• Үкімет: іргелі істер үрдісінде
  • 18 Ақпан, 2021

Қаңтардағы көрсеткіш: Өсім қарқыны сақталды

Үкімет мүшелері еліміздің ағымдағы жылғы қаңтардағы әлеуметтік-экономикалық дамуының және республикалық бюджеттің атқарылуының қорытындыларын шығарды. Экономиканың, банк саласының жай-күйі, республикалық бюджеттің орындалуы, мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамту мәселелері бойынша Премьер-министр Асқар Мамин межелі міндеттерді нақтылады.  

Әлемдік экономиканың даму перс­пективалары пандемия тәуекелдерімен байланысты болып отыр. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, былтыр жеке сектордың капиталды жоғалтуы биылғы әлемдік сауданың қалпына келу перспективаларын шектейді. Сол секілді инвестициялық ағындардың рекордтық төмендеуі әлемдік экономиканың потенциалды өсуін орта мерзімде бәсеңдетуі хақ. Ал ірі әлемдік экономикалар арасында қарама-қайшылықтың созылуы әлемдік өндіріс құрылымын одан әрі қайта бөлуге әкеледі. Жаһандық экономиканың осындай даму болжамдарын негізге ала отырып, ауқымды вакцинациялаудың тиімділігіне байланысты Дүниежүзілік банктің қаңтардағы болжамында 2021 жылы әлемдік экономиканың 1,6%-дан 5%-ға дейінгі даму сценарийлері айқындалды.
Биылғы қаңтарда еліміз эконо­микасының негізгі салалары көрсет­кіштердің жақсару үрдісіне ие болды. Бұл ретте карантиндік шаралардың сақталуы мен күшеюі көрсетілетін қызметтер мен көлік салаларына әсер етуде. Өңдеу өнеркәсібінде тұрақты динамика байқалып, ол жыл басынан бері 3%-ға өсті. Негізгі қозғалтқыштар – металлургия өндірісі (+3,1%), оның ішінде автомобиль жасауды қоса алғанда (+21,2%), машина жасау (+16,2%), түсті металдар өндірісі (+6,6%), сондай-ақ химия өнеркәсібі (+12,8%), құрылыс материалдары өндірісі (+11,8%) және фармацевтика (+4%). Құрылыс көлемі 7%-ға, тұрғын үйді пайдалануға беру 9,4%-ға, яғни шамамен 801 мың шаршы метрге ұлғайды. Ауыл шаруашылығында өндіріс көлемі 2,5%-ға артты. ОПЕК+ келісімдері аясында мұнай өндіруді қысқарту бойынша Қазақстанның міндеттемелерін орындауына байланысты тау-кен өндірісі секторы ұлттық экономиканың баяулауына себеп болды. Мұнай өндірудің нақты көлем индексі -12,3%-ды құрады. Сонымен қатар көмір өндірісі жоғары қарқынмен өсуде (+10,1%). Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсуі тау-кен өндірісін есепке алмағанда 25,5%-ды құрады. Қызмет көрсету секторында ақпарат және байланыс саласында жоғары өсу қарқынына қол жеткізілді (+9,4%). Экономиканың тұрақтылығы жұмыссыздық деңгейін 5%-ға дейінгі аралықта ұстап тұруға мүмкіндік берді. Эпидемиологиялық жағдай бақылауға алынған, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін кейбір өңірлерде белгілі бір шектеу­лер әлі де қолданылуда. Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Қостанай облыстары, сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары негізгі 7 көрсеткіштің 5-і бойынша әлеуметтік-экономикалық даму өсімін қамтамасыз етті. Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарында 4 көрсеткіш бойынша оң динамикаға қол жеткізілді. 
Мемлекеттік бюджеттің атқарылу көрсеткіштері қалай қалыптасқанына тоқталсақ, Қаржы министрлігі деректері бойынша, мемлекеттік бюджетке 526 млрд теңге сомасында кірістер түсті немесе жоспар 116,1% орындалды. Республикалық бюджетке 288 млрд теңге сомасында кіріс түсті немесе жоспар 90%-ға атқарылды. Кірістер бойынша жоспар 32 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар 37 млрд теңгеге атқарылмады. Ведомстводан мәлімделгендей, салықтар бойынша орындалмаудың негізгі сомасы қосылған құн салығына және корпоративтік табыс салығына тиісті. Қосылған құн салығы бойынша жоспардың орындалмау себептері 2020 жылғы қаңтармен салыстырғанда қосылған құн салығы қайтарылуының 2,3 есеге өсуіне; Электрондық шот-фактуралар ақпараттық жүйесі деректеріне сәйкес сату бойынша айналымдардың 14%-ға азаюына; негізгі төмендеудің тау-кен өндірісі өнеркәсібіне тиісті болып, онда айналымдардың өткен жылғы қаңтармен салыстырғанда 29%-ға немесе 373 млрд теңгеге азаюына; 2020 жылғы қаңтармен салыстырғанда Қазақстанның үшінші елдермен тауар айналымының 22%-ға төмендеуіне қатысты туындаған. Корпоративтік табыс салығы бойынша жоспар­дың орындалмауы 2021 жылғы қаң­тарда 743 ірі салық төлеуші бойынша мәлімделген аванстық төлемдер сомасының өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 38%-ға немесе 28,6 млрд теңгеге азаюына байланысты. Жергілікті бюджеттердің кірістері 178,6% атқарылып, 239 млрд теңгеге тең болды. Барлық өңірлерде кірістер бойынша жоспарлар асыра орындалды. Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 91%-ға, республикалық бюджеттің шығыстары 94,4%-ға, жергілікті бюджеттердің шығыстары 80,6%-ға атқарылды. Республикалық бюджет бойынша 1 трлн 212 млрд теңге сомасына шығыстар жүргізілді. Орындалмау 72 млрд теңгені құрады, оның ішінде үнемдеу – 7 млрд теңге, игерілмеу сомасы – 65 млрд теңге.
«Министрліктер мен әкімдіктер жұмысты жандандырып, тиісті шаралар қабылдап, белгіленген мақсаттар мен міндеттерді нақты орындауы қажет», – дей келе, А. Мамин ел экономикасына инвестициялар тарту көлемін арттырудың маңыздылығына ерекше назар аударды. Сонымен қатар Үкімет басшысы екі күн мерзімде Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөнінде штаб құруды тапсырды. Оның отырыстарын апта сайын Премьер-министрдің бірінші орынбасары, ал ай сайын Премьер-министр өткізетін болады. Штабтың жұмыс органы болып Ұлттық экономика министрлігі белгіленді, оған осы жылдың 1 наурызына дейін жол картасы көрсеткіштерінің цифрлық картасын әзірлеу тапсырылды.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

452 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы