• Аймақ тынысы
  • 08 Қаңтар, 2021

Гранттық қаржы қолдан келетін шаруаға жұмсалса игі

Батыс Қазақстан облысы Орал қалалық әкімдігінің жұмыспен қамту орталығының жетекші маманы Болат Есбектің айтуынша, нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы  аясында өткен жылы республикалық бюджеттен 153 млн 91 мың теңге, жергілікті бюджеттен 13 млн 636 мың теңге бөлініп, соған орай кәсіпкерлік бастамаларға 320 қайтарымсыз грант бөлінген. 

Соның 276-сы  республика­лық бюджеттен бөлінсе, 44-іне жергілікті бюджеттен бөлінген.  Алдыңғы жылы бөлінген 300 гранттық қаржы толықтай игерілгені мәлім. Жүргізілген мони­торингтің нәтижесіне қарағанда, гранттық қаржы алған­дардың ішінде 93 аз қамтыл­ған отбасы, 56 көпбалалы отбасы мү­шелері, 14 мүмкіндігі шектеулі жан, 81 жасы 29-ға дейінгі жас және басқа санаттағы 77 адам бар.  

–  Былтыр гранттық қаржы алдыңғы жылға қарағанда молы­рақ бөлінді. Мемлекет халықтың әлеуметтік жағдайын, тұрмыстық әл-ауқатын көтеру үшін жыл сайын аталмыш бағдарлама бойынша бөліне­тін қаражат шамасын көтеруде. Грант­тық қаржы иегері атану үшін ал­дымен «Бастау-Бизнес» жобасы негізінде кәсіпкерлікке оқуы тиіс. Оқудан өткендерге ешқандай кедергісіз грант беріледі. Тек атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар ғана мұндай оқуды оқымай-ақ гранттық қаражатты алады. Кәсібімді бастаймын деп құлшынып тұрған атаулы әлеуметтік көмек алатындарға грант бірінші кезекте беріледі, – деді Болат Есбек. 

Гранттық қаржы алған аза­маттар түрлі кәсіптерін бастауда. Мал, құс  шаруа­шылығын дамыту, тігін цех­тары, компьютерлік қызмет, шаш­тараз, сұлулық са­лондары, дәнекерлеу, дөңгелек құрастыру, ағаш цехтары, фото және бейне студиялар сынды басқа да кәсіпкерлік нысандарын ашып, жұмыстарын жолға қоюда.

 

 

Гранттық қаржы алуға ұсы­нылатын жобалардың 50%-дан астамы ателье, үй жағдайында кондитерлік өнімдер өндіруге, сұлулық салонын ашуға бағыт­талған. Олардың көптігі шаһар аумағында бір-біріне бәсе­келестік тудырады. Сонымен қатар алдыңғы және былтырғы жылы гранттық қаржы алғандардың бірқатары еліміздегі коронавирус пандемиясы жағдайына байланысты мемлекеттік қайтарымсыз грантты игере алмаған сыңайлы. Мамандар  гранттық қаржыны игере алмаушылар қатары өсуде деп алаңдаушылық білдіріп отыр.

 – Қайтарымсыз грант алушылар 200 айлық есептік көрсеткіш шамасында, яғни 555 мың 600 теңге шамасында қайтарымсыз қаржы алды. Жылдың басында бұл сома 530 мың 200 теңге болды. Коронавирус пандемиясына байланысты АЕК шамасы ұлғайтылып, соған орай гранттық қаржы көлемі де өсті. Алайда грантқа қолы жеткендер қатарында өз ісіне жүрдім-бардым қарайтын азаматтар бары өкінішті. Мониторингке қажетті есеп-қисаптарын уақытылы тапсырмайды. Бірен-саран грант алушы мониторинг жасаушыларға «ұстатпай», қашып-пысып жүреді.  Мұндай жауапсыз грант алушы азаматтардан міндетті түрде мемлекеттік құрылым тарапынан сұрау болады. Мемлекеттің қаржысы «желге ұшпауы» керек. Сондықтан олардың құжаттары комиссияда қаралып, мемлекеттік грантты кері қайтару үшін сотқа жолданады, – деп түсіндірді Болат Есбек.

Кәсіпкер ретінде құрған жеке кәсіпкерліктері  грант қаражатын алғаннан бастап үш ай ішінде құрылып, мемлекеттік кірістер құрылымдарында тіркелуі тиіс. Мұндай жағдайда жеке кәсіп­керлер есеп-қисаптарын кірістер құрылымдарына үш ай сайын тапсырып отырады. Сонымен қатар қалалық өзін-өзі қамтушылар 2651 теңге көлемінде бір реттік әлеуметтік  төлемді ай сайын бір жыл бойына уақытылы төлеп отыруға міндетті.  Қалаға іргелес Круглоозерный, Желаев секілді кенттерде тұратын өзін-өзі қамтушылардың әлеуметтік төлемі 1326 теңге шамасында. Осындай төлемдерін уақытылы төлемейтін грант алушылар мемлекеттік грантты мақсатсыз пайдаланған болып есептеледі.

Аталмыш бағдарлама бойынша 2021 жылға республикалық бюджеттен 193 адамға 112 млн 596 мың теңге, жергілікті бюджеттен 41 адамға 23 млн 919 мың теңге бөлінген. Мамандардың айтуынша, бұл, әрине,  алдын ала жасалған есептеулерге сүйеніп бөлінген.

– Үйде бала күтімімен отырған қыз-келіншектерге гранттық қаржыны алуға жол ашық. Егер қызметі сақталған декреттік демалыста болса, онда грант берілмейді. Орал қаласында көптеген көп балалы отбасының отаналары грант алып, ол қаржыға қажетті құрал-жабдықтарын сатып алып, үйде отырып-ақ өз кәсіптерін ашып, табыс табуда. Айта кетерлігі, бұған зейнет жасындағылар қатыса алмайды, өйткені бағдарламаға қатысушылар жасы 18 жастан 63-ке дейін деп көрсетілген.  Бағдарламаға көпбалалы, аз қамтылған отбасылардың мү­шелері, мүмкіндігі шектеулі жандар, 29 жасқа дейінгі жастар,  өзін-өзі қамтушылар қатыса алады. Жалпы бағдарламаның көздеген мақсаты – жер-жердегі жұмыссыз адамдардың өз кә­сіптерін ашып, оны дөңгелете отырып, өз қолдарын өз ауыздарына жеткізуіне мүмкіндік жасау.  Сонда қалада да, ауылда да тұрғындар мемлекеттен әлеуметтік төлем сұрамай, өз күндерін көріп, өздерін асырайтын болса,  мемлекет мықты бола түседі, – дейді Болат Есбек. 

Мемлекеттік грант қаражаты негізі кәсіпті дамытуға қажетті құрал-жабдық, мал, қажетті керек-жарақты сатып алуға және жалға алатын орынның ақысын төлеуге беріледі.  Қаржыны материал, шикізат алуға, айналым қаражатына жұмсауға болмайды. Грантты сауда саласына жұмсауға, соның ішінде стеллаж,  тоңазытқыш және т.б. заттар алуға рұқсат етіледі. Осыған орай бағдарламаға қатысушы­ның гранттық қаражаттың қайда, қандай зат алуға жұмсалғаны жө­нінде құжаттары, чектары, фото есеп­тері болуы керек.

 – Бағдарламаның жаңа бизнес идеяларды іске асыру бойынша   мемлекеттік гранттар беру деген  2-ші бағыты бойынша грант алуға қол жеткізген адамға кәсібін бастауға үш ай мерзім беріледі. Грантты алу оңай көрінгенмен, жобаны іске асыруда қиындықтар туындауы ықтимал. Қазіргі уақытта жұмыстарын жүргізе алмай отыр­ғандар, құс сатып алып, оны өсіре алмай, өлтіріп алғандар да бар. Қалаға іргелес ауылдардан мал сатып алып, малымды аудандағы бір ауылға апарып қосып қойдым деп жүргендерге, малды қай жерде өсіремін деп алдыңыз, сол жерде ұстау керек деп түсіндіреміз. Сон­дықтан қайтарымсыз грантты өзінің икемі бар, қолынан келетін шаруаны бастауға жұмсау керек, – деді Болат Есбек.

Былтыр бағдарламаға қаты­сушы­ларға жеңілдетілген несие беруге 500 млн теңге бөлініп, «Ауыл шаруашылығын қар­жылай қолдау қоры» АҚ филиалы арқылы берілген.  Орал қаласынан 53 адам несие алды. Олардың 20-сы жұмыспен қамту орталығы мекемесінің жолдамасымен, өзгелері жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлікті дамытуға алған. Мұндай несиенің шартына келсек, несие 5 жылға 6%-дық мөлшерлемемен 1,5 млн теңгеден 16 млн 400 теңгеге дейін берілді. Сонымен қатар көпбалалы және әлжуаз отбасыларға 4%-бен 7 жылға ұсынылады. Оралдан 2 көп­­балалы отбасы және кәсіптерін жүргізіп отырған азаматтар осындай несиеге қол жеткізді.  Несие алғандардың басым көпшілігі несие қаржатын азық-түлік сатуға, сауда-саттыққа жұмсайды. Одан басқа әйнек пакеттері өндірісі, көлік жөндеу, жиһаз, ағаштан бұйымдар жасау орындарын ашуға және жүк тасымалына, арнайы көлік сатып алуға жұмсаған. Өндіріс ашуға несие алушылар жоқтың қасы.

Мейрамгүл НЫҒМЕТУЛЛИНА, Орал қаласындағы «Комплимент» сұлулық салонының иесі, жеке кәсіпкер:
– «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының «Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру» ІІ бағыты аясында былтыр шілде айында 200 АЕК (555 600 теңге) көлемінде қайтарымсыз грант алдым. Бұрын құрал-жабдығым болмағандықтан, өзгелердің қол астында жұмыс істедім. Гранттық қаржыға тырнақ әрлейтін керек-жарақ, визажист үстелін, педикюр креслосын және басқа да жабдықтарды сатып алдым. Кезінде мұнай-газ саласына оқыған едім. Жұмыс таба алмаған соң, студент кезімнен айналысқан кәсібімді қолыма алғаныма бес жыл болды. Қаланың 6-шағынауданындағы «Клондайк» сауда үйінен айына 45 мың теңгеге орын жалға алып, келушілерге қызмет көрсетудемін. Оралда, Нұр-Сұлтан қалаларында кәсіби білім-білігімді шыңдайтын ақылы білім курстарына қатысып, небір шеберлерден сабақ алдым. Табысым жаман емес, 29 жасқа дейінгі жұмыссыз жастарға қайтарымсыз грант беріп, қолдау-көмек көрсететін мемлекеттік бағдарламаның арқасында кәсіпкерлік жолына түстім. Маған қолдау көрсетіп, кеңестерін аямаған жұмыспен қамту орталығының мамандарына рахмет айтамын.

 

Гүлдана СӘНКІБАЕВА, Круглоозерный кентінің тұрғыны, АӘК алушы, көп балалы отбасы:
– «Еңбек» бағдарламасының «Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру» деген екінші бағыты аясында былтыр маусым айында 200 АЕК көлемінде қайтарымсыз грант алдым. Бала кезімде әке-шешем қаз өсіретін, сондықтан гранттық қаржыға қаз өсірушілерден 100 қаздың балапанын сатып алдым. Басында балапандарға ветеринарлық дәріханалардан дәрумендер, арнайы жем сатып алып жүрдім. Уақыт өте келе оларға 25 келілік қабы 8 мың теңге тұратын ұсақталған жем, одан кейін бес ай болғанда «тірі» жем беріп жүрдім. Инкубатордың балапандары әлсіз болады екен, жауын-шашынды көтере алмай тең жартысы өліп қалды. Қазір қолымда қалған 40 қазды сойып, келісін 2,5 мың теңгеден сатудамын. Жаңа жыл қарсаңында алушылар аз емес.
Алдағы уақытта қазды жүздеп емес, 10-20 шақтыдан өсірсем деп жоспарлап отырмын. Сондықтан 10 шақты қазды өсіруге алып қалмақпын. Инкубатор сатып алып немесе жұмыртқаны қаздың өзіне бастырып өсіруді де ойлап отырмын. Қалай болғанда да, мемлекеттік бағдарлама ой-пейілімді өзгертті. Қазіргі заманда мемлекетке қарап отырмай, қосымша табыс табу керек деген ойға келдім. Оның үстіне қаз асырағалы үлкен ұлым Мақсат маған қолғабыс етіп жүр. Балаларды еңбекке тәрбиелеу үшін де қаз өсіргім келеді.

