• Энергетика
  • 18 Ақпан, 2021

ӘЛЕУЕТТІ ЭНЕРГЕТИКА

Ковидтің теріс факторлары айналасында экономикалық ахуалдың едәуір өзгеруіне қарамастан, елдегі ірі электр энергетикалық холдинг – Самұрық-Энерго қаржылық жағдайын тұрақты деңгейде сақтауда. Қазақстан бойынша компанияның электр энергиясын өндірудегі үлесі 30%-ды құрап отыр.

Өткен жылғы күрделі эпидемиологиялық кезеңде холдинг өзінің электр станциялары мен көмір өндіруші нысандарының үздіксіз қызметін қамтамасыз етті. Төтенше жағдай режимінде ел энергетиктері бір кісідей жұмыла еңбек етіп, өндірістің тежелуіне жол бермеді. Компания электр энергиясын өндіруді 31,4 млрд кВт/сағатқа дейін арттырып, көрсеткіштерін 2019 жылмен салыстырғанда 1,2 млрд кВт/сағатқа дейін ұлғайтты.

 

 

Энергетикалық холдинг жал­пы сомасы 18 млрд теңге бола­тын операциялық және күрде­лі шығыстарды ауқым­ды оңтайландырып, қаржылық тұрақтылықтың сақталуын ке­пілдендірді. Жыл қорытынды­сында түсім 281,9 млрд теңгені құрап, 2019 жылғы деректермен салыстырғанда 38,2 млрд теңгеге, яғни 16%-ға өсті, бұл негізінен электр энергиясын сату мен қуатты өткізу көлемінің өсуі есебінен жүзеге асты деуге болады. Fitch халықаралық агенттігі компанияның ұзақ мерзімді рейтингін тұрақты болжаммен ВВ деңгейінде растады, дербес рейтингті B +-ке көтерді.

Өзінің қаржылық жағдайын жақсартып, несиелік тәуекелдің тұрақты жасыл аймағына өту үшін Самұрық-Энерго қарыз жүктемесінің деңгейін төмендету мен валюталық тәуекелдерді азайтуға қатысты бірқатар іс-шараларды жүзеге асырды. Бірінші кезекте Мойнақ ГЭС-інің 148 млн АҚШ доллары, Екібастұз ГРЭС-2-нің шамамен 100 млрд теңге сомасындағы валюталық міндеттемелері теңгемен қайта қаржыландырылды. Нәтижесінде несиелік портфельдегі валюталық міндеттемелердің үлесі 1,5%-ға дейін төмендеді. Сондай-ақ соңғы екі жылдағы жүйелі жұмыс қарызды 92 млрд теңгеге азайтуға мүмкіндік беріп, акционер белгілеген қаржылық тұрақтылық коэффициенттерінің мақсатты индикаторларын орындауға мүмкіндік туды. Өткен жылы «Самұрық-Энерго» АҚ Шардара СЭС-інің белгіленген қуатын ұлғайта отырып, станцияны толық жаңғырту бағдарламасын аяқтады. Компанияның көмір сату көлемі жыл соңында 43,4 млн тоннаны құрап, жоспардағыдан 4% асты. Самұрық-Энерго Орталық Азияның энергетикалық жүйесіне 860 млн кВт/сағат электр қуатын жеткізді. Елдің оңтүстігіндегі ауылшаруашылық тауар өндіру­шілерін суармалы сумен жабдықтау үшін Қырғызстанмен 300 миллион кВт/сағат электр энергиясына айырбас жасалды.

Биыл электр энергиясын өндіру көлемі 2020 жылғы 3% өсімді қоса алғанда, 32,2 млрд кВт/сағат көлемінде болжануда. Ендігі кезекте Екібастұз ГРЭС-1-де қуаты 540 МВт болатын №1 энергия блогын қалпына келтіру және Екібастұз ГРЭС-2-нің №3-ші энергия блогын салу арқылы кеңейту жобасын іске асыру жоспарлануда. Екібастұз ГРЭС-інде жоспарланған жұмыстардан басқа, қазіргі кезде «Богатырь» кесігінде көмірді өндіру, тасымалдау, біркелкілеу және тиеудің циклдық-ағынды технологиясына көшу жобасы жүзеге асырылуда. Жоба іске асырылып, көзделген қуаттылыққа шыққаннан кейін «Богатырь көмір» ЖШС жылына 50 миллион тонна көмір өндіре алатын деңгейге жетеді.

Бүгінде энергетикалық қоғам­дастық алдында экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жаһандық міндеттер тұр. Бұл бағытта оңтүстік мегаполистегі экологиялық жағдайды жақ­сартуға көмектесетін Алматы 2-ЖЭО-ны газдандыру туралы шешім қабылданып, жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі мемлекеттік сараптамадан өтуде. Сонымен қатар «Самұрық-Энерго» АҚ «АлЭС» АҚ еншілес компаниясымен бірлесе белгіленген қуатты 450 МВт-қа дейін арттыра отырып, Алматы 3-ЖЭО-ны қайта құру жобасын іске асыруды жоспарлап отыр. Компанияның инвестициялық жобаларының ауқымды бөлігін жаңартылатын энергия көздерін дамыту қамтиды. Атап өтсек, 2015 жылы Ақмола облысында пайдалануға берілген қуаты 45 МВт «БЖЭС» ЖШС жел электр станциясын 50 МВт-қа дейін ұлғайту көзделген. Бұдан бөлек, Самұрық-Энерго жел энергетикасы саласындағы тағы екі жобаны: Алматы облысындағы қуаты 60 МВт жел электр станциясын және Ақмола облысындағы қуаты 50 МВт жел электр станциясын аяқтайды. Бұған қоса оңтүстіктегі жоба мүмкіндігін болашақта 300 МВт-қа дейін арттыру қарастырылуда. Сонымен қатар ЖЭК саласында компания ГЭС-29 су электр станциясын салуға қатысты жобалауға дейінгі жұмыстарды жүргізуде. Болашақта Алматы облысындағы сонау 1943 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан АлЭС ГЭС каскадын қайта құру мен жаңғырту жұмыстары тұр. Жоба қайта қалпына келтірілген ГЭС-1 және ГЭС-2-де электр энергиясын өндіруді арттыру арқылы Үлкен Алматы өзенінің гидротехникалық ресурстарын тиімді пайдалануға болады. Елдің оңтүстігіндегі маневрлік генерация мен гидроэнергетиканы дамыту аясында Самұрық-Энерго маневрлік режимді қамтамасыз ету мүмкіндігі бар Алматы 3-ЖЭО-ны қайта құрудан басқа, Іле өзенінде қуаты 40 МВт контрреттегіш Кербұлақ ГЭС-ін салуды жоспарлап отыр. Су электр станция­сын салу Қапшағай су электр станциясының реттеуші қуатын 300 МВт-қа дейін арттыруға ықпал етеді. Болашақтағы жоспарларына су жинақтаушы электр станция­ларын салу жобасы, сондай-ақ Алматы өңірінде электр желілерін кеңейту және жаңғырту жобалары кіреді. 2020 жылы топтың жаңартылатын энергия көздері нысандары бойынша электр энергиясын өндіру көлемі шамамен 336 млн кВт/сағ болды және де ЖЭК нарығында Самұрық-Энерго үлесі 10%-ға жуықтады.

Бүгінгі таңда энергетика саласына енгізіліп жатқан цифрлық шешімдер негізіндегі жобалар – жай үдеріс емес, тұтынушылардың, клиенттер мен серіктестердің тұрмысын жеңілдететін, сондай-ақ компанияның жұмыс тиімділігін арттыратын шынайы қажеттілік. Бұл ретте компания цифрлық трансформацияны енгізіп, іске асырудың өзектілігі мен маңыздылығын назарда ұстауда. Құжат айналымын, жабдықтау жүйелерін автоматтандырып, цифрлық архив жасау идеясын дамытып жатқан холдингте жобалар портфелі аясында еншілес компаниялардың біріндегі web-платформада тұтынушыларға арналған бөлімнің мүмкіндігі кеңейтілді. Қазақстанның энер­гетикалық нысандарында арнайы жабдықты орнату басталды, бұл республиканың бірыңғай энергетикалық жүйесіндегі қуаттың ағымын және оның таратылуын реттеуге жол ашады. Цифрлық шешімдерді енгізу және жүйелік операторға қызмет көрсету есебінен 2021-2025 жылдар аралығында «Самұрық-Энерго» АҚ  4 млрд теңгеден астам қаржылық пайда таппақ. Аталған бірегей жоба «Самұрық-Энерго» АҚ енші­лес компаниялары – «Мойнақ СЭС-і» АҚ пен «Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС-ның платформасында іске асырылуда. Бұл «KEGOC» АҚ пен «Самұрық-Энерго» АҚ-тың жиілік пен қуатты автоматты реттеу (ЖҚАР) жүйесін енгізу бойынша бірлескен жобасы. Электр энергиясының сапасы мен оны өндіруші жабдықтың сенімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін кез келген энергия жүйесінде электр энергиясын өндіру мен пайдалану арасында тепе-теңдік қамтамасыз етілуі тиіс. Қазақстанда қазіргі кезде бұл баланс жүйелік оператордан (KEGOC) бастап өңірлік операторлар мен электр станция­ларына дейін  қолмен жүзеге асырылады. Мұндай тәсілмен реттеу баланстың бұзылуына әкеп соқтырып, шекаралас елдердің коммерциялық негізде реттеу қызметін көрсетуі арқылы өтеліп жатады. Стратегиялық бастама Қазақстанның бірың­ғай энергетикалық жүйесі бала­нсының автоматты түрде ұсталуын, реттеуге қатысатын электр станцияларының неғұр­лым тиімділігі мен өндіру икемділігін қамтамасыз етуге, баланстағы ауытқуларды жоғары жылдамдықпен және дәл сезіп, шара қолдануға бағытталған. ЖҚАР – Қазақстан энерге­тикасының тәуелсіздігіне қол жет­кізу мақсатындағы осы саладағы қанатқақты тәжірибе.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

506 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы