• Өндіріс өрісі
  • 01 Сәуір, 2021

Кәсіпорындар қатары ұлғаюда

Еуразиялық металлургия зауыты іске қосылды

 

Жедел өсу мен әртараптандырудың, импортты алмастыру мен ішкі нарықты толықтырудың, жұмыспен қамту мен әлеуметтік жағдайды жақсартудың бір тетігі ретінде арнайы өндірістік аймақтар қызметіне маңыз беріледі. Бұл тұрғыда Алматының индустриялық аймағының резидент компаниялары өңір экономикасын дамытуға елеулі үлес қосуда.

Ағымдағы және алдағы жылдары қаланың индустриялық аймағында 5 мыңнан астам жұмыс орнын құрумен 119,7 миллиард теңгенің 35 жобасын, оның ішінде 15 экспортқа бағытталған кәсіпорынды іске қосу жоспарланған. Ол үшін қазір бұл жерлерде жобалау, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ биыл бұл аумақта 5 индустриалды парк салынып, қайта құрылмақ. Өндіріс орындарының жалпы ауданы шамамен 35 мың м2 құрайды. Осы парктердің әлеуетті қатысушылары 700-ден астам жұмыс орнын ашуға ниетті. Өнім құрылыс, жиһаз, жеңіл және тағам түрінде ұсынылатын болады.

Карантиндік қиындықтарды еңсере отырып, индустриялық аймақ жыл басынан бері жаңа өндірістер ашуды жалғастырып жатыр. Солардың бірі – мыс пен алюминий созба сым шығаратын зауыт жалпы құны 12 млрд теңгеге бой көтерді. Еуразиялық энергетикалық комбинат құрамына кіретін жетеудің бірі — Еуразиялық металлургия зауыты бұл аймақта нөлден салынған инновациялық кәсіпорын. Өнімдер кабельдік өнеркәсіпте және экономиканың өңдеу секторында отандық қамту үлесін 100%-ға дейін арттыруға бағытталған. Экспорттық бағыт 60%-дан жоғары. Қосымша 80 жұмыс орнын қамтамасыз еткен кәсіпорында өндіріс көлемі жылына 25 000 тоннадан асады. Жоба Қазақстанның Ресейге, Қытайға, Парсы шығанағы елдеріне және ЕАЭО-ға экспортының елеулі үлесі бар инновациялық өнімдерге қажеттілігін жабады.

Еуразиялық энергокомбинат бірнеше өндірісті қамтиды. Бірінші кезеңде, 2018 жылы инвестициялық компания өндіріс қуаттылығы жылына 100 000 км-ден астам «Евразкабель» кабельді-өткізгіш өнім­дерін шығаратын зауытты іске қосты, 100-ден астам жұмыс орны құрылды. Осындай инновациялық кәсіп­орындарға еліміздің қажеттілігі өте жоғары. Өйткені, шикізат базасы бай, географиялық жағдайы жоғары, инвестициялық саясаты белсенді. Бірақ, бұл ретте өңдеу өнеркәсібінің төмен үлесі сақталуда. 2018 жылы электротехникалық өнімнің импортына байланысты республиканың шығыны 2 млрд доллардан асты. «КМК Investment» ЖШС бас директорының орынбасары Андрей Приходько: «КМК Investment инвестициялық компаниясының жоспары бойынша жыл сайын комбинат аумағында өңдеу өнеркәсібінде бірегей өндірістерді іске қосу ішкі нарықты дайын жоғары сапалы өніммен 100%-ға қамтамасыз ете алады. 2022 жылға қарай қазақстандық қамту үлесі әрбір шығарылатын өнімде 98-100%-ды құрайды», — деп атап өтеді.

Сонымен қатар, кейінгі жылдары инвестициялық компания Алматы индустриялық аймағында полиэтилендер мен пропилендер, қорытпалардан жасалған аса жеңіл кабельдік науалар өндірісін іске қосуды, сондай-ақ инновациялық әзірлемелер саласындағы ғылыми-зерттеу институтын ашуды жоспарлап отыр.

Қаланың индустриялық айма­ғында биыл іске қосылған тағы бір маңызды өндіріс нысаны — заманауи фармацевтикалық зауыт жылына 25 млн дана өнім өндіру қуаттылығымен медициналық бұйымдардың 27 түрін шығарады. Компанияда 37 адам жұмыс істесе, ағымдағы жылы қосымша 15 жұмыс орнын құру жос­парлануда. Бұл кәсіпорын да импортты алмастыруға бағыт ал­ған, халықаралық стандарттардың барлық талаптарына сай келеді және экологиялық таза, қолжетімді өніммен қамтамасыз етеді. «Алмерек» ЖШС фармацевтикалық компаниясы Қазақстан нарығында 2003 жылдан бастап жұмыс істейді. Компания 2011 жылға дейін ірі ресейлік дәрі өндірушілердің ресми өкілі бола отырып, өз өнімдерін қазақстандық фармацевтикалық нарыққа жеткізіп берді. Бүгінде компанияның негізгі серіктестері – СҚ-Фармация, мем­лекеттік және жеке медициналық мекемелер. Экспорттық жеткізілімдер уақытша тоқтатылған, десе де, болашақта оларды ЕАЭО елдеріне қайта бастау көзделуде. Оған қоса, компания өндірілетін өнім түрлерін жалпы көлемі жылына 60 миллион данаға дейін, 116 түрге кеңейтпек. Ол үшін өндіріс тігіс материалы, гематологиялық және биохимиялық реактивтер, биофлюидтерді жинауға арналған контейнерлер және басқа да жаңа құралдармен жабдықталатын болады.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

323 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы