• Аймақ тынысы
  • 18 Ақпан, 2021

Инвестициялық жобалар – ел игілігіне

Өткен аптада еліміздегі экономикасы қарқынды дамып келе жатқан іргелі өңір әкімі Оңдасын Оразалин облыстың өткен  жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы және 2021 жылға арналған міндеттер туралы есеп берді. Аймақ басшысының тұрғындар алдындағы қорытынды есепті кездесуінің ерекшелігі – оның онлайн режимінде, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай өтуі. Жиын «Aktobe» телеарнасынан, сондай-ақ облыс әкімдігінің инстаграм, фейсбук әлеуметтік желілерінен тікелей көрсетілді.  Кездесуге Қазақстан Республикасы Президентінің мемлекеттік инспекторы Дильрух Шарипов қатысты, деп хабарлайды облыс әкімінің Баспасөз қызметі.

ЕРТЕҢГІ КҮННІҢ  МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ НАЗАРДА БОЛДЫ

– Өздеріңізге мәлім, жыл басында барлық деңгейдегі әкім­дер халық алдында есеп береді. Жергілікті атқарушы орган басшыларының қаңтар айынан басталған есептерінің облыс бойынша қорытындысын жасап жатырмыз. Бірақ былтыр­ғыдай көпшілікті жинап, үлкен залдарда жиын өткізуге сани­тарлық-эпидемиологиялық жағдайларға байланысты тыйым салынғасын, өзіміздің есепті кездесулерімізді онлайн форматта жүргізуге мәжбүр болдық. Дей тұрғанмен, есепті мерзім ішінде атқарылған істерді бірге атқарған азаматтармен, яғни өзімнің әріптестеріммен сіздердің алдарыңызға шығып отырмын, – деп бастады есепті баяндамасын облыс әкімі Оңдасын Оразалин, одан әрі өз сөзінде ол пандемияның өңір экономикасына тигізген әсерін де атап өтті.

О.Оразалин жыл бойы күш-жігердің кенеттен келген індеттің алдын алу және онымен күреске жұмсалғанына ерекше тоқталды. «Өздеріңіз жақсы білесіздер, көптеген жоспарымызды кейінге шегеруге тура келді. Пандемия туғызған бірқатар шектеулер мен тыйымдар экономикамызға да кері әсерін тигізді. Әлемдік нарықта мұнайдың, түсті металдардың бағасы төмендеп кетті.

Ірі компаниялар ғана емес, олар­дың айналасында қызмет көрсетіп жүрген шағын мекемелер мен жеке кәсіпкерліктер де зардап шекті. Көп­теген мекемелеріміз жұмыстарын тоқтатуға мәжбүр болды. Өкінішке қарай, бюд­жетіміздің де кіріс бөлігі жыл басында жоспарлаған межеден кем шықты. Соған қарамастан, басты бағыттан жаңылған жоқпыз. Ертеңгі күні маңызды болатын мәселелерді де ұмытпадық», – деді өңір басшысы.

Облыс әкімі онлайн кездесуде тұрғындарға былтыр жыл бойы атқа­рылған жұмыстардың, күнделікті болған оқиғалардың жергілікті телеарнадан көрсе­тіліп, әлеумет­тік желілер мен газет беттерінде, өзінің жеке парақшасында  да жарияла­нып отырғанын айтты. «Өткен жыл­дың әлеуметтік-эконо­микалық даму барысы туралы мәліметтерді алдын ала өзіміздің «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінде жарияладық. Сол тезистерде барлық жағдай егжей-тегжейлі толық қам­тылған. Тиісті сандар мен пайыздар кел­тірілген. Жеткен жетістіктердің барлығы да сонда көрсетілген», – деп Оңдасын Оразалин  маңызды мәселелерге айрықша тоқталып өтті (1-инфографика).

800 МИЛЛИАРД ТЕҢГЕДЕН АСТАМ ИНВЕСТИЦИЯ  ТАРТЫЛАДЫ

Өңір басшысы есепті мерзім ішінде экономиканың күрт төмендеуіне жол бермейтін және оны кейін қалпына келтіруге бағытталған шаралар қабылданғанын айтты. Соның нәтижесінде жыл соңына қарай жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік туған.

– Негізгі әлеуметтік-экономи­калық көрсеткіштер бойынша оң динамика байқалады. Өңірдегі өнер­кәсіптік кәсіпорын­дары 1,8 триллион теңгеге өнім өндіріп, өңдеуші сектор өндірісінің көлемі 103,9 пайызға дейін өсті, – деді О.Оразалин.

Экономиканы дамытудағы басым­дылық бағыттарының бірі – инвес­тиция тарту. Аймақ басшы­сының айтуынша, былтыр өңірге 646,8 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылған. Нәтижесінде 23 ірі инвестициялық жоба жүзеге асы­рылған және 1200-ден астам жұмыс орны құрылыпты.

«Биылғы жылғы жоспарымызда одан да көбірек инвестиция тарту, шамамен 800 миллиард теңгеден асу межесін көздеп отырмыз», – деді аймақ басшысы.

Айта кету керек, бұл өз кезегін­де мұнай қалдықтарын қайта өңдей­тін зауыт, диализатор шығара­тын кәсіпорын, мобильді бұрғылау қондырғылары мен басқа да құры­лыстар жоспарлануда. Аталған жобалардың тек экономикалық жағынан ғана емес, экологиялық және әлеуметтік жағынан да маңызы ерекше. Облыс әкімінің айтуынша, егер «ЭкоТехПрогресс» ЖШС-ның «Мұнай қалдықтарын қайта өңдейтін зауыттың құрылысы» жобасы жүзеге асырылса, жылына 500 мың тоннаға дейін мұнай қалдығын кәдеге жаратуға және өңдеуге мүмкіндік береді. «Global Service Company XXI» ЖШС-ның диализатор шығару бойынша жобасы ТМД елдерінің аумағында баламасы жоқ медицина өнеркәсібі саласындағы мүлдем жаңа кәсіпорынның құры­луына ықпал етпек.

Бүгінгі таңда инвестиция ағынын көбейту мақсатында «GOSB» түрік инвесторымен бірге индустриал­ды аймақ жасау жұмыстары жүргізілуде. Ірі жобаны жүзеге асыру жақын жылдары қосымша 500 млрд теңге­ден астам инвестиция тартуға, кемін­де 15 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді (2-инфографика).

«ҚАРАПАЙЫМ  ЗАТТАР ЭКОНОМИКАСЫ»  БОЙЫНША ӨҢІР  TOP-5 САПЫНДА

Облыс әкімі есепті баяндамасында шағын және орта бизнес саласында да оң нәтижелерге қол жеткізілгенін атап өтті. «Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасына орай, «Бизнестің жол картасы», «Қарапайым заттар экономикасы», «Ауыл – ел бесігі» сияқты бағдарламалардың әлеуетін пайдалану зор көмек болды. Сонымен қатар қолжетімді жеңілдетілген несиелердің, гранттардың да едәуір әсері болғанын айта кету керек», – деді О.Оразалин.

Бүгінгі таңда жұмыс жасап тұрған субъектілер саны 61,8 мың бірлікке жеткен. Қазір 154,7 мың адам кәсіп­керлікпен айналысып отыр, 782,5 млрд теңгеге өнім өндірілген.

Есепті кезеңде «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 600 шағын және орта бизнес субъектісі мемлекеттік қолдау алған. «Еңбек» бағдарламасы бойынша 4,7 млрд теңгеге 953 жоба мақұлданған. Ақтөбе облысы «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша мақұлданған жобалардың саны жағынан республикада көш басында тұрған бестіктердің қатарында. Былтыр 38,9 млрд теңгеге 122 жоба мақұлданыпты.

Сондай-ақ облыс әкімі өз сөзінде облыста туризим саласында атқарылып жатқан шаруаларға да тоқталды. Облыстың туристік нысандарын ілгерілету мақсатында былтыр жергілікті туроператорлармен бірлесіп, өңірдің туристік бағыттарын өзектендіру бойынша бірқатар жұмыстар жүргізілген. «Біз туризмге ерекше мән беріп отырмыз. Себебі келешекте жаңа жұмыс орындарын ашып, инвестиция тартуға, жаңа технологияларды енгізуге осы саланың ерекше орны бар», – деді аймақ басшысы.

АЙМАҚ АУЫЛ  ШАРУАШЫЛЫҒЫ –  КӨШ БАСТАУШЫ

САЛАЛАРДЫҢ БІРІ

Ауыл шаруашылығы саласы – облыс дамуының басты драйверле­рінің бірі. Облыс әкімінің айтуынша, Ақтөбе облысы жалпы республика көлемінде индустриялық дамыған өңір саналады. Оның ішінде, ауыл шаруашылығы саласын дамытудың нәтижесінде аймақтың әлеуеті, сондай-ақ қиын кезеңдерде өзін-өзі жергілікті өніммен қамту деңгейі едәуір артқан.

– Өңірге келіп, қызмет бастаған кезде, өздеріңізбен ой бөліскен едім. Сондағы мақсатым – «Қаланы жанға, даланы малға толтыру» деп айтқан болатынмын. Салыстырмалы түрде алсақ, малдың саны отыз жыл бұрынғы жағдайға қарағанда, қазір едәуір өсім байқалады. Ірі қара, жылқы, түйе малын алып қарасақ та, өсім бар. Біз қойдың санын көбейтуіміз керек. Былтыр біз ынталандыру мақсатында субсидия бөліп, жергілікті жерлерде ауыл шаруашылығымен айналысып жатқан кәсіпкерлерге қолдау көрсеттік. Соның нәтижесінде және кәсіпкерлердің еңбегінің арқасында мал басы артты. Бұл бағытта жұмыс жалғасын табады. Себебі өңірдегі халық саны едәуір өсті. Облыс орталығы – Ақтөбе қаласы тұрғындарының саны жарты миллиондық межеден асты. Енді осы халықты күнделікті қажет ететін азық-түлікпен қамтамасыз ету – даладағы малдың өсіміне, егілген егін, бау-бақша өнімдерінің көлемі мен сапасына тікелей байланысты, – деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.

Облыстың ауыл шаруашылығы өндірушілері мен шаруаларын қолдау аясында былтыр субсидияның бір­неше түріне 20,4 млрд теңге бөлініп, 47,8 млрд теңгеге жеңілдетілген несие беріліпті. Қабылданған шаралардың нәтижесінде ауыл шаруашылығы саласының көрсеткіші 6,7 пайызға өскені байқалады, 324,7 млрд теңгенің өнімі өндірілген.

Сонымен қатар суармалы жерлер алаңын ұлғайту және ауыл шар­уа­шылығына арналған пайдала­ныл­маған жерлерді қайтып алу жұ­мыс­тары жүргізілуде.

Белгілі болғандай, былтыр 10,6 мың гектар суармалы жерді қалпына келтіру жұмыстары басталған. Осылайша суармалы жерлердің жалпы алаңы 40,8 мың гектарға жетіпті (3-инфографика).

Азық-түлік қауіпсіздігін қамта­масыз ету мақсатында жергілікті тауар өндірушілер мен экспорт әлеуетін көтеру есебінен әлеуметтік-маңызы бар азық-түлік тауарларының он түрі бойынша қосымша қор құрылған. Бұл мақсатқа 300 млн теңге бөлінді. Бүгінде облыс өзін тиісті қоржынға енгізілген 32 азық-түлік тауарының 24 түрімен қамтып отыр.

Облыс әкімі өз сөзінде тек Ақтө­бені ғана емес, көршілес облыс­тың тұрғындарына жергілікті өнімдерді ұсыну, одан әрі алыс-жақын шетелдерге экспорттау қажеттігін де баса айтты.

Оңдасын Оразалин есепті баяндамасында аймақта азық-түлік бағасын тұрақтандыру мәселесіне де тоқталды. Бүгінде облыста «Алаңнан сөреге дейін» қағидаты бойынша «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ тетіктері арқылы аймақтың шаруа қожалықтарының бөлшек сауда нарығына делдалсыз тікелей қол жеткізуі қамтамасыз етілген. Осы мақсатта «Табыс Агро» 4 сауда павильоны және «Халық сауда» шағын көтерме орталығының 13 сауда орны ашылды. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасатын болады.

Шын мәнінде, республика бойынша экономикалық дамуы тұрғысынан алдыңғы қатардағы өңірдің көр­сеткіштері көңілді қуантарлықтай. Облыс әкімі өзінің есеп беруі барысында басқа салалардағы да жетістіктердің аз емес екенін атап көрсеткенімен, алда атқарар әлі де қыруар жұмыс тұрғанына да жан-жақты тоқталды. Қорыта келе айтарымыз: өңірде қолына іргелі істерді алып, еселі еңбекке жұмылған халықтың жетіс­тіктері де одан әрі өнімді өрби бермек.

Исатай ҚАМБАРОВ

475 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы