• Бизнес & Қоғам
  • 22 Қазан, 2020

Келешегі кемел Қапшағай

Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында балық шаруашылығына ерекше мән беру керектігін айтқан. 2019 жылы еліміздің балық және балық өнімдері нарығының жалпы көлемі 66 мың тоннаны құрады. Қазақстандағы су ресурстары 600 мың тоннаға дейін балық өсіріп, экспортты 10 есеге арттыруға мүмкіндік береді. Сол себепті қазір Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі шаруаларды қолдау мақсатында бірқатар заңдарға өзгеріс енгізіп, субсидия беру жолдарын қарастырып жатыр.

Осыған орай, таяуда Эколо­гия, геология және табиғи ресурс­тар министрлігі Алматы облысы Қапшағай қаласындағы «Kaz Organic Product» циклды балық өндірісі кешенінде баспасөз турын өткізді.
Кәсіпорынның ерекшелігі – экологияға зиян келтірмейтін өндіріс циклы жасалған, балыққа арналған азық пен отырғызу материалдары кешеннің өз ішінде дайындалады. Жоба азаматтардың өмір сапасын жақсарту факторы ретінде еліміздің өндірістік қауіпсіздік бағдарламасына толық сәйкес келеді.
БАҚ өкілдері кәсіпорынды аралап, африкалық клариус, тилапия және австралиялық қызыл шымшуырлы шаянды жабық суда өсіру процесімен танысты. Нарыққа шығарылатын қайта өңделген балық өнімдері көрсетілді.
Кәсіпорын басшысы Алексей Щетинин зауыттың қуаты жылына тірі және қатырылған 10 мың тонна балық өндіруге жететінін атап өтті. Зауыттың ерекшелігі сол, бассейнде балықты 6 айда дернәсілден бастап 1 келі тауарлық салмаққа дейін өсіріп, 1 жылда екі рет өнім алуға болады.
«Қазір Үкімет халықтың кө­бірек балық өнімдерін тұтынуы­на көңіл бөлуде. Бұл өндіріс қуатын арттыруға әсерін тигізеді. Тірі балықты да, қайта өңделіп ұзаққа сақтауға арналған өнімді де көбейту керек. Біз өндіріске аквамәдениеттің 10-ға жуық заманауи түрін енгіздік. Мәрмәр клариусын, тилапия және авс­тралиялық шаян өсірудеміз. Биыл 2000 тонна өнім өткізуді жос­парлағанбыз. Пандемия жос­парымызға аздап өзгеріс енгізді», – деді А.Щетинин.
Оның сөзінше, 70 адам жұмыс істейтін зауытта қолданылатын заманауи технологиялар мен күн сайын судың экспертизасын өткізетін зертхана өнімнің экологиялық таза болуын қам­тамасыз етеді. «Өнім сатыл­мас бұрын өзімізде және қала­дағы зертханада тексеріледі. Жемді Қазақстанда жасалған таза ингредиенттерден өзіміз дайындаймыз», – деді ол.
Маман Қазақстан су ресурс­­тарында жыл сайын 600 мың тонна балық өсіру үшін аква­мәдениетті қарқынды дамыту қажет деп санайды. «Бүгінгі таңда Үкімет әр аймақта балық шаруа­шылығы бойынша негізгі проблемалар мен ұсыныстарды жинауда. Соның негізінде балық өндірушілерді қолдау бойынша заңдарға өзгеріс енгізілуі керек. Айта кететін бір проблема – салада маман жетіспейді. Біз өз қызметкерлерімізді шетелде оқыттық. Енді институттармен жастардың бізде тәжірибе алмасуы жөнінде, бірлесе маман дайындау бойынша келісіп жатырмыз», – деді кәсіпорын басшысы.
Кәсіпорын өнімдері ішкі на­рықтан бөлек, Ресейге экспорт­талады. «Қазақстандық өнім та­биғи таза, химиялық қоспасы жоқ болғандықтан Ресей жоғары бағалайды. Сондықтан халық­аралық нарықта да ұялмай мақтана аламыз. Балықтың 15 түрлі өнімін дайындаймыз. Клариустың ерек­шелігі – оны аллергиясы бар адам­дарға да жеуге болады. Пан­демия кезінде коронавируспен ауырған адамдар жатқан аурухана­лардың рационына еніп, біз балық жеткізіп тұрдық», – деп атап өтті кәсіпорынның қоғаммен байланыс менеджері Елена Проценко.
Мекеменің бас технологы Юрий Рудометкин балықтарды өсіру технологиясына тоқталып, шетелден әкелген балықтарды өсірудің қандай ерекшеліктері барын айтып берді. Оның ай­туынша, инкубациялық бөлімде уылдырықтан жетіліп шыққан жас балықтар шағын бассейндерге жіберіледі. Ол жерде 10-20 грамға дейін өсіріледі. Кейін үлкен бассейндерге жіберіліп, ол жерде тауарлы балық деңгейіне дейін өсіріледі екен.
«Kaz Organic Product» циклды балық өндірісі кешенінде афри­калық клариус, тилапия және австралиялық қызыл шымшуырлы шаянды жабық суда өсіріліп, жәндіктерге қажетті арнайы су дайындалып отырылады. Су температурасын үнемі 25-тен бастап 28 градусқа дейінгі жылы көлемде ұстау қадағаланады.
Балықпен қоса, шаян өсіру жұмысы да оңай емес екен. Се­бебі, елімізде шаян өсіру дәстүрі қа­лыптаспаған. Оның барлығы Батыс елдері мектебі бойынша өсіріліп жатыр, сондықтан әр шаруашылық өзіне қолайлы тәсілді таңдайды. «Kaz Organic Product» ЖШС жобасы Қазақстан Республикасының азық-түлік қауіпсіздігі бағдарламасы­ның мақсаттарына толықтай сай келеді және өмір сүру сапасын жақсарту үшін халықты қолжетімді бағамен балық сияқты диеталық тағаммен қамтамасыз етуге көмек­теседі. Бұл әсіресе йод тапшы­лығы бар аймақта маңызды екені анық. Кәсіпорынның еліміз үшін ерекшелігі – бұл өз балық қор­ларымен және жеммен жұмыс істейтін қоршаған ортаға зиян келтірмейтін «жабық» өндіріс болып табылады.
«Kaz Organic Product» ЖШС-ның аумағы 7 гектарды құрайды. Осы аумақта 12000 метр куб жа­­бық сумен қамту бассейні бар. Сонымен бірге 2500 метр куб ашық бассейн орналасқан.
Ферма аумағында сонымен қатар тәулігіне 10 тонна жем шығаратын цех, 1000 куб метр тауарлық өнім сақтайтын мұздат­қыш камералары, жөндеу цехы, өндірістік зертхана бар. Сонымен қатар аквамәдениет өндірісі ны­сан­дары ашық су қоймаларында жүзеге асады.
Қазақстан жыл сайын жақын және алыс шетелдің 36 еліне шамамен 60 миллион АҚШ дол­лары сомасына 30 мың тонна балық өнімдерін экспорттайды. Сонымен қатар, экспорт үшін айтарлықтай әлеуетті нарықтар бар. Атап айтқанда, Ресей мен Қытайда балық өнімдерін тұтыну жоғары деңгейде. Бұл екі елдегі бізбен шекаралас аудандардың нарығы 3 миллион тоннаға дейін жетеді. Нәтижесінде, біздің экс­порттық потенциалды 300 мың тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік пайда болады.

Нұрлан ҚҰМАР

355 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы