• Өндіріс өрісі
  • 19 Қараша, 2020

Шұбаркөл белсендірілген көмір шығарады

Кәсіпорын жаңа қырынан танылуда

Елеулі қосымша құны бар өнім өндірісін іске қосу – әртараптандырылған технологиялық экономика жасау бағытындағы нақты әрекет. ERG құрамындағы «Шұбаркөл көмір» АҚ тәжірибелік-өнеркәсіптік қондырғысында іске қосу мен жөндеу жұмыстарын жүргізу барысында белсендірілген көмірдің алғашқы байқау партиясы өндірілді.

Шұбаркөл көмір – еліміздегі ең ірі энергетикалық көмір өндірушілердің бірі. Онда өндірілген көмір сапалылығының арқасында экологиялық тұрғыдан таза энергия тасымалдаушыға жатады. Өнеркәсіптік алаңдағы химиялық зертханада өнімге талдау жасалып, оның сапасы жоғары екені расталды. Кәсіпорынның кокс-химиялық цехы негізінде кокс үгінділерінен тәжірибелік-өнеркәсіптік белсендірілген көмірді өндіру жобасы Қазақстанның ғалым-технологтары әзірлеген технологиямен енгізіледі. Шұбаркөл мамандары ERG ғылыми-зерттеу инжиринг орталығымен бірлесе, «АимЛаб» ЖШС мамандарының сүйемелдеуімен жүзеге асырып, іске қосу, жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан жобаның ТМД аумағында теңдесі жоқ. Қашықтықтан қосылу арқылы жабдықты жасап шыққан өндіруші-зауыттың – «Сплайн – М» ЖШҚ (Ресей Федерациясы) мамандары да жұмысқа жұмылдырылған. Нысанның өндірістік қуаты – жылына 1 мың тонна белсендірілген көмір. Басты мақсат – импортты алмастыру мәселесін шешу.
Кәсіпорын стандартын алу үшін белсендірілген көмірдің тәжірибелік үлгілері тәуелсіз зертханаға тапсырылды. Келесі кезең – «Шұбаркөл көмір» АҚ-та белсендірілген көмірді өндіруді және өткізуді бастауға мүмкіндік беретін сапа сертификатын алу. Әзірленген жобаны сәтті пайдаға жарату кәсіпорында жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беріп, қазақстандық өндірушілер шығаратын өнім үлесін көбейтеді.
– Шұбаркөлдік белсендірілген көмірдің басты артықшылығы сол, шикізат ретінде арзан кокс ұнтағы және энергия тасымалдаушы ретінде қазіргі уақытта жағылатын кокс газы пайдаланылады. Сондықтан да өнімнің өзіндік құны төмен. Бұл жағдай өндіріс қалдықтарын кәдеге жарату секілді өте маңызды мәселені шешуге септеседі, – дейді «Шұбаркөл көмір» АҚ операциялық тиімділік бөлімінің басшысы Александр Лапшин.
Сонымен қатар, осы технология бойынша алынған белсендірілген көмір нарықта бар өнімнен еш кем түспейді. Бірақ өзіндік құн бойынша ол негізгі бәсекелестерден 1,5 – 3 есе төмен болады.
Белсендірілген көмір гидрометаллургия, алтынды сілтілеу, кәріздік суларды тазарту, фосфат өнеркәсібі саласында кеңінен қолданылады. Бүгінгі таңда бұл өнімге сұраныс жоғары болғанына қарамастан, (жылына 7 мың тоннадан артық) барлық белсендірілген көмір Қазақстанға шетелден жеткізіліп келеді. Енді дайын өнімнің 80%-ы ішкі нарыққа жөнелтілетін болады.
Жалпы, әлемдік нарықта белсендірілген көмірдің ең ірі өндірушісі – Қытай өнім жеткізу көлемін жыл сайын ұлғайтуда. Сондай-ақ елдер арасында АҚШ осы тауар санатының жылдық көлемінің 34%-ын береді. 24% үлесімен Еуропа екінші орында тұрса, Ресей – 2%-ын өндіреді. Ал Қазақстанда тек 0,7% -ы өндіріледі.Өткен жылы Петропавлдағы «ЛесПромУголь» серіктестігі белсендірілген көмірдің алғашқы партиясын экспортқа шығарған.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

241 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы