• Өндіріс өрісі
  • 25 Ақпан, 2021

Төртінші өнеркәсіп тұжырымы

Пандемия тіпті консервативті салалардың өзіне цифрлық технологиялардың енуін жеделдетті. Бүйірден қауіп төніп, белгісіздік орнаған оқыс жағдайда өнеркәсіптік кәсіпорындар жаңа болмысқа бейімделудің пәрменді тәсіліне мойын бұрып, сандық жобаларды белсенді түрде дамыта түсті.

Елдердің Индустрия 4.0 концепциясына көшуі өндіріс шығындарын оңтайландыру арқылы кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мүмкіндігімен, жаңа кіріс көздерін табумен, еңбек жағдайларын жақсарту және жазатайым оқиғаларды, жарақаттарды болдырмаумен байланысты.

 

 

Ал тосыннан келген індет интеллект технологияларын мемлекеттік бағдарламалар қабылданған елдерде ғана емес, сонымен қатар оны дамытудың бірыңғай саясаты жоқ елдерде де енгізуге түрткі болды. Төтенше, карантиндік жағдайларда төртінші өнеркәсіп элементтері күтпеген өзгерістерге тез бейімделудің қолайлы әдісіне, бәсекелестік аясында өмір сүрудің тиімді құралына айналды. Өндірісті тоқтатпауға, кә­сіпорындардың ел экономикасында өз позициясын оңтайлы деңгейде сақтап қалуларына мүмкіндік берді. Пандемия жағдайында озық технология­лар қашықтықтағы коммуникация­ны қам­тамасыз етіп, өндірістік процестерге адамның араласуын барынша төмендетті. «Ақылды» технологиялар рөлі кәсіпорындардың үдерістерін қашықтық режиміне қысқа мерзімде қайта бағдарлауда айқындала түсті. Үлкен деректерді талдау, сенсорлы жабдықтар операциялық жұмыстарды барынша тез және оңтайлы жүргізіп, уақытылы әрекет етуге, өндіріске түзетулер енгізуге қол жеткізді. Өкінішке қарай, цифрлық технологияларды ең баяу қолданған компаниялар қиындыққа душар болып, технологиялық дамудың артта қалу қаупімен бетпе-бет келді. Пандемиядан цифрланбаған өндірістік процестердің үлесі жоғары салалар көп зардап шеккені мәлім.

Бүгінде заманауи ақпараттық технологиясыз тиімді өндіріс ойға келмейді. «Ақылды» өнімді енгізу экономиканың басым секторлары мен кәсіпорындарын дамыту үшін өте қажет. Сондықтан өнеркәсіптік кәсіпорындар төртінші өнеркәсіп элементтерін толық көлемде енгізу жобаларын жалғастыруда. Еліміздің көптеген кәсіпорындары өндірісті басқарудың онлайн режиміне ең аз шығынмен көшудің бірде бір шешімі – цифрлық технологияларды өндіріске қарқынды енгізе бастады. Бұл ретте экспортқа бағытталған, жоғары қосылған құны бар, яғни тау-кен металлургиялық кешені, машина жасау, химия өнеркәсібі, фармацевтика кәсіпорындары цифр­ландыру жоспарларының басында тұр. Бұл түсінікті де, өйткені олардың өнімдерінің халықаралық нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігі өндіріс тиімділігіне тікелей байланыс­ты. Бұл салалардағы кәсіпорындарда цифрландыру жобаларын жүзеге асыруға жеткілікті ресурстар бар. Сәйкесінше, Индустрия 4.0 технологияларын отандық өндірістерге енгізу мен қолданудың көптеген мысалдарын атап өтуге болады.

Қазақстандағы танымал алтын құймаларын өндіруші «Алтын алмас» АҚ Ақтоғай филиалының алтын өндіру фабрикасына жасанды интеллект енгізу ұнтақтау процесін технологиялық үдеріс пен үлкен деректерді басқарудың болжамды негізінде нақты режимде қашықтықтан басқаруға мүмкіндік береді. Компанияда өндірістік процестерді цифрландыру үрдісі үлкен нарықта бәсекеге қабілеттілік­ті арттыруға жол ашты. Пандемия кезінде ерекше өзектілік танытқан цифрлық шешімдер компанияда 2017 жылдан бастап сәтті жүзеге асырылып келеді. Қысқа уақытта цифрлық технологиялар бизнес-процестерді, компанияның ұйымдық құрылымын басқаруды оңтайландыру мен икемдеу жағына қарай өзгертті.

Жүйе құраушы тау-кен өнеркәсібі кешендерін цифрландыру жобаларын іске асыру шеңберінде «Казцинк» ЖШС, «ERG» және «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ компаниялары мобильді персоналмен басқарудың Pitram, ERP жүйелерін, балансты есептеуді, «ақылды карьер» жобасын іске қосты. Алдыңғы қатарлы ERP датчиктері, борттық компьютерлер, спутниктік орналастырулар кәсіпорындарға әлеу­меттік қашықтықтан жаңа жұмыс режиміне көшуге мүмкіндік берді, барлық жұмыстардың монито­рингі операторлардың минималды қатысуымен нақты уақыт режимінде тиімділікті жоғалтпай жүргізілді.

Өнеркәсіпте жасанды интеллект қолдану тәжірибесімен ERG тобы ерекшеленеді. Топ кәсіп­орындарының бірі – Ақсу ферро­қорытпа зауытында балқыту процесі мен пештің жағдайын басқару үшін жасанды интеллект енгізілді. Доғалы болат балқыту пешінің сандық кеңесшісі деп аталатын жоба алтыншы балқыту цехында жүзеге асырылды. Ноу-хау бригадирлерге агрегаттың техникалық құрылымын жедел анықтауға және өндірістегі шығындарды азайтуға мүмкіндік беретін дұрыс технологиялық шешімдер қабылдауға көмектесуге арналған. Цифрлық кеңесші зауытта сегіз айдан бері қолданылып келеді. Бұл ретте жұмыс математикалық модельдер негізінде жүріп, компо­ненттерді араластыру процесі талданады, бригадирге кеңестер бері­ліп, металды балқыту процесін оңтайландыру үшін қоспалардың қашан және қандай құрамын қолдану керектігі айқындалады. Осылайша, жасанды интеллект бірнеше есе тез және дәл технологиялық шешімдер қабылдауға көмектеседі.

Маңыздысы, Индустрия 4.0 технологияларын қолдану өндірістің өте зиянды және қауіпті салаларында жарақаттар мен кәсіби аурулардың деңгейін төмендетудің тиімді әдісі болып табылады. Осыған орай цифрлық шешімдерге назар аудара отырып, өнеркәсіптік қауіпсіздік ережелеріне түзетулер енгізілді. Мысалы, шахтерлерге арналған позициялау жүйесін қолдану барлық уақыттағы диспетчерге және объектінің командалық пунктіне ақпаратты жедел жібере отырып, барлық тау-кен жұмыстарында адамның орналасқан жерін анықтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ балқыту немесе құю өндірісі сияқты аса қауіпті жерлерде өндірістік роботты пайдалану арқылы өндірістік жарақаттың алдын алуға болады.

Индустрия 4.0 жұмысшылар­дан түбегейлі жаңа дағдыларды талап ететіндіктен, кейбір жұмыстар, негізінен бірсарынды қол еңбегі уақыт өте келе жоғалып, жаңа ма­мандықтар пайда болады. Компания­лар персоналға цифрлық технология­ларды үйренуге және қайта даярлаудан кейін жаңа жұмыс орындарына ауысуға жағдай жасайды. Мысалы, ірі фармацевтикалық компания «Химфарм» АҚ модельдік цифрлық фабрикалар арасында көшбасшы цифрлық, инженерлік-техникалық білім беру орталығын ашты. Онда кәсіпорын қызметкерлерін, колледж бен университет студенттерін сандық өндіріс технологияларына үйрету, орталықты 3D-мен жабдықтау жоспарланып отыр. Сондай-ақ «Химфарм» компаниясы өндірістің тиімділігін және бизнес-шешімдерді қабылдау жылдамдығын арттыруға мүмкіндік берген бірқатар цифрлық шешімдерді табысты жүзеге асырды. Машина жасау саласындағы «Maker» ЖШС өн­ді­ріс процесін жобалаудан өндіріске дейін толықтай автоматтандырды. Сол секілді «Проммашкомплект» ЖШС қатты прокат теміржол дөңгелектерін шығарудың толық циклді жоғары технологиялық автоматтандырыл­ған кешенін іске қосты. Жаһандық өндірістік тізбектерге интеграциялану процесі туралы айта отырып, Оңтүстік Кореяның «POSCO» компаниясымен бірлесіп «POSUK Titanium» ЖШС бірлескен кәсіпорнын құрған Өскемен титан-магний комбинатын да ерекше атап өту қажет. Қазіргі уақытта бұл кәсіпорында өндірістің барлық сатыларын автоматтандыру және бақылау бойынша жоба жүзеге асырылуда. Бұл кейіннен ірі кеме жасаушы компанияларға сату үшін шығарылатын өнімге расталған өнді­рістік паспорты бар электронды сертификат беруге мүмкіндік туғызады.

Жалпы, жаңа технологиялар ар­қылы әлемдік өндіріс тізбегіне ену процесі «Made in KZ» брендінің танымын арттырумен қатар, салаға жаңа инвестициялар тартуға да ықпал етеді.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

589 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы