- Білім & Ғылым
- 08 Сәуір, 2021
Экологиялық журналистика: Арнайы курс өтті
Экология мәселесі бүгінгі күннің өткір мәселесіне айналды. Ғаламдық жағдай барған сайын күрделене түсуде. Айналадағы ортаны қорғау проблемасы алға шығып отырғаны ақиқат. Бір қуанарлығы, елімізде табиғатты сақтау саласы бойынша халықтың сауатын арттыру мәселесі қолға алынып, маңызды шаралар жасалынып жатыр. Кез келген тақырыпта өзекті мәселерді қозғап, әлеумет арасына насихаттап, дамытуға күш салатын бірден бір маман – журналистер. Сондықтан алдымен кадр дайындау түйткілін шешіп алған абзал.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ынтымақтастық меморандумы аясында экология саласында маманданған журналистерге арналған дәріс өтті. Жаһандық қоршаған орта өзгерістері мен жергілікті экологиялық проблемалар – журналистерге арналған курстың басты білім беру бағыты болып саналды. Экологиялық сауаттылықты арттыру, экологиялық мәселелер тақырыбынды журналистік материалдар даярлаудың медиа құралдарын үйрену модулі шығармашылық кешенді қамтыды. БАҚ-та экологиялық мәселелерді жариялау, экологиялық білім беру мен тәрбиелеу, қалдықтарды кәдеге жарату және қоршаған ортаны қорғау мәселелері талқыланды. Аталған шараға ғалымдар, журналистер мен экологиялық саланың еріктілері қатысты.
БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілі – Қазақстандағы БҰҰ Ақпараттық бюросының басшысы Властимил Самек: «Тұрғындар арасында экологиялық ақпарат таратудың үлкен жауапкершілігі бар. Экологиялық ойлауды қалыптастыруда университеттердің салалық кафедраларының орны айрықша. Сондықтан ол туралы білім мен ақпарат кеңінен таралуы және қолжетімді болуы тиіс», – деді.
Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан бойынша Алматыдағы ЮНЕСКО Кластерлік Бюросы Коммуникация және ақпарат маманы Сергей Карпов Тұрақты даму мақсаттары аясында экологиялық журналистика бойынша білім берудің бағдарламаларын таныстырды. Университеттің Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасы мен Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасының ғалымдары, тәжірибешіл экологтар қауымдастығы спикерлердің теориялық мәселеден практикалық дағдыларға дейінгі кешенді қамтыды.
«Экология мәселесінің ауқымы кең, дегенмен ол әр адам баласының өміріне қатысты болуы тиіс. Қазақстан Республикасының жаңа экологиялық кодексін түсіндіруден бастап, мамандар БАҚ-та жиі аталатын биосфераның ластануы, экотоксиканттар, төтенше жағдайлардан қорғану, экологиялық тәуекелдер, экологиялық ізді есептеу сияқты кәсіби проблемаларды кеңінен талқылады. Зертханалық жағдайда журналистер судың органолептикалық көрсеткіштерін талдады. Журналистерге ұсынылған экологиялық минимум – биомузей, жасыл технологиялар зонасымен жақын таныстырған кампусқа экотурмен аяқталды. ҚазҰУ Ғылыми кітапхана қоры «Экология. Тұрақты даму мақсаттары. Журналистика» тақырыбында кітап және БАҚ материалдар мен фотосуретші Асылхан Әбдірайымның «Қазақстанның көркем табиғаты» фотокөрмесі де шараның әдістемелік, визуалдық модулын нығайтқаны рас», – деп атап өтті бағдарлама үйлестірушісі, ҚазҰУ-дің Журналистика факультетінің баспасөз және БАҚ кафедрасының меңгерушісі Гүлмира Сұлтанбаева.
Елуден астам БАҚ маманы экологиялық мәселелерді қалай жазу керектігі төңірегінде білімін арттырды. Оқу курсын аяқтаған республикалық және өңірлік ақпарат құралдарының қызметкерлеріне сертификаттар табысталды.
Иә, қазір Жер шарындағы экология мәселесі күннен-күнге күрделеніп барады. Қазір ғаламшарымызда 8 миллиардқа жуық жұмыр басты пенде тіршілік етуде. Жылына орташа есеппен 93 миллион адамға көбейіп бара жатқандықтан жер шары болашақта адам баласын асырауға қауқары жетпейді. Өткен ғасырдың бас кезінде-ақ академик В.И.Вернадский таяу болашақта Жердің табиғатындағы антропогендік сипаттағы, адамның қарекетінен болатын өзгерістер планеталық сипат алады деп болжаған еді. Бұл болжам нақты шындыққа айналып отыр. Сондықтан қоршаған ортаны сақтап, таяу арада адам баласы жасыл экономиканы тиімді түрде жолға қоюы тиіс.
Нұрлан ҚҰМАР
2288 рет
көрсетілді0
пікір