• Өндіріс өрісі
  • 22 Қазан, 2020

Мұнай-газ өндірісі – экономиканы өрге сүйрейтін сала

Қазіргі таңда дүниежүзілік мұнай қорының 3 пайызына ие Қазақстан әлемдегі мұнайға бай алғашқы 12 елдің қатарына кіреді. Бұл ешкімді де таңдандырмайтын жайт болса керек. 2020 жылдың басында Америка Құрама Штаттарының ресми ұйымы болып табылатын EIA (Energy Information administration – Энергетикалық ақпарат басқармасы) жария еткен мәліметтерге қарағанда, Қазақстанда мұнай қоры немесе резервтері 30 млрд. баррельді, ал бізге көрші Ресейде 80 млрд. баррельді құрайды екен. Бұл жерде бір нәрсені ескерген жөн. 2016 жылғы мәліметтер бойынша, Ресейдегі жылдық мұнай өндіру көлемі (3851,3 миллион баррель) Қазақстандағы салыстырмалы көрсеткіштен (582,2 миллион баррель) алты жарым есе көп болып шығады. Бұдан энергетика саласының сарапшылары тиісінше болжам жасаған. Олардың пайымдауынша, осындай өндірістік қарқын сақталған күнде қазіргі бар мұнай қорлары Ресейге 21 жылға, ал Қазақстанға 52 жылға жетпек сияқты.