 

Гүлбаршын СИСЕНОВА,
Зашаған кентінің тұрғыны, өзін-өзі жұмыспен қамтушы:
– Биыл тамыз айында «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының екінші бағыты бойынша 555 600 теңге қайтарымсыз гранттық қаржы алдым. Өзім көпбалалы анамын әрі кішкентайыммен үйде отырмын. Қолым босай қалған кезде балапандарыма түрлі тәтті пісіретінім бар-тұғын. Сол хоббиімді кәсіпке айналдыруға бел будым. Жұбайымның жалғыз табысына қосымша болсын дегенім ғой. Содан гранттық қаржыға газ плита, тоңазытқыш, стационарлық миксер және басқа да керек заттарды сатып алдым. Енді газ плитаның пешінде торттың небір түрін, самса, пирогтар, ет қосылған нан, басқа да кондитерлік тағамдар пісіріп, айналама, таныстарға ұсынудамын. Әлеуметтік желі арқылы да аз-мұз тапсырыстар қабылдаймын. Осы бағыттағы шеберлік сағаттарына да қатысамын. Қазірдің өзінде тұрақты клиенттер қатары қалыптасты. Осылайша мемлекеттік бағдарламаның, мемлекеттің көмек-қолдауымен отбасылық бюджетіме кіріс кіргізіп, отбасымның берекесін арттырыуға ұмтылудамын.

 

Айнагүл ӘЛЖАНОВА, Круглоозерный ауылының тұрғыны, «Әлжанова» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі:
– Орал медициналық колледжін, одан кейін Орынбор жоғары медициналық колледжін бітіргенмін. Бұрын Орал қаласындағы №5, №6 емханаларда, перзентханда, Круглоозерный ауылындағы дәрігерлік амбулаторияда еңбек еттім. Аталмыш мемлекеттік бағдарлама туралы газеттерден оқып біліп, өзімнің дәрігерлік кабинетімді ашуға бел байладым. Содан «Бастау-Бизнсе» кәсіпкерлік курсында оқып, биыл жазда қайтарымсыз грант алып, гранттық қаржыға қажетті медициналық жабдықтар сатып алдым. Соның ішінде қан қысымын өлшегіш, пульсокиметр, тепловизор, кушеткалар, система салатын жабдықтар, одан басқа да қажетті заттар алынды. Қазір Круглоозерный ауылында «АйнаМед» процедуралық кабинетім жұмыс істейді. Ауылда дәрігерлік амбулатория бар, бірақ маған келушілер де аз емес. Мемлекеттік әлеуметтік медициналық сақтандыру құжаты жоқ тұрғындар және амбулаториядағы кезекті ұнатпайтын жандар маған ем-домға, ине салуға, система алуға келеді. Мемлекеттік бағдарламаның көмегімен жеке бизнесімді ашқаныма қуаныштымын. Мемлекеттің өзі қайтарымсыз қаржы ұсынып, «мына қаржыға бизнес ашып, кәсібіңді дамыт» деп тұрғанда, оны қалайша пайдаланбасқа? Сондықтан мұндай мүмкіндікті жіберіп алмаңыздар дегім келеді.

 Батыс Қазақстан облысы

  ГҮЛБАРШЫН ӘЖІГЕРЕЕВА

2415 рет

көрсетілді

13

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы