• Кәсіпкерлік
  • 24 Желтоқсан, 2020

Кәсіби қолдау: Мәселені шешудің негізгі жолы – инклюзивті білім беру

Алматыда инклюзивті білім беру және мүгедектерді жұмысқа орналастыру мәселелеріне арналған ауқымды онлайн-конференция өтті. Аталмыш іс-шараға «Прогресс» колледжінің басшылары мен түлектері, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының, Іле аудандық мәслихатының және БАҚ өкілдері қатысты.

 

Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) бағалауы бойынша әлемдегі еңбекке қабілетті жастағы халықтың жалпы саны ішінде 386 миллион адам мүгедек болып табылады. Кейбір елдерде мүгедектер арасындағы жұмыссыздық 80 пайызға жетеді, өйткені қызмет берушілер мүгедектер жұмыс істей алмайды деп санайды. Қазіргі уақытта бұл мәселені шешудің негізгі жолы инклюзивті білім беру болып табылады. «Мен инклюзивті оқытуды қолдаймын, өйткені ерекше қажеттіліктері бар адамдар қоғамда әлеуметтенуді қажет етеді. Мүмкіндігі шектеулі ересектерге назар аудару өте маңызды, өйткені олар жұмысқа орналасу және жаңа дағдыларды үйрену үшін кәсіби қолдауды керек етеді, ал оқыту және бейімдеу бағдарламаларының көпшілігі біздің елімізде мүгедектігі бар балаларға бағытталған, ересектерге емес. «Филип Моррис Қазақстан» компаниясының қолдауымен жүзеге асырылып келе жатқан «Прогресс» колледжінің жобасы биыл оныншы рет 2 және 3 топтағы мүгедек адамдарды кәсіби дағдыларға оқыту бағдарламасының түлектерін шығарды, оның ерекшелігі – ересектерге арналуында. Бұл олардың қоғамға әлеуметтік интеграциялануына бағытталған, өйткені оларға қарым-қатынас пен білім алмасу маңызды», – деді «Прогресс» колледжінің директоры Жанна Телпекбаева.

Спикер бағдарлама ерекше қажеттіліктері бар адамдарды нарықтағы сұранысқа байланысты өзгеру және толықтырылу үстіндегі мамандықтарға оқытуға бағытталғанын айтты. Әр жылдары арнайы дайындықтан өткен оқытушылар өздерінің ерекше оқушыларына пішу және тігу, сабын жасау, аспаздық ісінің негіздері, шаштараз, саңырауқұлақ өсіруші, маникюр маманы, аяқ киім жөндеу, сонымен қатар компьютерлік сауатты­лық сынды мамандықтарға үйретті. Жақында оқу бағдарламаларына SMM негіздері қосылды, бұған қоса студенттер бизнес, бухгалтерия және салық жүйесі негіздерімен танысуда. Осы жылдар ішінде жоба аясында оқудан өткен 300 адамның 60-тан астамы жеке кәсіпкер атанып, өз ісін ашқанын айта кету маңызды.

Іле аудандық мәсли­­хатының хатшысы Роза Әбілова Алматы облысының Іле ауданында 4 мыңға жуық мүгедек тұрып жат­қанын және оларды оқыту, жұмысқа орналастыру, бейімдеу және әлеумет­тендіру мәселелерін бизнес, қоғамдық ұйымдар мен мемлекет арасындағы әлеуметтік серік­тестік арқылы тиімді шешуге болатынын атап өтті. Бұл тәсілдің сәтті мысалы ретінде «Прогресс» колледжінің бағдарламасын атауға болады. «Өкінішке қарай, көптеген мүмкіндігі шектеулі адамдарға қол­даныстағы бағдарламалар туралы ақпарат жетпейді. Сондықтан бұл қызметке біз депутаттарды белсенді түрде тартамыз, олар өз сайлаушыларына ақпарат беруде осы мәселені қозғай алады. Мысалы, Кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес мүмкіндігі шектеулі адамдар кәсіби біліктілік ала алады және өз бизнесін ашу үшін грант иеленуге мүмкіндігі бар», – деді Роза Әбілова.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректері бойынша Алматы облысында 67 648 мүгедек тұрады, алайда облыстың өзге аудандарында оларды оқыту мен жұмысқа орналастыру проблемалары Іле ауданындағыдай сәтті шешілуде деп айту қиын. Қапшағай қаласындағы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Алмагүл Қамбарова ерекше қажеттіліктері бар тұлғаларға арналған инклюзивті білім беру мәселесін шешуде туындаған проблемалар мен бастамалар туралы аталмыш қала үлгісінде айтып берді. Негізгі проблемалардың қатарында кейбір сауда объектілеріне қажеттіліктері шектеулі адамдар үшін қолжетімділіктің, арнайы көліктің болмауы (қалада бір ғана инватакси бар), жалпы білім беретін мектептерде ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін инклюзивті білім беруді жүзеге асырудағы қиындықтар аталды. «Атамекен» жүйелі негізде мүгедектігі бар адамдарды бизнес негіздеріне оқытады. Пандемия кезінде ол тоқ­татылмады, онлайн режимге көшті. Барлық саны 56 қашықтықтан оқыту сабақтарының сериялары әзірленді, осының аясында «Бастау бизнес» бағдарламасы қатысушылары онлайн тестілеуден өтіп, бизнес-жобаларын қорғады. Оқуды сәтті тәмамдағандар сертификат алып, біздің бағдарлама бойынша да, «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы бойынша да грант байқауына қатыса алады», –  деді Алмагүл Қамбарова.

Сарапшылар мен БАҚ өкілдері үшін тиімді диалог алаңына айналған конференцияда ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған инклюзивті білім беру саласындағы қазіргі проблемалар мен бастамалар, ерекше қажеттіліктері бар қазақстандықтарды қолдаудың мемлекеттік бағдарла­маларының қолжетімділігі мен тиім­ділігі және тағы басқа өзекті мәселелер талқыланды.

Нұрлан Құмар

351 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы