• Білім & Ғылым
  • 03 Желтоқсан, 2020

Үш мектеп ғимараты жаңарды

Биыл Ақ Жайық өңіріндегі Тасқала ауданындағы үш мектеп ғимараты күрделі жөндеуден өтіп, қараша айында пайдалануға тапсырылды. Мектептердегі құрылыс жұмыстарына отандық және жергілікті материалдар пайдаланылды.

Атамекен ауылдық округіндегі Атамекен орта мектеп-бөбекжай-бақша кешенінде білім алатын оқушылар саны биыл 90-нан 100-ге жеткен. Мектеп жанында балабақша жұмыс істейді. Бөбекжай-бақшада 60 балақан тәрбиеленуде. Мектепте ұл-қызды елжандылыққа, еңбексүйгіштікке тәрбиелейтін жәдігерлермен қамтылған тым тәуір музей жұмыс істейді. Қазір мұнда «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында мердігер күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтағалы отыр. Білім ұясының ғимараты 1956 жылы бой көтерген. Кейін 7 жылдан кейін ғимаратқа жалғастырылып спортзал салын­ған. Әбден ескірген ғимараттың қабырғалары, едені жаңартылып, электр жүйесі, телекоммуникациялық желісі түгелдей жаңадан тартылған. Сонымен қатар бейнебақылау камералары, өрт жағдайында іске қосылатын дабыл құрылғысы мен мектеп айналасында бұрын болмаған жарық диодты шамдар орнатылған. Мұндай жарықтандыру жұмыс­тары өзге мектептердегі күрделі жөн­деулерде қарастырылмаған. Қа­зандықтан мектепке дейінгі жылу желісі құбырлары да жаңаланған. Бұрын жылу құбырлары мектептің дәлізінің ішін бойлай «сұлап» жататын. Қазір оның барлығы жер астымен тартылған. Мектептің ғимаратындағы жөндеу жұмыстары аяқталып, енді пайдалануға тапсыру үшін құжаттары реттелуде.
Аудандағы жаңадан салынған мектептерден өзге білім ұяларының ғимараттарында өрт қауіпсіздігі құрылғылары салынбаған-тұғын. Атамекендегі мектепте өрт гидранттары дәлізге және мектептің сыртқы жағына да қойылды. Күрделі жөндеу жұмыстарының арқасында мектеп ғимараттары өрт қауіпсіздігі, бейнебақылау камераларымен, жарықтандыру шамдарымен қам­тылған. Аудан орталығындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектеп ғимараты «Ауыл – ел бе­сігі» бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өтті. Құрылыс нысаны осы қараша айында пайдалануға тапсырылуы тиіс. Ғимараттың салынғанына 52 жыл болған. Мектептің шағын спортзалы бар. Мұнда жалпы ба­лалардың алаңсыз оқуына барлық жағдай жасалған. Мердігер құрылыс жұмыстарын аяқтай келген. «Ең бастысы ғимаратты жарықтандырудың талапқа сай болғаны маңызды. Санитарлық талаптарға сай сыныптарда сынып ауданының көлеміне қарай белгілі шам саны орнатылуы тиіс. Бұрын осы талап үдесінен шыға алмай, айыппұл төлеуге мәжбүр болған. Мұндай жөндеу жұмыстарынан кейін жап-жарық, жарқыраған білім ұялары айыппұл төлеуден құтылатын болды», – деді ау­дандық білім бөлімінің басшысы Айгүл Қасымова.
Ақтау ауылдық округіндегі Ақтау орта мектеп-бөбекжай-бақша кешені 624 балаға арналғанымен онда бүгінде 160 ұл-қыз білім нәрімен сусындауда. Балабақшада 40 балапан тәрбиеленуде. Жөндеуге дейін мектеп асханасының іші санитарлық талаптарға жауап бермейтін, жертөлесінің едені опырыла бастаған-тұғын, жөнді сантехникасы да болмады. «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында мердігер мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын барынша сапалы атқарды. Жақында құрылыс нысаны пайдалануға тапсырылмақ. Қазіргі уақытта асхананың іші мүлдем өзгеріп, жаңарған. Спортзалдың едені қос қабат болып жаңадан салынды. Ішкі және сыртқы жарықтандыру жүйесі жаңартылып, ғимарат айналасына абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Мектепке күрделі жөндеу жұмыстары басталғанын естіген мектеп түлектері өздері келіп, кө­мек қолдарын созғаны қуантады. Балабақшаға мектеп түлектерінің бір тобы жиһаз, екінші тобы әр сыныпқа жалюзи сыйға тартқаны білім ұясына, білімге деген құрметтері болса керек. Мектепке жөндеу жүргізілуі тұрғындардың санасына әсер етіп, олардың бірліктерін нығайтты деуге болады.
Айгүл Қасымованың айтуына қарағанда, мектептердің жөндеу жұмыстары жоба бойынша екі айда бітуі тиіс болатын. Алайда коронавирус індетінің өршуіне әрі шекаралардың жабылуына байланысты жөндеу жұмыстары баяу жүргізілген. Енді құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілмек. Биыл аудандағы 4 мектепке 50 млн теңгеге компьютер сатып алынған. Жөндеуден өткен білім ұяларына 14 млн теңгеге жиһаз, парталар мен отырғыштар, шкафтар сатып алынып, ішінара жаңартылған. Мектеп жиһазы оралдық және шымкенттік өндірісшілердің қолынан шық­қан. Пластикалық есік-терезе­лер тасқалалық жеке кәсіпкердің өнімдері.
Өткен жылы аудан орталығын­дағы екі мектеп ғимараты (С. Жақсы­ғұлов, Қ.Сәтбаев атындағы мек­­тептер) жөндеуден өткен. Биыл жөн­деуден өтіп жатқан білім ошақ­та­рын қосқанда аудандағы барлық 18 мектептің бесеуі ғана жөндеу көрген. Қазір Аманкелді, Мерей орта мектептері және Мерей ауыл­дық округіндегі «Айгөлек» бала­бақшасының ғимаратта­рын жөн­деуден өткізуге құрылыс жұ­мыс­тарының жобасы жасақталуда. Достық аулындағы мектептің, Тас­қаладағы бір балабақшаның жоба­лық-сметалық құжаттамасы дайын, мемлекеттік сараптамадан өтуде.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,
Батыс Қазақстан облысы

2411 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы