• Өндіріс
  • 08 Қаңтар, 2021

Өркенді кәсіпорындар шоғыры

Пандемияның күрделі әсері жаңа өндірістерді құруға кедергі бола алмайды. Өйткені, кез келген ауырлықты көтеру үшін ең алдымен тіршіліктің күре тамыры – экономика дағдарып қалмауы қажет. Осының бір мысалы – өткен жылы «Астана – жаңа қала» АЭА аумағында бірнеше ірі жобалардың құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Ал кейбір компаниялар қуаттылығын арттырып, өнім түрлерін кеңейтті.

Атап өтерлігі, пандемия кезінде Қазақстанда алғаш рет индустриялық модульдік үй құрылысы технологиясын енгізу басталды. Бұл құрылыс мерзімін төрт есе қысқартуға мүмкіндік беріп қана қоймай, тұрғын үйдің өзіндік құнын едәуір төмендетіп, сапасын арттыратын прогрессивті буын.

Яғни, бұл ел азаматтары үшін баспана қолжетімділігін барынша арттырып, республиканың құрылыс индустриясына жаңа леп әкеледі. Құрылыс уақыты қысқарады, әдеттегі қалдықтар болмайды, сапаны сақтаумен тұрғын үйдің құны төмендейді. Жаңа технология жайлылық класындағы үйдің нарықтық құнын едәуір төмендеткенімен, бұл құрылыс сапасына еш әсер етпейді.

Кәсіпорын темірбетон бұйым­дарын – блок-бөлмелер шы­ғарады, олардан LEGO конструкторы қағидаты бойынша тұрғын үйлер немесе әлеуметтік инфрақұрылым нысандары салынады. Әзірге зауыттың бірінші кезегі енгізілді, оның өндірістік қуаты – 200 мың шаршы метр. Ал 2 және 3-кезек енгізілгеннен кейін зауыт қауқары 1000 шаршы метрге дейін ұлғаяды. Компанияда 500 адам жұмыс істейді, зауыттың кеңеюімен жұмысшылар саны 1000-ға дейін артатын болады.

Индустриялық модульдік үй құрылысының жоғары эколо­гиялық таза болуына керам­зит­бетонның қолданылуы және шаңды жұмыстардың зауыт цехында жүргізілуі арқылы қол жеткізіледі. Ал қос қабырғалар, едендер мен төбелер есебінен жылу және шудан оқшаулау қасиеттерінің сапалық көрсет­кіштері артады. Айта кететін жайт, бұл технология Германияда аз қабатты құрылыс үшін және Сингапурде 30-40 қабатты тұрғын үй мен коммерциялық ғимараттар үшін белсенді қолданылады.

Ендігі кезекте мұндай зауытты Алматыда да салу жоспарланып отыр. «Алматы – еліміздің ірі қаласы. Модульдік технология осы өңірде заманауи және қолжетімді тұрғын үй салуды жаңа деңгейге көтеретініне сенімдіміз. Қазіргі уақытта біз бірқатар тәжірибелік зерттеулер жүргізіп жатырмыз», – дейді Modex даму жөніндегі директоры Адат Әділхан.

Сондай-ақ, биыл әлемді жайлаған пандемияға байланысты барлық қиындықтарға қара­мастан, бетон және газоблок өндіретін Баракат Инвест зауыты цемент және гипс негізінде құрғақ құрылыс қоспаларын өндіру цехын ашты. Енді зауытта гипстық сылақ, құймалы еден, газоблок пен кафельге арналған желім шығарылады. Өндірісте жергілікті қазақстандық шикізат, мысалы, Қабанбай батыр ауылынан құм, Волгодоновка мен Аршалы ауылдарынан қиыршық тас жеткізіліп, пайдаланылады. Өндірісті кеңейтудің арқасында қосымша 10 жұмыс орны ашылды. Жақын арада 2-ші желіні іске қосу жоспарланып отыр.

«Үкіметтің өнеркәсіптік саясатты сауатты жүзеге асыруының арқасында серіктестік жұмысы қыста тоқырап қалмады. Өйткені, қалада құрылыс жұмыстары, әсіресе, тұрғын үйлердің құры­лысы қызу жүріп жатыр. Сонымен қатар, тұрғын үй сатып алу үшін әртүрлі жеңілдіктер беретін мемлекеттік бағдарламалар іске қосылды. Мұның бәрі біздің кәсіпорынның өніміне деген сұранысты арттырады», – дейді зауыт директоры Ержан Баймұқаш.

