• Мәдениет & Спорт
  • 21 Қаңтар, 2021

Ұлттық паркте – тұңғыш визит-орталық

Алматыдағы «Іле-Алатау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде алғашқы визит-орталық өз жұмысын бастады.

Аюсай шатқалында орналас­қан орталық келушілерге ұлттық парк жайлы толық ақпарат ұсы­натын, білім берумен және ағарту жұмысымен айналысатын кешенге айналмақ. Оны таныс­тыру шарасына ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің төрағасы Асхат Қайнарбеков, қоғам белсенділері, ұлттық паркте экотуризмді дамыту бойын­ша құрылған Қоғамдық кеңес мү­ше­лері мен БАҚ өкілдері қатысты. 
«Жалпы Іле-Алатауға 2019 жылы 300 мыңға жуық адам келді. Әрине, былтыр пандемияға байланысты туристер аздау болды. Инфрақұрылымды дұ­рыстау арқылы осы туристер ағынын реттеу керек. Ал визит-орталықтың салынуы эколо­гиялық туризмді өркен­детіп, табиғат ескерткіштері туралы ақпарат беріп, дұрыс бағыт сіл­теуге, қоршаған ортаға ұқыпты қарауды насихаттауға мүмкін­дік ашады. Флора мен фауна туралы балаларға көбірек түсіндіруге, сабақтар өткі­зу­ге мүмкіндік туып отыр», – деді нысанның маңыздылығы туралы «Іле-Алатау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бас директоры Дамир Малгелдиев. 
Визит-орталықтың модулі экологиялық материалдардан – отандық ағаш конструкциядан жасалған. Ғимараттың негізіне бетон құйылмай, оның орнына металл байлауы бар геобұран­далардан қойылды. Жобаны танымал сингапурлық архитектор дайындаған. Ғимарат Аюсай шатқалының ландшафтына үйлесіп тұр. Визит-орталық WI-FI интернет желісіне қосылған. ««Аюсай» визит-орталығы үш модульден тұрады. Әр модуль шамамен 200 шаршы метр­ден тұрады. Ғимарат толығы­мен ағаштан және әйнектен тұрғызылды. Американдық тех­нологияны қолдана отырып, жеңіл конструкция түрінде құрастырдық. Іле-Алатаудағы экотуризмді дамыту жобасы аясында тағы да 4 шатқалда 6 визит-орталық салынбақ. Осы жылы үшеуін Үлкен Алматы көлінің маңында, Мұзтау және Түрген шатқалында тұрғызуды жоспарлап отырмыз», – деп атап өтті «Turanga Group» ком­па­ниясының басшысы Александр Гужавин. 
Аюсай шатқалына инфра­құрылым жасалмас бұрын ұлттық парк қызметкерлері Қазақ ұлт­тық университетімен және Зооло­гия институтымен бірле­сіп экологиялық мониторинг жүргізіп, қоршаған ортаға түсетін рекреациялық жүктемені есепке алған. Әзірге техникалық режимде жұмыс істеп тұрған визит-орталық қаңтар айының басынан бері 300-ге жуық адам қабылдап үлгерді. Шатқалда қоршаған ортаға зиян келтірмей әрі қауіпсіз демалудың негіздерін түсіндіру үшін «Тамыр» жабайы табиғатта болу мектебі жұмыс істеп жатыр. Онда волонтерлер мен кәсіби альпинистер тегін лекциялар жүргізеді. Визит-орталық ішінде экологиялық сабақтар үшін арнайы зал да ашылды. 
Визит-орталық қызметінің негізінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың экотуризмді орнықты дамыту идеясы туралы мәлімдемесі жатыр. Себебі оның салынуын парк аумағында эко-туризмді өркендетуге бағытталған инфра­құрылымның алғашқы баспал­дағы деп атауға болады.
Жалпы, «Turanga Group» экотуризмді дамыту жобасы аясында төрт жыл ішінде 155 шақырым жаяу жүру соқпағы жөнделіп, 17 жаңа жаяу және велосипед жолдары ашылмақ. Бұдан бөлек 10 глэмпинг, 2 кемпинг, 1 этноауыл мен 1 караванинг тұрғызылады. Осы тәжірибені пайдалана отырып, Алматы облысындағы өзге де ұлттық парктерде визит-орта­лықтар тұрғызу жоспары бар.

Салтанат ҚАЖЫКЕН

292 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы