• Аймақ тынысы
  • 21 Қаңтар, 2021

ДАМУҒА ТЫҢ СЕРПІН БЕРІЛМЕК

Жуырда Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен аппарат жиыны болып өтті. Онда өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, санитарлық-эпидемиологиялық жағдайы қаралған. Алқалы жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары, Ақтөбе қаласы мен аудандардың әкімдері қатысты, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.   

Аймақтың басшылық құра­мы мен негізгі шаруашылық активі бас қосқан жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауов өңірдегі эпидемиологиялық жағдайдың тұрақты екенін, коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау мақсатында барлық тиісті шаралар қабылданып жатқанын жеткізді. 
Содан кейін жиында об­лыстың 2020 жылғы әлеу­мет­тік-экономикалық дамуы­ның алдын ала қоры­тындысы жасалып, ағымдағы жылдың жоспары айқындалды. 
Облыс әкімінің орын­ба­сары Руслан Хамбаров негізгі макроэкономикалық көрсет­кіштер бойынша өсім байқала­тынын жеткізді. Облыс бойынша инфляция 107,5%-ды құрайды. Негізгі капиталға түсетін инвес­тиция 646,8 миллиард теңгені құрады. Бюджет қаржысының 355 миллиард теңгесі игеріліп, сол көрсеткіш бойынша Ақтөбе облысы өңірлер арасында үшінші орында. Бюджеттің жоспарлау кезіндегі  99,8 миллиард теңгені құрайтын кіріс бөлігі 123,5 миллиард теңгені құраған. 
Негізгі мақсаты ауылдағы тұрмыс сапасын жақсарту, ауыл аумақтарындағы инфрақұры­лымдарды жаңғырту, оларды өңірлік стандарттар жүйесі параметрлеріне дейін жеткізу болып табылатын «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 2019-2020 жылдары 107 мың тұрғыны бар 17 ауылда 6,6 миллиард теңгеге 39 жоба жүзеге асырылған. Биыл 72,5 мың адам тұратын келешегі бар 32 ауылда 7,7 миллиард теңгеге 78 жобаны жүзеге асыру жоспарланған.

Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында 41,5 миллиард теңгеге 300 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылып, 12 мың адам жұмысқа орналасты. 22 803 жаңа жұмыс орны құрылды, оның 56%-ы тұрақты. «Жол картасының қорытындысы бойынша Ақтөбе облысы – республикамызда жұмыссыздық деңгейі 0,1% төмендеген жалғыз өңір. Осы жылы шағын және орта бизнеске микрокредит беру үшін 1,1 миллиард теңге, тағы 13,9 миллиард теңге инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға  бөлінбек. «Еңбек»  бағдарламасымен 54 248 адам қамтылып, 2 мыңдай адам мемлекет қолдауын пайдаланды, 1 357 адам 745 миллион теңгеге қайтарымсыз гранттар, 953 адам 4,6 миллиард теңге шағын несие алды. Көпшілік мақұлдаған шаралардың нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі 4,8%, жастар арасындағы жұмыссыздық – 2,7% құрады», – деді Руслан Хамбаров. 
Облыс әкімінің орынбасары Аманғали Бердалин ауыл шаруашы­лығының 2020 жылдағы дамуы туралы баяндады. 
Өткен жылы ауыл шаруашылығы, орман және балық шаруашылығы өнімдерінің жалпы өндірісі 324,7 миллион теңгені, нақты көлем индексі 106,7%-ды құрапты. Негізгі капиталға 22,4 миллиард теңге инвестиция тартылған. Өсім – 110,4%. 
Субсидиялауға республикалық және облыстық бюджеттен 19 миллиард теңге бөлінген, соның ішінде 863 миллион теңге мал шаруашылығына беріліпті. 
Осы ретте облыс әкімі Оңдасын Оразалин субсидия алатын әрбір шаруашылық бойынша нақты талдау жүргізуді тапсырды. «Мемлекет ауыл шаруашылығын дамытуға қанша қаражат бөлетінін ескерсек, барлық көрсеткіштер бойынша айтарлықтай өсім болуы керек. Біз ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерден бағаны тұрақтандыру, мал басының, ұқсату көлемінің  өсімі түрінде қайтарымды көруіміз керек», – деп атап өтті облыс басшысы. 
Ағымдағы жылы Ақтөбе қа­ласында, Хромтау, Мәртөк, Қар­ғалы аудандарында тауарлы сүт ферма­ларын, ет пен жұмыртқа  бағы­тындағы құс фермаларын, бордақылау алаңдарын, жылыжай, ауыл шаруашылығы өнім­дерін терең өңдейтін экспортқа ба­ғыт­талған өндірістік кәсіпорындар ашу, өндірістік кооперативтердің тиімділігін арттыру, егістік жерлерді әртараптандыру, тұрақты суарылатын жерлерді айналымға енгізу бойынша үлкен жұмыстар жоспарланған. 
Облыс әкімінің орынбасары Сәлімгерей Бекбергенов 2020 жылдың қорытын­дысы бойынша «Бизнестің жол картасы», «Қарапайым заттар экономикасы» және «Еңбек» бағдарла­малары аясында бизнестің 1675 жобасы қолдау тапқанын баяндады. Өңір­лер тұрғысынан алғанда, облыс көш­басшылар қатарында. Бизнестің жол картасы аясында кәсіпкерлік субъ­ектілерінің 1108 жобасы қолдау көрді. 
«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 38,9 миллирд теңгеге 122 жоба мақұлданды. Жобалардың дені аграрлық-өнеркәсіп кешені, азық-түлік өнеркәсібі, құрылыс индустриясы, білім және т.б. салалар үлесінде. 
Индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы аясында 1 156  жұмыс орны құрылып, 138,3 миллиард теңгеге 23 жоба жүзеге асырылған. 
Облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет әлеуметтік саланың даму қорытындысы туралы ақпарат берді. Атап айтқанда, білім беру саласында 20 мектеп салынып, 56 білім беру мекемесі жөндеуден өткен, 87 пән кабинеттері жабдықталыпты. 
Биыл білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту, үш ауысымдық білім беру мен оқушы орындарының тапшылығын жою  шаралары қабылданатын болады. Сондай-ақ 8 мектептің, екі қосалқы ғимараттың құрылысы жалғасып, Мұғалжар ауданының Қандыағаш, Ембі қалаларындағы, Алға ауданының Маржанбұлақ ауылын­дағы мектептердің, Қарғалы ауданындағы өнер мектебінің, Ақтөбе қаласындағы Қазанғап атындағы мектептің құрылысы басталмақ. 
Жиын соңында Оңдасын Оразалин Мемлекет басшысының тапсырмаларын толығымен орындау үшін барлық шараларды қабылдау керектігін атап өтті. «Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, халықтың әл-ауқатын көтеру – алдымызда тұрған ең маңызды міндеттер. Бұл мәселелер қатаң бақылауда. Олардың шешіміне қолда бар ресурстарды пайдалана отырып, үлкен жауапкершілікпен қарау керек», – деп түйіндеді облыс әкімі.
Қорыта айтқанда, өңірде COVID-19 індеті салдарынан туын­да­­ған қиыншылықтарға қарамас­тан, өткен жыл ойдағыдай қорытын­ды­ланып отыр. Сондай-ақ алдағы жылға да біршама нақты іс-қимыл ауқымы белгіленіп, экономиканы дамытуға тың серпін беретін шаралар қабылданғаны қуантады.

Исатай ҚАМБАРОВ

343 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы