• Өндіріс
  • 15 Қазан, 2020

Балық шаруашылығына субсидия бөлінуі мүмкін

Жақында Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі БАҚ өкілдері үшін Алматы облысындағы «Есік» форель шаруашылығына баспасөз турын ұйымдастырды. Шара барысында журналистер қауымы шаруашылықтың жұмысымен, балықшылар мектебімен етене танысты.

Баспасөз туры барысында «Есік» форель шаруашы­лығының қожайыны Марлен Тұрсынәлі атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. «Қа­зіргі таңда еліміздегі балық шаруашылығындағы басты мәселердің бірі – кадр тапшы­лығы. Осыған бай­ланысты, балық мектебін аштық. Қазақ ұлттық университетімен бір­лесіп, оқу орны базасында ғылыми-өндірістік орталық ашып, сту­денттерге теориялық білім беріп жатырмыз. Содан кейін бізде тәжірибеден өтеді де, жұ­мысқа орналасады. Балықты қалай қоректендіру керек, қан­дай жолмен күту қажет, бәрін үйретеміз. Балықты ауру­лардан сақтауға бағытталған вакци­нацияның жасалу жолын да үйретеміз. Ал шаруашылықтың өзіндегі толық базалық курсты 10 күнде өтуге болады», – деп атап өтті М.Тұрсынәлі.
Қазір Есік балық шаруашы­лығында балықтың 6 түрі өсіріледі. Олар: ханбалық, сазан, амур, дөңмаңдай, бекіре, клариус сомы. 250 тонна форель, 50 тонна бекіре өн­дірі­леді. Негізгі тұтынушы – Алматы қаласы мен облыс халқы. Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында балық шаруашылығына ерекше мән беру керектігін айтқан. 2019 жылы еліміздің балық және балық өнімдері нарығының жалпы көлемі 66 мың тоннаны құрады. Қазақстандағы су ресурстары 600 мың тоннаға дейін балық өсіріп, экспортты 10 есеге арттыруға мүмкіндік береді. Сол себепті қазір Экология министрлігі шаруаларды қолдау мақсатында бірқатар Заңдарға өзгеріс енгізіп, субсидия беру жолдарын қарастырып жатыр.
Балық шаруашылығындағы өзекті мәселенің бірі – сапалы кадрлардың тапшылығы. Сон­дықтан, «Есік» форель шаруа­шылығы бұл проблеманы жою үшін арнайы «Балық мектебін» ашты. Биылғы жылдың өзінде 30 адамды оқытып, соның ішіндегі 10 адамды жұмыспен қамтамасыз еткен.
Балық шаруашылығына субсидия бөлінуі ықтимал. Әзірге елімізде тұралап тұрған бизнестің бұл түріне субсидия мүлдем қарастырылмаған.
Қазақстанда 40 мың көл, тоған бар. Соның балық шар­уа­­­шылығына қолданылып жатқан көлемі бір пайызға да жетпейді екен. Ал сирек балық түрлерін өсіретіндер саусақпен санарлық. Дүниежүзілік ден­саулық сақтау ұйымының есебінше, әр адам жылына 16 келі балық тұтынуы тиіс. Бұл көлем біздің елде төрт есеге кем. Экология министрлігі балық шаруашылығымен айналысамын дегендердің шығынын жартылай субсидиялауды ұсынып отыр. Осылайша аталмыш кәсіп түріне жан бітірмек. Осы ретте үш жылдық шығын көлемін де есептеп қойыпты. Бюджеттен 6 миллиардтай қажет.
Еліміздің балық және балық өнімдері нарығының жалпы көлемі 2019 жылы шамамен 66 мың тоннаны құрады. Оның құрылымы келесідей: балық аулау – 45 мың тонна, балық өсіру – 7,4 мыңға жуық тонна, экспорт – 30 мың тонна және импорт – 43,5 мың тонна.
Қазақстан мұхит ба­лық­тары мен теңіз өнімдерін им­порттайды. Бұлардың қата­рына майшабақ, скумбрия, креветкалар, мидия және тағы басқалары кіреді. Импорт Норвегия, Ресей, Исландия, Қытай және Балтық елдеріне тиесілі. Бұл ретте, импортты алмастыру мақсатында Қа­зақ­станда албырт, бекіре балық­тарын өсіріп, Каспий теңізін­де майшабақ пен килька балық­тарын аулау қажет.
Қазақстан жыл сайын жақын және алыс шетелдің 36 еліне құны 60 миллион АҚШ долларын құрайтын 30 мың тонна балық эскпорттайды. Енді министрлік экспорт көлемін 10 есеге ұлғайтуға балық шаруашылығының әлеуеті жеткілікті екенін алға тартып отыр. Егер осы бастамасы жүзеге асатын болса, Қазақстан 60 емес, 600 миллион АҚШ долларына экспорт жасай алады. Осы орайда шаруаларды қолдау мақсатында бірқатар заңға өзгеріс енгізіп, субсидия беру жолдарын қарас­тырып жатыр. Бұл, шамамен 100 мың жұмыс орнын құруға және ауылдық жерлерде халықтың табысын арт­тыруға ықпал ететін болады.

Нұрлан ҚҰМАР

48 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала Іргелі үш жоба бастау алды
Келесі мақала Балық шаруашылығына субсидия бөлінуі мүмкін

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

TENGE MONITOR №44

29 Қазан, 2020

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ахас Қайырұлы Тәжутов

“TENGE MONITOR” апталық газетінің бас редакторы