Оның айтуынша, өндіріс орны M100-ден M1000-ға дейін дайын бетон шығарады. Жалпы қуаттылығы сағатына 300 текше метрді құрайтын  кәсіпорын барлық ірі құрылыс салушылармен серіктестікте жұмыс істейді. «Пандемия іскерлік белсенділіктің төмендеуіне ықпал еткені сөзсіз. Көріп отырғанымыздай, іс жүзінде шағын және орта бизнес ең көп зардап шеккен. Бұл біріншіден, қызметтер мен тауарларға деген қажеттіліктің азаюымен, екін­шіден шығындардың өсуімен байланысты. Қалай болғанда да, компаниялар аптасына екі рет зарарсыздандыру, адамдарды тасымалдау және қызметкерлер мен олардың отбасыларын емдеу шығындарын көтереді. Бірақ карантин кезеңінде біз жұ­мысымызды жалғастырдық. Жауапты компания ретінде біз бұл қиын сәтте бізден гөрі қиын кәсіпорындар, адамдар бар екенін түсінеміз», – дейді кәсіпорын басшысы.

Сол секілді, өткен жылы ин­дустриалдық паркте полиэтилен, полипропилен құбырларын, сондай-ақ пенополиуретанды оқшаулауда металл жылу оқшаулағыш құбырларын шығаратын Kerim Plastic Pipes зауыты ашылды. Айта кетерлігі, арнайы экономикалық аймақ ішіндегі кооперация туралы сөз болғанда, бірінші кезекте индустриалдық паркте өндіріле­тін және астананың құрылыс алаңдарында белсенді қолда­нылатын құрылыс материалдары мен жабдықтары ойға келеді, оларды ілгерілетумен басқарушы компания айналысады. Бұл ретте парк өнімдерінің тұтынушылары тек құрылыс салушылар ғана емес, сондай-ақ парктің өнеркәсіп­тік кәсіпорындары да бола алады. Соңғы мысалдардың бірі – Kerim Plastic Pipes бен LED Solution компанияларының өнеркәсіптік жарақтандыру ас­паптарын жеткізуге шарт жасасуы. Кәсіпорын көршілік LED Solution зауытында өндірілген энергия үнемдеу аспаптарымен жарақтандырылады. Осындай ынтымақтастықта екі қаты­сушы да логистика, кепілдік және қызмет көрсетуде айқын артық­шылықтарға ие болады.

Ал Central Beton Company жаңа кәсіпорнында тәулігіне 3 мың текше метр бетон өндіріледі. Сондай-ақ компанияның темір­жол тұйығында қоймасы бар, онда бір мезгілде 3 мың тоннаға дейін цемент сақтауға болады. Кәсіпорын ең жаңа технологияларымен, өндірістің экологиялық тазалығымен, алдыңғы қатарлы неміс жабдықтары және бетонның жоғары сапалық сипаттамаларымен ерекшеленеді. Бұл бетонды қайта өңдейтін өндірісі бар жалғыз зауыт болғандықтан, толық, қалдықсыз, аяқталған өндірістік цикл жолға қойылған. Бүгінде серіктестік өнімі Нұр-Сұлтан қаласында және Ақмола облысының аумағында таратылады. Эпидемия немесе құрылыс жұмыстары әдетте тоқтатылатын қысқы маусым өндіріс қарқынына әсер еткен жоқ. Онда 150-ден астам адам күндізгі және түнгі ауысымда тоқтаусыз жұмыс істейді. Компания екі жаңа құрал-жабдық сатып алып, өндіріс қуатын 80%-ке арттырды. Осының арқасында 30 жаңа тұрақты жұмыс орны құрылып отыр.

Индустриалдық парктегі тағы бір ірі зауыт – Болашақ 2019 меди­циналық бетперделер шығарады. Кәсіпорын дайын өніммен елорда халқын қамтамасыз етеді және еліміздің барлық өңірлеріне жеткізеді. «10 маусымда бізге құрал-жабдықтар келе бастады. Содан кейін оны әзірлеп, жұмысқа қызметкерлер қабылдауға кірістік. Ал 20 шілдеден бастап сынақ режимінде жұмысқа кірісіп, қызметкерлерді де қатар оқыту басталды. Кәсіпорын жолағы сынақ режимінде екі миллионға жуық маска шығарды», – дейді «Болашақ 2019» ЖШС техни­ка­лық директоры Ғабит Нүсіпов.

Толық өндірістік қуат – айына 5 миллион бетперде. Медициналық маскалардың ерекшелігі – сүзгі қабатына жоғары қорғаныс қасиеті бар және су өткізбейтін материал қолданылады. Компания «Біз біргеміз» акциясы аясында қалалық емханаларға маска жеткізіп берген-ді.

Жалпы, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің мәліметі бойынша, биыл №1 индустриалдық парктің аумағында 5 жаңа кәсіпорын салынып, пайдалануға берілді.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

143 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала Astana Ceramic: Заманауи құрылыс келбеті
Келесі мақала Қуатты өндірістер кешені

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

TENGE MONITOR №2

14 Қаңтар, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ахас Қайырұлы Тәжутов

“TENGE MONITOR” апталық газетінің бас редакторы