Кен орындары Қазақстанның 14 облысының 6-ауында орналасқан. Олар – Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда және Маңғыстау облыстары. Нақтырақ айтқанда, көмірсутектері қорларының 70 пайызға жуығы Қазақстанның батысында шоғыр­ланған.
Бұрынғы КСРО, кейiнгi ТМД ауқымында негiзiнен мұнай және газ өндiрумен шұғылданатын 4 ел бар. Олар – Ресей, Қазақстан, Әзербайжан және Түрiкменстан. Бұлардың iшiнде Қазақстаннан басқа үшеуi мұнай не газ өндiруден әзiрше кеңес заманындағы көрсеткiштерiне қайтып көтерiле алмай отыр.
Олардың қатарына Өзбекстанды да қосуға болар едi. Бiрақ бұл елдiң экспорттық мүмкiндiктерi де, өндi­рiстiк мүмкiндiктерi де тым шектеулi. Оның мұнайы бұрын өзiне де жетпейтiн. Тәуелсiздiк алғаннан бергi уақыт iшiнде Өзбекстан өзiн-өзi осы шикiзатпен қамтамасыз ету биiгiнен көрiнуге қол жеткiздi. Ал газ жағынан алғандағы Өзбекстанның жағдайы, әрине, бiршама артық. Ол оны да алыс шетелге көптеп сата алмағанмен, айналасындағы Түрiкпенстаннан басқа 3 елдi – Қырғызстанды, Қазақстанды және Тәжiкстанды әзiрше өзiне тәуелдi етiп ұстап отыр. Өткен 2019 жылы Өзбекстан Ресейге 4,5 миллиард, Қазақстанға 2,5 миллиард, басқа Орта Азия елдеріне 550 миллион текше метр газ сатқан.
Осының арқасында ол газ қоры­ның үлкендiгi жағынан Ресей түгiлi Түрiкпенстанмен де бәсекелесе алмайтын болғанына қарамастан, оны өндiру жағынан ТМД-да үшінші орынды берік иемденiп жүрді.
Ал әлемде Өзбекстан осы көрсет­кiш бойынша алғашқы он алты мемле­кеттiң қатарынан табылады. Бұл ел өз газын 52 кенiштен өндiрiп алып отыр. Оның iшiндегi Шуртан, Газли, Памук және Хаузак сияқты ең iрi 12-сі бүкіл өнімнің 95 пайызын бередi.
Ал Қазақстанның жағдайы бас­қаша. Ол өзiнiң газға қатысты Өзбекстанға тәуелдi болуынан әзірше толығымен арылған жоқ. Қарашығанақ сияқты ғаламат газ кенiшi бар ел үшiн бұл келiссiз жайт болып табылады. Бұндай жағдай Қазақстанның газ өндiрудi кеңес заманындағымен салыстырғанда бiршама арттырғанына қарамастан орын алып отыр. Мәселен, 1985 жылы республикамыз 5,5 млрд. текшеметр газ өндірген болатын. Ал 14 сәуір күні болған үкімет отырысында жарияланған мәліметтерге қарағанда, қазіргі көрсеткіш отыз бес жыл бұрынғы жетістіктен үш есеге жуық жоғары көрінеді. Сол жиында сөйлеген сөзі барысында ҚР энергетика министрі Нұрлан Ноғаев былай деді: «Газ өндіру 15 млрд 200 млн текше метрді құрап, 4,1 пайыз өсім көрсетті. Тауарлық газ 2,2 пайызға төмендеді. Себебі Қазақстанда өндірілетін газ ілеспе газ болып саналады. Ал қаңтарда СНПС-Ақтөбе мұнай-газ мекемесінде хлор-органикалық заттардың табылуына байланысты мұнай өндіру азайды және кейбір кен орындарында жерасты қабатының қысымын қажетті деңгейде ұстау үшін технологиялық қажеттілікке сәйкес газ айдаудың нәтижесінде тауарлық газ өндіру төмендеді. Сұйытылған газ өндіру 10,7 пайызға артты. Бұл газға шекті баға белгіленді. Нәтижесінде баға республика бойынша біршама арзандады».
Мұнайдың жағдайы болса бiзде басқаша қалыптасты. 1992 жылдан былай қарай бұрынғы кеңес республикаларының, кейiнгi ТМД елдерiнiң барлығында да эконо­микалық көрсеткiштердiң құлдырай бастағаны белгiлi. Бұл үрдiстiң мұнай-газ өндiру саласына да тiкелей әсерi болды. Мәселен, Ресейде мұнай ши­кi­затын өндiру көрсеткiшi 2 есеге жуық қысқарды. Сөйтiп, ол «әлемдегi нөмiрi 1 өндiрушi» атағынан айрылды. Бiрақ бұл жерде бiр нәрсенi атап айтып кеткен жөн.
Өндiру көрсеткiшiнiң тұтыну көрсеткiшiне тiкелей байланысты болатыны белгiлi. Осы тұрғыдан алып қарағанда, Ресейдегi мұнай өнiдiрiсi көлемiнiң азаюы негiзiнен iшкi нарықтың (рыноктың) есебiнен болып отырғанын аңғарамыз. Ал сыртқы нарыққа келетiн болсақ, онда барынша көп мұнай шығаруға Ресей мұнай компаниялары тырысып бағып жатыр.
Ал, кеңес заманында жылына 80 млрд. текшеметр газ өндiрiп отырған Түрiкпенстанның кейiнгi көрсеткiшi 20 миллиардқа да жетпей қалыпты. Түрiкпен елiндегi осындай риясыз жағдай Ресейдiң өз газ нарығына (рыногына) ортаазиялық шикiзаттың келуiне бiрталай шектеулер қоюына байланысты қалыптасқан. Ал Reuters агенттiгiнiң мәлiметi бойынша, Түрiкпенстандағы газ өндiру көр­сеткiшi 90-ыншы жылдардың басынан 2000 жылдардың басына дейiн 7 есе қысқарған. Яғни, шамамен 90 миллиардтай текшеметрден тура 13 миллиард текшеметрге дейiн кемiген. Бірақ кейінгі онжылдық барысында Түрікпенстандағы өнім көрсеткіші қайтадан өсіп, 50-60 миллиард текшеметр деңгейіне дейін жетті. Содан соң көп өзгеріс болған жоқ. Мәселен, өткен 2019 жылы ол елде табиғи газ өндіру көлемі 2,7 пайызға ұлғайып, 63,2 млрд текше метрді құрады.
Қалай дегенде де Түрікпенстандағы газ өнеркәсiбінің қазiргi таңда бұ­рынғы күйіне жете алмай отырғаны хақ. Ал бұл елдiң экономикалық дамуы тұрғысынан алғанда осы саладан басқа артар үмiтi жоқ екенi ешбiр құпия емес. Біраз жылдар бойы Түрікпенстанда әрбiр отбасына шектеулi бiр мөлшерде газ бен электр жарығы тегiннен-тегiн берiлетін болған. Басқаша айтқанда, өндiрiлiп шығарылған түрiкпен газы сыртқа шығар үлкен жол таба алмаған соң, негiзiнен iшкi қажетке жарап жатты. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап газ бен электр жарығын тұрғындарға тегiннен-тегiн беру тоқтатылды.
Сонымен, энергиялық шикiзат шығаратын ТМД-дағы негiзгi төрт мемлекеттiң iшiндегi өндiрiстiк көрсеткiштерi ең керi кеткен ел – Түрiкпенстан болса керек.
Каспийдiң тура арғы бетiнде орна­ласқан Әзербайжанның жағдайы оныкiне қарағанда әлдеқайда жақ­сы. Бұл негiзiнен мұнайлы ел екенi белгiлi. Бiрақ аталмыш жетістік – салыстырмалы түрдегi ғана жетiстiк. Мәселен, 2003-2004 жылдардағы жылдық көрсеткiш 15-16 млн. тонна төңiрегiнде болды. Немесе тәуліктік көрсеткішпен есептегенде 310-330 мың баррель аралығында болды. Бірақ 2005 жылы Баку-Тбилиси-Джейхан құбыры салынып бітіп, 2006 жылдан бастап ол шикізат тасымалдауға кіріскен соң, Әзербайжанда мұнай өндірудің көлемі күрт ұлғая бастады. 2019 жылғы көрсеткіш 37 млн. 453,702 мың тонна болды. Әрине, бұл 1985 жыл­­ғы көрсеткiшпен – 13,142 млн. тон­­­на – салыстырғанда әлдеқайда көп.
Ендi Қазақстанға келейiк. Бiздiң ел 1997 жылдың өзiнде-ақ өзiнiң мұнай өндiру тарихындағы ең үздiк көрсеткiштерiне жақын барды. Бұл әлгi энергиялық шикiзат шығаратын ТМД-дағы негiзгi төрт мемлекеттiң iшiндегi ең үздiк көрсеткiш. Қалған үш елдiң – Ресейдiң, Әзербайжанның, Түрiкпенстанның ауылы бұндай жетiстiктен ол кезде алыста болған.
Қазақстанның көрсеткiшi айна­ласы үш жылдың iшiнде, яғни 1994 жылдан 1997 жылға дейiн 20,2 млн. тоннадан 25,7 млн. тоннаға дейiн өстi. Таза өсiм – 5 млн. тонна. Келесi 1998 жылы мұнайдың әлемдiк бағасының күрт түсiп кетуiне байланысты осы шикiзатты өндiру көрсеткiшiн әрi қарай өсiрудiң қисыны болмады. Ал 1999 жылдың көктемiнен бастап әлгi баға бiрнеше жыл құлдыраудан кейiн қайта өсе бастады. Демек, мұнайды халықаралық пиясаға шығару жолдары тарапынан жаңа кесел пайда болмаса, Қазақстанның жуық арада мұнай өндiру жағынан жыл сайын бiр рекордтан екiншi рекордқа қол жеткiзе беруi мүмкiн еді. Бiрiншi рекорд сол 1999 жыл болды. Онда Қазақстанның өнiмi бұрын-соңды болып көрмеген 30 млн. тоннаға дейiн жеттi. 2000 жылғы көрсеткiш 35 млн. болса, 2001 жылы – 40 млн. тоннаға, 2002 жылы – 47 млн. тоннаға, 2003 жылы – 54 млн. тоннаға, 2004 жылы – 60 млн. тоннаға жеттi. 2015-2019 жылдар барысында орташа көрсеткiш 80 млн. тоннадан асып отырды.
Бiрақ бiзде де мұнайды ел iшiнде өңдеу, яғни өз еңбегiмiзбен одан дайын өнiмдер шығару уақытында біраз азайып кетті. Мәселен, Қазақстанның зауыттары 1990 жылы – 17,8 млн., 1991 жылы – 18,0 млн. тонна мұнай шикiзатын өңдеп, одан дайын тауар шығарды. Бұл көрсеткiш 1994 жылы – 11,7 млн., 1997 жылы – 9,2 млн. тоннаға дейiн түсiп кеттi. 1998-2005 ж.ж. аралығында тұтыну осы деңгейде қалды. 2019 жылы ішкі мұнай өңдеу көлемі 17,1 млн. тоннаны құрады.
Мұнай қымбаттай бастағаннан бергi жиырма жылдай уақыт iшiнде осы шикізаттың әлемдiк бағасы да, Қазақстанның оны халықаралық нарыққа шығару көрсеткiшi де бiраз өстi. Өткен 2019 жылы елімізден экспортқа 70 млн. тоннадан астам шикізат шығарылыпты. Биылғы көрсеткіш те аз болмайтын болса керек. Алайда кейінгі кезде мұнай бағасы қайтадан түсіп, 40 доллардан астам деңгейде қалып келеді.
Бірақ елдегі әлеуметтік-эконо­ми­калық жағдай коронавирус пандемиясы жағдайына байланысты біршама күрделі болып тұр. Қымбатшылық бірте-бірте белең алып барады. Басқаша айтқанда, инфляция болып жатыр. Ал жұрттың табысының соншалықты тез өсуі байқалмайды. Алайда, Қазақстанның мұнай саласы елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың дұрыстап оңалуына септігін тигізе алады деген үміт жоқ болмаса керек.

Марал САЛЫҚЖАНОВ

231 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы