• Мамандығым – мақтанышым
  • 08 Сәуір, 2021

Заман ағымына сай мамандық

Адамзат дамуының қай кезеңін алып қарасақ та, бухгалтер маманның қажеттігіне дау жоқ. Заман өткен сайын бұл мамандыққа сұраныс артып, талап та жоғарылай түсті. Жалпы бухгалтер сөзінің өзі XV ғасырларда пайда болған. Ол«кітап ұстаушы» деген мағына берген. Бухгалтердің басты қызметі – есептілікті құрастыру ғана емес, оның дұрыстығын, сенімділігін, толықтығын, шынайылығын қамтамасыз ету.

Бухгалтер – бүгінгі күні еңбек нарығындағы сұранысқа ие маман­дықтардың бірі. Кез келген ұйымда кем дегенде бір бухгалтер бар, ал үлкен ұйымдарда екі немесе арнайы топ ретінде жасақталған бухгалтерлер командасы жұмыс істейді. Бухгалтер жұмысы көп салалы,  яғни: негізгі құралдар есебі, материалдық құндылықтар, жеткізушілер және жабдықтаушылармен жұмыс, ең­бекақыны ұйымдастыру, салық­ты есептеу және т.б. Есептің дұрыс­тығы және уақтылылығына жауап беретін бірден-бір тұлға – бас бухгалтер. Бухгалтер мамандығын дайындаудың басты шарты – бола­шақ маманның кәсіби құзырет­тілігін қалыптастыру.

Кәсіби құзырлықты қалыптас­тырудың басты міндеттері:

1. Еңбек нарығымен арақаты­насты жақсарту;

2. Маманның бәсекеге қабілетті­лігін арттыру;

3. Оқу бағдарламасының мазмұ­нын, әдістемесін және білім беру ортасын жаңарту.

Бұл талаптың қаншалықты маңызды екендігін ресми құжат­тар да айқындай түсті. Бухгалтерлерге деген талаптардың негіз­гісі олардың өздерінің кәсіби білік­тілігін дәлелдеуі екені белгілі, бұл жөнінде міндеттеме «Бухгал­терлік есеп және қаржылық есептілік жөніндегі» Қазақстан Республикасының заңында алғаш рет 2007 жылы аталған болатын. Заң талаптарына сәйкес «бас бухгалтер» атты лауазымдық қызметке тек қолында кәсіби біліктілігін дәлелдеуші құжаттары бар тұлғалар ғана лайықты.

   Әлемдік пандемия жағдайында да қашықтан жұмыс істеу дағдысы бар мамандар қажеттілігі анық байқалды. Қашықтан жұмыс істеу ұйымдарды салықтардан, мін­детті төлемдер бойынша міндет­темелерден босатпайды, олар уа­қтылы орындалып, есептіліктер дер кезінде құрастырылып, тиісті органдарға ұсынылып отыруы қажет. Яғни қашықтан жұмыс істеу барысында  бухгалтерден өз ісінің шебері болу ғана емес, арнайы дағдыларды меңгеруі қажет ететіні анықталды. Бухгалтерлік есеп аутсорсингін дамыту қажеттігі белгілі болды.

Әсіресе 2021 жылдан бастап «Цифрлы бухгалтерия мен қаржы» жүйесі қолға алынбақ. Бұл білім беру жүйесінде осы саладағы бөлінетін қаражатты ашық игеріп, бюджет қаражатының тиімді игерілуін ба­қы­лауға мүмкіндік туғызады. Сонымен қатар бухгалтерияны, кадр­ларды, есепке алу мен бюджет­ті жоспарлауды автоматтандыру сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға, қаржыны тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Өз біліктілігін дәлелдеу бухгалтер маманынан әртүрлі дәрежедегі сертификаттарды иелену мақса­тында арнайы халықаралық дәре­жедегі емтихандар тапсыруды талап етеді. Айталық, ACCA, CFA, CIMA секілді сертификат иегерлерінің нарықта өз орнын тауып, жоғары жалақы алатын қызметке тұру мүмкіндігі өте үлкен. Ал емтихан тапсыру үшін білім, кәсіби шеберлік, техникалық сауаттылық, тілді меңгеру қажет.

 

А.АРЫСТАМБАЕВА,

әл-Фараби атындағы

ҚазҰУ-дың аға оқытушысы,

Е.БАУЫРЖАН,

Есеп және аудит мамандығының

IV курс студенті

413 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы