғашқылардың бірі болып қабылдадық. ...біз эконо­микалық даму, шағын және орта бизнесті қолдау туралы ойлануымыз керек. Күнделікті еңбек етіп, тіршілігін жасап жатқан халық өз мүмкіндіктерінен айырылып қалмауы керек», – деп шұғыл іске көшуі қамқор көңілден шыққан шынайы жанашырлық болатын. Соның нәтижесінде халық пен биліктің арақатынасы оң бағытта өзгергені мәлім. Ашық әңгіме ел президентіне дер кезінде жетіп, халық сөзін кедергісіз естіп, шұғыл тапсырмалар берілуде. Нәти­жесінде көмек халыққа жедел жетуде.
«Ханда қырық адамның ақылы бар» дейтін халықтық тәрбие оған сенеді. Сондықтан Мем­лекет басшысына, үкіметке жұмыла көмектесіп, елімізге, хал­қымызға пайда әкелуге ұмтылуға міндеттіміз. Бұл – зайырлы қо­ғамның халық таңдаған әділетті жолы, өркениетті елдерді сан сынақтан өткізген даму жолы.
Ұлттық тәрбие көзінің бастауы ұлт құндылықтарынан, ұлылар өнегесі мен даналық сөздеріндегі асыл ойлар тұнығынан құралмақ. Оларды оқып-үйрену, насихаттау – баршаның міндеті. Мемлекетіміз бұл тұрғыда қыруар еңбек атқарып жатқаны мәлім. Біз көп жағдайда ел басқарған азаматтарды орынсыз сынға алып, олардың бойынан кемшілік іздеп, ғайбат сөйлейтініміз де баршылық. Бұл, меніңше, әлдекімдердің арандатуынан туатын жаңсақтық деп білемін. Әйтпесе, өмір жолынан өнеге аларлық біртуар азаматтар, ғалымдар, бүгінгі күннің абыздары ортамызда өрелі істер тындырып жүр. Әттеген-айы, соларды дұрыс насихаттау, үлгі тұтудың тиімді әдістемелігі жетімсіз болып тұр. «Алтын көрсе, періште жолдан таяды» деп тұспалдаған халқымызда «жаман мен жақсының парқын білгің келсе, қолына билік бер» деген бар емес пе?! Лауазымды қызметтің қадірін біле алмай, ел алдындағы жауапкершілікті дұрыс ұғынбағандар жемқорлыққа бой алдырып, кесірі елге тиіп жатқаны аз емес. Сондай «бір құмалақ бір қарын майды шірітеді».
Сол сияқты ауылда өскен, ауыл мектебінде оқыған жандарды да сынға алып жататын жағдай жиі кезігеді. Қала мен дала өркениетінде айырмашылық сезіледі деп жалпылама сыни көзқараспен қараудың да пайдадан гөрі зияны басым екенін өмір дәлелдеп жүр. Мәселе төркіні ауыл мен қала тұрғындары ұлттық тәрбиенің қайнарын бойына қаншалық сіңіре алғандығында болса керек. Әлемдік өркениетке қол созған тәуелсіз мемлекеттің ұландарының кемі үш тұғырлы тілді еркін меңгеруі ғылымның әр саласынан толымды нәрді қанып ішуіне жол ашады. Құстың қос қанаты тең болмаса, көкте еркін самғап қалықтай алар ма еді?
Әлбетте, өз ұлтына мұрнын шүйіре қарағандар мен тіліне, діліне мейірім таныта алмағанды ешкім де іш тартпасы анық. Олар мұндай қылықтарын бұрын жағымпаздық пен мақтаныш құралына айналдырғаны шындық. Қазір заман лебі басқаша екенін әркім мойындайды.
Ұлттық тәрбие көзінің дамуы өзіміздегіні еркін меңге­ріп, өркениетті елдерден алған жақсы таным-тәрбиемен шебер байланыстырудың игі жемісін көрсек қана құнды болмақ. Әйт­песе, атам қазақтың «өзгеге елік­теймін деп, солықтама» деген ескертпесінен тәлім алмаған ақыл­сыздар қатарына ілігері анық.
Ендеше ел бірлігі жолында алға қадам баса берейік.

Сәрсенғали ӘБДІМАНАПОВ,
Қазақ экономика,
қаржы және
халықаралық сауда
университетінің ректоры,
Жоғары мектеп халықаралық ғылым академиясының академигі,
Қазақстанның
еңбек сіңірген қайраткері

902 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы