• Үкімет: іргелі істер үрдісінде
  • 04 Ақпан, 2021

Тапсырмалар түбегейлі орындалуы тиіс

Үкіметте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жуырда өткен кеңейтілген отырыста және де Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің отырысында берген тапсырмаларын іске асыру шаралары қаралды. Премьер-министр Асқар Мамин бұл бағытта атқарылар міндеттерді белгіледі.

Мемлекет басшысының Үкі­меттің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын іске асыру мақсатында экономикалық белсенділікті қолдау және халықты жұмыспен қамтамасыз ету, салық және бюджет саясатын жетілдіру, тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру, денсаулық сақтау, білім беру жүйелерін дамыту жөніндегі және басқа да шаралар әзірленді. Үкімет АӨК, мұнай-газ химиясын, электр энергетикасын, су ресурстарын басқаруды, «Жасыл Қазақстан» экологиялық және басқа да салаларды дамыту жөніндегі ұлттық жобаларды әзірлейді.

«Құрылымдық және ынталандыру шаралары халық пен бизнесті жан-жақты қолдауды, олардың жаңа жағдайларға бейімделуін, сондай-ақ экономикалық белсенділікті жандандыруды қамтамасыз етуі тиіс. Жаңа шынайылық жағдайында шикізаттық емес экспортты проактивті ілгерілетуге және инвестицияларды нысаналы тартуға бағдарланған өзін-өзі қамтамасыз ете алатын және әртараптандырылған экономиканы дамытуға назар аударуымыз қажет. Шағын және орта бизнес экономиканы дамытуға қарқын беруі тиіс», – деді А.Мамин.

Үкімет басшысы денсаулық сақтау, білім беру жүйелерін және нәтижелі жұмыспен қамтуды дамыту қажеттігіне ерекше назар аударды. Үкіметтің негізгі мақсаты – биыл экономика өсімін 3%-ға қамтамасыз ету, негізгі капиталға салынатын инвестицияларды ІЖӨ-нің 20%-на дейін, шағын және орта бизнес үлесін 30%-ға дейін ұлғайту, ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін 1,4 есе арттыру, өңдеу өнеркәсібін 10%-ға өсіру, жұмыссыздықты 4,9%-ға дейін қысқарту. Осы ретте Ұлттық экономика министрлігі екі күн мерзімде Премьер-министр Кеңсесіне Президенттің кеңейтілген отырыста берген тапсырмаларын орындау жөніндегі жол картасының жобасын енгізуі керек. Басты міндет – азаматтардың тұрмыс сапасын жақсарту мен табысын арттыру. Бұл бағытта ауқымды жұмыстар жүргізіліп, Мемлекет басшысының әрбір тапсырмасы жедел де нәтижелі іске асырылуы керек.

Жиында мәлімделгендей, Пре­зиденттің Реформалар жөнін­дегі жоғары кеңестің үшінші отырысында берген тапсырмаларына сай, мемлекеттік жоспарлаудың жаңа құрылымы үш деңгейден тұратын болады. Атап өткенде, бірінші деңгейдегі құжаттар – «Қазақстан-2050» стратегиясы, Жалпыұлттық басымдықтар, Ұлттық даму жоспары, Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы, Аумақтық даму жоспары елдің ұзақ мерзімді және орта мерзімді кезеңдегі даму пайымын айқындайтын болады. Екінші деңгейдегі құжаттар өңіраралық және салааралық мәселелер бойынша жүргізілетін саясатты – салаларды дамыту тұжырымдамалары мен ұлттық жобаларды айқындайды. Үшінші деңгейдегі құжаттар мемлекеттік органдардың, өңірлердің және квазимемлекеттік ұйымдардың даму жоспарларын қамтиды. Жаппай цифрландыру, оның ішінде Data Driven Government платформасын енгізу арқылы жүзеге асыру мемлекеттік басқару жүйесін жақсартудың негізгі элементі болады. Ұлттық халық санағы 2021 жылғы қазанда заманауи цифрлық технологияларды енгізіп, процесті автоматтандыру арқылы жүргізіледі.

Үкімет басшысы 8 ақпанға қарай Экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі мем­лекеттік комиссия отырысында қарау үшін экономиканың сапалы әрі тұрақты өсуін қамтамасыз ету бойынша шұғыл шаралар пакетін енгізуді тапсырды. Ұлттық экономика министрлігіне Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттікпен бірлесіп бір апта мерзімде Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің жобасын пысықтау, 10 ақпанға дейін Жалпыұлттық басымдықтар мен елді дамытудың 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспарын қабылдау туралы жарлықтардың жобаларын енгізуді қамтамасыз ету, бір ай мерзімде Ұлттық жобалардың тізімін қалыптастыру тапсырылды. Премьер-министр Қаржы, Ұлттық экономика министрліктеріне және Бәсекелестікті қорғау агенттігіне екі апта мерзімде Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын іске асыру жөніндегі келісілген ұсыныстарды енгізуді тапсырды. Ұлттық экономика министрлігіне өзектендірілген аумақтық даму жоспарының жобасын Премьер-министрдің Кеңсесіне биылғы 1 сәуірге дейін енгізу міндеттелді. «Реформалардың жаңа пакеті қысқа мерзімді перспективада экономиканы қалпына келтіруге негізгі саясатты жедел қайта реттеуді қамтамасыз етіп, тұрақты әрі сапалы экономикалық өсу траекториясына шығуға жағдай жасауы тиіс», – деді А. Мамин.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

379 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы