• Қаржы
  • 21 Қаңтар, 2021

АҚШАНЫ ҚАЙДАН АЛҒАН ДҰРЫС?

Шындығында, нақ осындай сауалдың талайды толғандыратыны даусыз. Қоғамдық және де басқа қаржы мәселесіне, жалпы ақша тұтыну саясатына қатысты ұйымдардың өкілдері бұл бағытта резервтер бар, тек соны іздестіру қажет деп есептейді. Осыны солардың өз пікірлерімен салыстыра отырып, саралап көрелік.

Егер де мемлекеттік бағдар­ламалар мен квазимем­лекеттік сектор тиімділігіне тиянақты тексеріс жүргізілсе, солардың қорытындысы бойынша бірталай қаржыны үнемдеуге болар еді. Атап айтқанда, мемлекет «өз-өзіне пиар» жасауға қыруар сома қаражат жұмсайды, ал мемлекеттік сатып алу барысында бағалардың көтеріліп көрсетілуі де аз айтылып жүрген жоқ. Сөйте тұра, әлеуметтік сала қосымша қаржыландыруға мейлінше мүдделі күйде қалып келеді.

Осы туралы және де өзге маңызды мәселелерді «КИПР» (Саяси шешімдер институтының клубы) талдау тобының «Бюд­жеттік қаржыларды тиімді пайдалану мәселелері: табыстар мен шығындардағы ысырап» тақырыбындағы отырысына қатысушы сарапшылар кеңінен талқылады.

АҚША АЗАЙДЫ, БІРАҚ ӘЛІ ДЕ РЕЗЕРВТЕР БАР

Сарапшылар мәжілісін «Кипр» тобының жетекшісі Ерлан Смайылов республикалық та, сондай-ақ жергілікті бюджеттердің де қаржылары қаншалықты тиімді жұмсалады деген сауалмен бастады.

Мемлекет әлеуметтік бағдарла­маларға қосымша қаржы таба алар ма екен? Ал мұндай қажеттілік қазірдің өзінде-ақ туындады, өйткені әлеуметтік-экономика­лық сала, жұқалап жеткізгеннің өзінде, кәдуілгідей ақсап қалған. Мәселен, ЮНИСЕФ-тің статистикасы бойынша, Қазақстандағы 18 миллион тұрғынға миллион кедей баладан келіп отыр.

«Zertteu Research Institute» қоғамдық қорының директоры Шолпан Әйтенова бұрын қыруар ақша бар еді, қазір бірнеше есе азайып қалды, деп мәлімдеді.

 – Біздің әлеуетімізді іс жүзінде түгескеніміздің бірінші дәлелі – көп жылдардан бері алғаш рет Азия банкінен 1,5 млрд АҚШ долларын алып отырмыз. Және де оны ағымдағы шығындар үшін алдық, – дейді ол.

Сондай-ақ Әйтенова өткен кезеңдерде алған ақшаларды да тиімдірек пайдалануға болар еді ғой, деп күйінеді.

Бұл сарапшының сөзіне Смайы­лов өзі де Есеп комитетінің есептемесіндегі мәліметтерді қосып көрсетті. Онда бюджеттік қаржылардың тиімсіз пайда­ланылғаны туралы айтылады.

– Үдемелі индустриялық-ин­новациялық даму мемлекеттік бағдарламасы (ҮИИД МБ) бойынша жеті жылда – 2012-2019 жылдары 5 трлн теңге инвестиция салынған. Соның ішінде тікелей мақсатқа жетуге тек 15%-ы ғана пайдаланылған. Ал қалған 85%-ы – мониторингке, кеңес беруге, бағалауға, жариялауға жұмсалған. Жаңа бордюрлер одан да жаңарақ бордюрлерге ауыстырылған  және  т.б., мүмкін сол ақшаларды мектептерге жұмсау керек пе еді? – деп мысал келтіреді Смайылов.

Әйтенова болса, 2003 жылы республикалық бюджет 500 млрд теңгені құрады, ал бұл тіпті бір Алматының 2020 жылғы бюджетінен де аз. Содан бері бюджеттер көп есе артқан, бірақ та адам өмірі сапасының осылайша өсуі еш байқалмайды.

– Оның орнына жеке капиталды мемлекеттік капиталдың едәуір ығыстырғанын көріп отырмыз. Және де мемлекеттің экономикада алмағайып рөлге ие болғанына куәміз, – деді Әйтенова.

ҚАРЖЫ ТИІМДІ ЖҰМСАЛУДА МА?

Экономист Сергей Дом­нин бюджет үдерісі барысында бір­талай істер атқарылды деп есеп­тейді. Мәселен, салыстырмалы түрдегі ұзақ мерзімді бюджетке көшу. Оның үстіне, «бюджетті игермеу» мәселесін іс жүзінде жеңдік.

Алайда, бұл пунктте, мәжі­ліске қатысушылар қызу пікір білдіргендей, күтпеген ке­дергілер де бар екен. Смайылов, нәтижесінде «сападан әйтеуір игерудің артықшылығы» пайда болды, деп мәлімдеді. Демек, әкімшілер бюджеттік бағ­дарламалардың игерілмеуін мемлекеттік органдардан «талап ететін болғасын», олар бұл қаржыларды кез-келген жолмен жұмсап тастуға тырысады. Бұл ретте оның пайдасы мен тиімділігіне бас қатырып жатпайды. Өйткені, келесі жылы оларға ақша азырақ беріледі.

– Республикалық та, жергілікті деңгейлерде де ақша қалай болған­да да жұмсалуы тиіс, ал қалайша – бұл екінші мәселе, – дейді ол.

Доминин тиімділікке ешкім мониторинг жасап жатқан жоқ, деп атап айтты. Яғни бағдарламаға қанша ақша бөлінгені – белгілі, ал нәтижесінде қаншалықты ақша ағыны пайда болғаны – аян емес.

Әйтенова мұндай индикаторлар қолданылмайды, өйткені бұл жауапкершілікті талап ететін мәселе, деп есептейді. Ал, нақ осы «жедел игеру» түрліше қаржылық талаптарды бұзушылыққа ұрын­дыруы ықтимал.

– Мемлекеттік бюджет пен мемлекеттік сатып алулар туралы әңгіме туындаса, бәрі де аса қымбат болып шығады. Нарықта бұл екі есе арзанға түскен болар еді. Мәселен, «Еңбек» порталын (жұмысқа орналастыру бойынша) құрдық, ал ол 135 миллион теңгені құрады. Бірақ мұндай бағаның неге негізделгенін білмедім, – дейді ол.

МЕМЛЕКЕТ ӨЗІН-ӨЗІ  ЖАРНАМАЛАУҒА ҚЫРУАР

АҚША ШЫҒЫНДАЙДЫ

Резервтер іздестіру жайында айта келе Смайылов, мем­лекеттік бағдарламаларды, квази­мемлекеттік секторды және жалпы алғанда, жағалай ақша жоғалта бергенше, солардың барлығының да тиімділігін тексерген дұрыс болар еді, дейді. Тек тікелей шығындарды ғана емес, табыстардың жеткілікті түспеуі де тексерілсе. Мысал үшін ол Есеп комитетінің 2017-2021 жылдарға арналған ауыл шаруашылығын дамыту бағдарламасын іске асыруды бағалау бойынша мәліметтеріне сілтеме жасайды.

– Инновациялық техноло­гия­лар енгізілмейді. Шағын ауыл шар­уашылығы құрылымдары осы саладағы өнімдердің негізгі бөлігін өндіреді, бірақ сөйте тұра, олар субсидиялаудың ережелері талаптарына сәйкес болмауы салдарынан мемлекеттік қолдауды пайдалана алмайды. Аудит 2,8 млрд теңгенің қаржылық тәртіп бұзушылықтарын, 16,9 млрд теңгеге тиімсіз жоспарлауды, 44 миллиардқа – қаржыларды тиімсіз пайдалануды анықтаған. 44 миллиард теңгеге 30-ға жуық мектеп салуға болады. Сондай-ақ халықтың 43%-ы ауылдық жерлерде тұрады, ал ІЖӨ-ге ауылдық аумақтардың үлесі – 5-тен 7%-ға дейін ғана екен. Егер мұнда салынған барлық инвестицияларды есепке алар болсақ, соншама қыруар ақша еш нәтиже бермеген, – деп тізбелейді Е.Смайылов.

Әйтенова да мемлекеттің өз-өзін жарнамалауына көптеген сома жұмсайтынын атап көрсетті. БАҚ-тар, блогерлер мен тағы да басқа жарияланымдарды айтуға болады.

– Жылына 50 миллиард теңге – бұл тек мемлекеттік тапсырыс қана. Бұдан басқа әкімдер өздері туралы жағымды материалдар жазуды тапсырады, – дейді ол.

Сарапшылар сонымен қатар экономиканың «сұрқай» секторынан да бюджеттің шығын шегетінін еске салып өтті. Смайыловтың айтуынша, 2018 жылы бұл жалпы көлемнің үштен біріне бағаланған.

АДАМИ КАПИТАЛҒА  САЛУ ҚАЖЕТ

Мемлекеттік бағдарламаларды талқылау барысында Домнин тағы бір мәселені атап өтті. Шаралардың (мемлекеттік қаржылар жұмсал­ған) бағдарламалар мақсатына қаншалықты жауап бергені баға­ланбайды екен.

– Неге екені белгісіз, көпте­ген дамыған елдердегідей бізде бірде-бір бағдарлама бойынша ең болмаса аралық бағалаулар жүргізілмейді. Әлдебір бағ­дарламаға осыншама ақша жұм­салды, ал қандай тиімділікке қол жеткізе алдық? Міне, мем­лекеттік органдар осындай талдаулармен айналысуға мәжбүр болғанында ғана, біз үнемделуі тиіс қаржылардың нақты көлемін анықтай аламыз, – деді ол.

Жалпы алғанда, отырысқа қатысушылардың бюджет табыстарын арттыру үшін үлкен резервтер барына қатысты пікірлері бір жерден шықты. Бұл ақшаларды, соның ішінде әлеуметтік салаға да және адами капиталға да ин­вес­тициялауға әбден болады. Сондай-ақ оларды дұрыс пайдаланса, бұл болашақта үлкен дивидендтер береді, дейді сарапшылар бірауыздан.

952 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы