• Бизнес & Қоғам
  • 08 Қаңтар, 2021

Айқайы көп ортада ақыл тоқтамайды

Биыл тәу еткен Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы. Әрбір саналы азамат үшін бұл ордабұзар жасқа келген, жаңғырған қазақ мемлекеттігінің шаңырағын шайқалтпай, ырыс-берекесін кетірмей, ел бірлігі мен жер тұтастығын сақтай отыра әрі қарай қалай, қай бағытта дамытамыз деп ойланатын, толғанатын кез, кемел кезең.

 Зымырап өте шыққан 30 жыл қаншалықты қиын, күрделі болса, алдағы қамал алар жасқа дейінгі уақыт та оңай болмайтыны қазірден бастап-ақ көрініп тұр, деп жазды Президенттің мақаласына қатысты пікірін саясаттанушы Айдос Сарым Facebook парақшасында.

Шындап келсек, қашан да, қай кезде де қазақты, Қазақ мемлекетін құтқарар, сақтап қалар, арқа сүйер төрт құндылық бар: тұнық тіл, терең тарих, тылсым табиғат пен тыңғылықты тыныс-тіршілік. Осы құдыретті құндылықтар турасында Президент өз мақаласында жақсылап таратып айтып берді. Шындап келетін болсақ, қазақтың басты қорғаны, тірегі, тылы, ділі – туған тілі. Тілдің тазалығын сақтау, оны заманға сай дамыта білу, бизнес пен ғылым тіліне айналдыру, шын мәніндегі мемлекеттік тіл қылып, заңды тұғырына отырғызу – ұлттық, мемлекеттік мәселе. Тіл – ұлттық рухтың, сананың, ойдың алаңы мен мекені. Баяғыда Маркс еврейдің қасиетті кітабы Тораны «халықтың көшпелі мемлекеті» деп атаған екен. Осыған салсақ, тәуелсіздіктен айрылып, мемлекеттігімізді жоғалтқан кезде де қазақты қазақ еткен, біріктірген, топтастырған, жинаған қасиет пен құндылық – қазақ тілі екенін мойындауымыз керек. Ұлан-байтақ жерімізді, әлемдегі тоғызыншы территорияны айшықтаған да, ерекшелеген де осы тіліміз. Оймақтай ғана мемлекеттер ондаған, жүздеген диалектіге бөлініп жатады. Осыншама орасан ойкуменаны еш диалектісіз, жіксіз жинаған қазақ тілінің ұлы күші мен қасиетіне таң қалмасқа болмас!

Екінші құндылық –  ұлттық жадымыз бен тарихымыз. Ел ыдырап, халықтың тоз-тозы шығып, рухы сынған кездері де аз болмаған. Мың өліп, мың тірілгенде де қазаққа сенім берген, рух берген, жауапкершілі­гін сездірген құндылық – тарихы. Тарихи сана қашан да тарихи жа­уапкершілікке итермелеген. Тарихи сана жекелеген адамның амбициясын ортақ мүддеге бағындырып, жұртты мұратшылдыққа, ұлттық ымыраға жетелеген. Тарихи сана әрбір ойлы, есті адамды белгілі бір рухи тәртіп пен саналы тіршілікке жүгендеген. Қазақтың бойында бар, гендік кодына жазылған аруақ пен ұрпақ концепциялары да осы тарихи санадан бастау алады. Қайда жүрсең де, кім болсаң да өзіңді ұзын-сонар, үздіксіз шептің, қатардың ішінде жүру, мызғымас, айрылмас  бөлігі ретінде сезіну кез-келген адамға қосымша жауапкершілік, миссия артады.

Жазба соңында ол барша халықты Президенттің  мақаласын асықпай оқуға шақырды. «Оқығанда да оны дабыралатпай, мақтампаздыққа апармайық. Керісінше, ойға ой қосатын, ойды ой жетелейтін дү­ниелерге ұмтылайық. Осы отыз жылда не бітірдік, неден жаңылдық, оған не себеп деген шыншыл әңгімені бастайық. Тек сынап-мінеп қана қоймай, қайткен күнде дұрысталамыз, дұрыс жолға түсеміз деген байыпты, ақылды сараптама жасауға ты­рысайық. Және де бір өтініш; бос айғайды, аттанды азайтсақ, ағайын. Айқайы көп ортада ақыл жоқ, эмоция басым болады, ой тоқтамайды, сіңбейді. Бізге эмоциядан гөрі сабырлы, салиқалы әңгіме, ұлттық компромисс, мәміле керек сияқты».

 Айдос САРЫМ,

саясаттанушы

573 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы