• Үкімет: іргелі істер үрдісінде
  • 08 Қазан, 2020

Стратегиялық салалар кешенді дамиды

Ішкі нарықты отандық азық-түлікпен молықтыру, фармацевтикалық өнеркәсіпті дамыту мәселелері кезекті Үкімет отырысында қаралды. Баяндалған іс-шараларды түйіндей келе, Премьер-министр Асқар Мамин маңызды міндеттерді белгіледі.

Үкімет басшысы ауыл шар­уа­шылығының барлық қызмет­кер­леріне пандемия жағ­дайында көктемгі егіс және егін жинау жұ­мыс­тарын уақытылы әрі сапалы жүргізгені үшін алғыс білдірді. Ауыл шаруашылығы техникасы, тұқым мен тыңайтқыштар уақытылы дайындалып, бұл көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын сапалы жүргізуге мүмкіндік берді.
БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (FAO) болжамдары бойынша Қазақстан АҚШ, Австралия, Бразилия және Аргентинамен қатар әлемдік азық-түлік хабтарының біріне айналу үшін үлкен әлеуетке ие. Мемлекет тарапынан АӨК-ті қолдаудың барлық қажетті шаралары көрсетіледі, субсидиялар беріледі, жеңілдікпен несие беру және салық преференциялары көзделген.
Ағымдағы жылдың 8 айында қабылданған шаралардың нәти­жесінде азық-түлік өнімдері өндірісінің негізгі капиталына салынған инвестициялар өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25,4%-ке – 54,7 млрд теңгеге дейін ұлғайған. Қазақстан ішкі өндіріс есебінен тұтынылатын 29 негізгі азық-түлік тауарларының 23-ін – жеміс-көкөніс, жарма, ұн, ет өнімдері және басқа да өнімдерін қамтамасыз етеді. Сонымен бірге алма, балық, шұжық өнімдері, ірімшік және сүзбе, қант және құс еті бойынша өндірісті ұлғайту үшін 2024 жылға қарай жаңа құс фабрикаларын, ет комбинаттарын, сүт, қант зауыттарын ашу және алма бақтарының алаңдарын ұлғайту жоспарланған. Құрылатын Ұлттық тауар өткізу жүйесі өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімін сақтау жағдайларын жақсартуға, оның өндірісі мен маусымаралық кезең­де нарықтағы көлемін ұлғайтуға, сондай-ақ экспортты едәуір арттыруға жол ашады. Ауыл шаруа­шылығы министрлігі ұсынған Нарықты отандық азық-түлік тауарларымен молықтыру жөніндегі 2025 жылға дейінгі кешенді жоспарға сәйкес 5 трлн-нан астам теңге инвестиция тарта отырып, 380 инвестициялық жоба іске асырылатын болады.
«Ішкі нарықты отандық азық-түлікпен молықтыру – Үкіметтің стратегиялық міндеті», – деген А.Мамин, Ауыл шаруашылығы министрлігіне бір ай ішінде Нарықты отандық азық-түлік тауарларымен молықтыру жөніндегі кешенді жоспарды қабылдау­ды тапсырды. АШМ-ге экология, ұлттық экономика, қаржы ми­нистр­ліктерімен бірлесіп, ішкі нарықта жетіспейтін өнімдер өндірісін мемлекеттік қолдау және ынталандыру шараларын кеңейту мәселелерін пысықтау, бұл ретте балық шаруашылығы саласын дамыту жоспарларын ескеру тапсырылды. Өңірлердің әкімдеріне АӨК-те жоспарланған жобалардың іске асырылуын жеке бақылауға алу және қажетті инженерлік инфрақұрылымдарды жүргізуді қамтамасыз ету, сондай-ақ инвесторлармен шикізаттан бастап экспортқа дейінгі бүкіл тізбек бойынша барлық мәселелерді пысықтау тапсырылды. Сондай-ақ Премьер-министр қажетті логистиканы қамтамасыз ету және отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін ішкі және сыртқы нарықтарда өткізуді ілгерілету жөніндегі шараларды қабылдауды тапсырды.
Биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша еліміздің фармацевтика өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 34,1%-ке – 81,5 млрд теңгеге дейін, инвестициялар 5,2%-ке – 4,1 млрд теңгеге дейін өсті. Белгілі ком­пания­лардың, соның ішінде ТҰК қатысуымен 41 жоба іске асырылды, олардың ішінде ең ірі антибиотиктер, алколоидтар, антисептиктер өндірісі бар. 5 мыңнан астам жұмыс орны ашылды.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағалауы бойынша елдің дәрілік қауіпсіздігі меншікті фармацевтика өндірісі болған жағдайда кемінде 30% қамтамасыз етіледі, ал Қазақстан 2025 жылға қарай өз өндірісін заттай мәнде 50%-ке дейін жеткізуді көздеп отыр. Осылайша, Фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіпті дамытудың 2025 жылға дейінгі кешенді жоспарына сәйкес 77,8 млрд теңгеге 30-дан астам жаңа ірі фармацевтикалық өндіріс іске қосылады. Бұл дәрі-дәрмек өндірісінің көлемін 2,5 есеге, экспортты 3 есеге ұлғайтуға, 2 мыңнан астам жоғары білікті мамандарды даярлауға және оларға арнап тұрақты жұмыс орындарын құруға жол ашады.
«Фармацевтика өнеркәсібі – экономиканың өте маңызды секторы және халықтың өмірі мен денсаулығы қауіпсіздігінің негізі», – деді А. Мамин.
Үкімет басшысы отандық фармацевтика өндірісі үшін, әсіресе, клиникалық және клиникаға дейінгі сынақтарды ынталандыру тұрғысынан мемлекеттік қолдау шараларын ауқымды түрде кеңейтуді тапсырды. Индустрия, денсаулық сақтау және сыртқы істер министрліктеріне дәрілер өндірісін елімізде жергіліктендіруге Big Pharma – Top 50 тізімінен әлемдік фармацевтика өндірушілерді таргеттеу бойынша ұсыныстар енгізу тапсырылды. Денсаулық сақтау министрлігіне ұзақмерзімді келісімшарттарды іске асыру тетіктерін кеңейту, елдегі дәрілік заттардың қажеттілігін нақты жоспарлау мен айқындауды қамтамасыз ету, медициналық бұйымдар мен дәрі-дәрмектерге сынақтар жүргізетін зертханалардың материалдық-техникалық базасын күшейту, Кешенді жоспарды іске асыруды ескере отырып, фармацевтика саласы үшін білікті кадрлар даярлау жөнінде шаралар қабылдау міндеттелді. Облыстар мен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктеріне жергілікті жерлерде дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды сатып алу кезінде жергілікті қамту бойынша нысаналы индикаторларды (KPI) бекіту жүктелді.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

172 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы