• Өндіріс өрісі
  • 21 Қаңтар, 2021

ДӘРІ ӨНДІРІСІНІҢ ДЕҢГЕЙІ

Фармацевтика өнеркәсібі экономиканың маңызды секторы ғана емес, ол халық өмірі мен денсаулығы қауіпсіздігінің негізі. Пандемияның сын-қатерін қабылдаған бүгінгі кезеңде елімізде 96 кәсіпорын дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өндіруді жүзеге асырып, осы майданның тұрақты жұмысын қамтамасыз етуде.

Өткен 12 айда фармацевтика өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 47%-ға өсті. Бұған отандық кәсіпорындарда шығарылатын өнім көлемінің ұлғаюы себеп болды. Атап өткенде, «Химфарм» АҚ шығаратын өнім көлемін 2 есеге ұлғайтты.

Ал соңғы 2 жылда компания экспорт көлемін 2,5 есеге арттырды. Бүгінгі таңда кәсіпорынның дәрілік заттары Орталық Азия және ЕАЭО нарықтарында кең сұранысқа ие. Өнімдер сондай-ақ Тәжікстан, Түрікменстан, Моң­ғолия, Ресей және Қырғызстан сынды елдерге экспортталады. Енді Өзбекстан нарығын игере отырып, бұл бағытта да экспортты екі есеге арттыру көзделіп отыр. Тағы бір маңызды бастама – Еуропалық одақтың дәрілік нарығына шығу. Сонымен 2023 жылға қарай экспорт көлемі 4 есе, яғни 16 млрд теңгеге дейін ұлғаймақ. Қазірде кәсіпорында 11 өндірістік желіде өндірілетін 9 түрлі нысандағы 120-дан астам дәрілік заттардың атаулары бар, ал бұл отандық өндірушінің оннан астам емдік топтарда ұсы­нылғанының көрсеткіші. Ірі фар­мацевтикалық өндірушінің дамуына  Polpharma халықаралық фармацевтикалық компаниясы $100 млн.-нан астам инвестиция салды. Компанияның өндірістік циклі GMP халықаралық стандарттарына сәйкес келеді, сондай-ақ GDP тиісті дистрибьютерлік практикасы енгізілді.

Сол сияқты «Dolce-Pharm» фармацевтикалық компаниясы да жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, шығарылатын өнім көлемін 5 есеге арттырды. 1998 жылы құрылған компания 23 жыл ішінде бір рет қолданылатын ММБ өндіру саласында ұлттық көш­басшы атанды. 2012 жылдан бастап экономиканың медициналық секторына дайын өнімді өндіру және сату көлемін белсенді түрде атқаруда. Бүгінде компания түрлі медициналық өнімдердің 200-ге жуық түрін шығарады. Меди­циналық маскалардың 15 түрі шығарылады. Пандемиямен күрес аясында кәсіпорын медициналық маскалардың көлемін тәулігіне 60 мыңнан 360 мыңға дейін арттырды. Алматы облысындағы Ынтымақ ауылында орналасқан өндірістік кешенде 450 адам еңбек  етеді. Зауытта 6 өндірістік цех бар. Бұған қоса, алдағы уақытта тоқылмаған жайма өндіретін зауыт салу, лейкопластырь өндірісін құру жоспарлануда. Тоқылмаған жайма жобасы отандық кәсіпорындарды жеке қорғаныш құралдарын шығару үшін шикізатпен қамтамасыз ететін болады. Қоржынында 4 стратегиялық жобасы бар компания GDP стандарттары бойынша логистикалық орталық салуға құлшынып отыр.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша «Абди Ибрагим Глобал Фарм» ЖШС шығарылатын өнім көлемін 3%-ға ұлғайтты. Қазірде компанияның негізгі мақсаты – Қазақстанның фармацевтикалық саласын одан әрі дамыту және инновациялық өнімді сату мен жан-жақты маркетингті қалыптастыру арқылы ТМД елдері арасында дәрілік заттардың экспорты бойынша жетекші орын алу.

Эпидемия кезінде дәрі-дәр­мектер маңызды ресурс, ел азаматтарының өмірі соның қолжетімді болуына байланысты. Сондықтан жеткілікті қор мен номенклатураны кеңейтуді қамтамасыз ете отырып отандық дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың өндірісіне серпін беру қажет. Осы мақсат үшін Үкімет отандық тауар өндірушілерді қол­дау бойынша тиісті шараларды қабылдауда. Саладағы өсім «СҚ-Фармация» бірыңғай дистрибьюторы арқылы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде дәрілік заттарды жеткізудің, коронавирус пандемиясы жағдайында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға сұраныстың көбеюіне орай бөлшек саудада өткізудің ұлғаюымен де қамтамасыз етілуде. Қазіргі таң­да отандық тауар өндірушілер дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың 5 042 мың атауына 88 ұзақ мерзімді шарт жасаған. Соңғы 7 жылда мемлекеттік қолдаудың – дәрі-дәрмектерді жеткізудің ұзақ мерзімді шарттарының арқасында «Химфарм» үлесі 4,7%-дан 6,0%-ға дейін ұлғайды, бұл ретте 5 жыл ішінде «СҚ-Фармация»-мен келісімшарт сомасының 6,5 млрд-тан 19 млрд-қа дейін өскенін атап өту керек. Компания ірі жобаларды іске асыру аясында мемлекеттік қолдаудың жаңа шараларын қолдануға үміт артып отыр. Сол секілді «Dolce» ЖШС медициналық мақсаттағы бір реттік бұйымдардың ірі отандық өндірушісі (бұл хирургиялық опе­рациялық жиынтықтар, бір реттік киім, медициналық маскалар, бахилалар және басқалар) еліміздің медициналық мекемелерінің сұраныстарын толығымен жабады. Компания «СҚ-Фармация» ЖШС-мен ұзақ мерзімді шарт бойынша медициналық бұйымдар мен дәрі-дәрмектерді жеткізуге мемлекеттік тапсырысты орындайды. 2011 жылдан бастап кә­сіпорын бірыңғай дистрибьютормен ұзақ мерзімді негізде тығыз ынтымақтастық орнатқан. Осылайша, қазірде кәсіпорындардың өндіріс қуаттылығы тәулігіне 1,2 млн данаға дейін медицина маскасын шығаруға мүмкіндік береді. Алматыда, Қызылордада, Қостанайда, Шымкентте, Өскеменде, Көкше­тауда және республиканың басқа да аймақтарында 70-тен астам тігін кәсіпорындары маска өндірі­сіне тартылған, олар күніне 700 мыңға дейін маска шығарады. Ал қорғаныш костюмдерін шығаратын 6 отандық компания қуаттылықты айына 1 млн.-ға дейін арттыра алады. Яғни, індеттің өршу қаупі туса, фармацевтика саласының кәсіпорындары дәрілік заттардың қажетті көлемін қамтамасыз етуге дайын.

Өткен жылдың қазан айында бекітілген фармацевтикалық өнеркәсіпті дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары әсіресе, жаңа дәрі-дәрмек шығару, жұмыс істеп тұрған өндірістердің қуатын арттыру қажеттілігі үшін өте маңызды. Кешенді жоспарда фар­­­мацевтикалық және меди­ци­налық өнеркәсіпті қолдау және дамыту үшін негізгі бағыттар көз­делген. Олардың арасында фар­мацевтикалық қызметті, ЕАЭО шеңберінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысын реттейтін заңнамалық және нормативтік актілер, мемлекеттік қолдау шаралары, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар, инвестициялар тарту, саланы кадрлық қамтамасыз ету, дәрі-дәрмектерді таңбалау, олардың қадағалануы және дәрі­лік заттар мен медициналық бұйымдарды отандық өндіруші­лердің қуаттылықтарын ұлғайту бар. Кешенді жоспар 54 іс-шара мен 8 бөлімнен тұрады.

Атап өтерлігі, фармацевтика­лық нарық құрылымы өткен жыл­дың бірінші жартыжылдығы бойынша ақшалай мәнде отандық кәсіпорындардың нарыққа қаты­суы 17%-ды, заттай мәнде 39%-ды құрайтынын көрсетті. Сонымен қатар кешенді жоспардың белгі­ленген іс-шараларын іске асыру шығарылатын дәрі-дәрмектер желісін 297 дәрілік зат атауына және 2 348 медициналық бұйым атауына қосымша кеңейтуді көздейді. Бұл елімізде дәрі-дәрмек және медициналық бұйымдар нарығындағы отандық өнді­рушілердің үлесін 2025 жылға қарай ақшалай мәнде 17%-дан 30%-ға дейін, заттай 39%-дан 50%-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Қазақстан нарығында отандық өндірушілердің заттай көріністегі 50% үлесіне қол жеткізу ұлттық дәрілік қауіпсіздікті қамтамасыз етеді, ал ДДСҰ әрбір елдің шы­ғарылатын дәрілік заттары мен медициналық бұйымдарының үлесін кемінде 30%-ға қамтамасыз етуді ұсынады.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

505 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы