• Бизнес & Қоғам
  • 24 Желтоқсан, 2020

Қоршаған ортаны қорғаудың 74 жобасы бар

Батыс Қазақстан облыстық экология департаментінде «Күрделі жобаларға мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу» тақырыбында бейнеконференцбайланысы арқылы жиналыс өтті. Онлайн сипатында өткен басқосуға  өңірдегі ірі табиғат пайдаланушылар, БҚО бойынша «Ақжайық – адалдық алаңы» аймақтық кеңсесі мен сарапшылық кеңестің мүшелері, облыстың экоамбассадорлары, БАҚ және жұртшылық өкілдері қатысты.

 

Жиында бұдан төрт жыл бұрын аталмыш департамент жанынан құрылған экологиялық мемлекеттік сараптаманың сарапшылық ке­ңесінің отырыстарында қаралған ірі және аса күрделі жобалық құжат­тамалардың жайы сараланып, тал­қыланды. Сарапшылық кеңестің құрамында қызметтік міндеттері қоршаған ортаны қорғауға байланысты мемлекеттік құрылымдардың лауазымды тұлғалары, жоғары оқу орындарының ғалымдары, үкіметтік емес ұйымдардың, кәсіпкерлер палатасы және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен қоғам белсенділері бар.

Департаменттің экологиялық реттеу бөлімінің басшысы Жанар Ізболатованың баяндауынша, сарапшылық кеңес құрылғалы бергі уақыт ішінде кеңестің 37 отырысы өткізіліп, 74 жобалық құжаттама қаралды. Сарапшылық кеңестің отырыстарында Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в.» компаниясы, «ҚазТранс Ойл», «Ақ қайнар» НӨК АҚ-лары, «Жайықмұнай», «Орал құс фабрикасы», «ICM Recycling» (Ай Си Эм Ресайклинг), «Айдана», «BKKS LPG», «Жайык Дизель Сауда», «Батыс Эко Орталығы» ЖШС-лары сынды ірі және басқа да табиғат пайдаланушылардың неғұрлым күрделі жобалық құжаттамалары қаралған.

«КПО б.в.» компаниясы жобала­рының арасынан 2017 жылға арналған «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в» компаниясының шекті рұқсат етілген шығарындыларының (ШРШ) және 2017-2018 жылдарға арналған Қарашығанақ мұнай-газ конденсаты кен орнының жер асты қабаттарына сарқынды сулармен айдалатын ластаушы заттардың шекті рұқсат етілген төгінділерінің (ШРТ) нормативтік жобаларының талқыланғаны атап өтілді. Компания ШРШ жобасын қарастыру және үйлестіру барысында 2017-2021 жылдар аралығында «КПО б.в.» өндірістік қызметінің нәтижесінде ауаны ластайтын заттар шығарындыларының көлемін азайтуды қарастыратын шараларды жасақтап, оны іске асыруды өз міндетіне алды. Осындай жұмыстардың нәтижесінде жылма-жыл ауаны ластайтын заттардың нақты көлемі 8-10 мың тонна шамасында азайды. Сонымен қатар ШРТ жобасын үйлестіру барысында «КПО б.в.» компаниясының мойнына алған міндеттемелері бойынша қазіргі уақытта өнеркәсіптік ағынды суды айдау көлемін көбейту мүмкіндігін және оның жер асты қабатында таралмауын негіздеу үшін №1 өндірістік ағындыларды жер асты көму полигоны учаскесінде геологиялық барлау және зерттеу жұмыстарын жүргізді. Соған орай ағынды суды айдау жобасына қосымша құжаттар жасақталып, ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің экологиялық реттеу және бақылау комитеті мем­лекеттік экологиялық сараптамасы оң қорытындысын берді.

Күрделі жобалардың бірі – «Орал құс фабрикасы» ЖШС-нің қалдықтарды орналастыру нормативтік жобасы. Облыс экологиясының жай-күйін жақ­сартуға бағытталған жоба барысында кәсіпорын құс көңін кәдеге жарату үшін препараттарды қолдану шараларын жоспарлады және оны сәтті іске асырды. Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде көң сақтау орнында құс көңін орналастыру көлемі азайтылды. Осылайша құс фабрикасы ауданына жақын орналасқан тұрғын аймақтағы атмосфералық ауа сапасы жақсарды. «Маңызды жобалардың арасынан «2019-2025 жылдарға арналған Батыс Қазақстан облысының қоршаған орта сапасының  мақсатты көрсеткіштері туралы» облыстық мәслихат шеші­мінің жобасын атап айтуға болады. Осы жобаны іске асыру барысында департамент БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасымен бірге  жалпы облыс бойынша қоршаған ортаға шығарындыларды, төгінділерді және қалдықтарды орналастырудың рұқсат етілетін көлемдерін азайту бағы­тында жұмыстанып келеді. Бұл жоба эмис­сиялардың нақты көлемдерін азайтуға әсер етеді», – деді Жанар Ізболатова.

Жиынға қатысушылар «ICM Recycling» ЖШС, «Айдана» ЖШС, «Ақ қайнар» НӨК АҚ эмис­сияларының нормативтік жобалары, су айдындары нысандарындағы  балықтарды шекті-мүмкін аулау жайы мен облыс аумағындағы киіктерді аулаудың биологиялық негіздемелерін талқылады. Бас­қосудың тоқетер түйіні табиғат пай­даланушылар табиғат-ананың байлығынан нәсіп-берекет тауып қана қоймай, қоршаған ортаның табиғи жағдайын жақсарту, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, сақтау, жандандыру бағытындағы іс-шараларды естен шығармауы  тиіс дегенге сайды. Өйткені табиғат байлығын елдің ертеңгі болашағы үшін сақтау қашан да өзекті.

 Батыс Қазақстан облысы

 ГҮЛБАРШЫН ӘЖІГЕРЕЕВА

 

 

1534 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы