- Бизнес & Қоғам
- 08 Сәуір, 2021
ӨРКЕНДЕУ ҮШІН ӨРІС КЕРЕК
Польша-Қазақстан сауда-өнеркәсіп палатасы поляк және қазақ өнеркәсіп орындары мен кәсіпкерлерінің өзара тиімді қарым-қатынастарына дәнекер болып келе жатқан мемлекетаралық ұйым болып табылады. Палатаның белсенді қызметі нәтижесінде поляк фирмалары Қазақстанның агро, азық-түлік, фармацевтика және құрылыс салаларында жемісті жұмыс істеуде, қазақстандық кәсіпкерлер Польша нарығын игере бастады. Бұған палата бастамашы болып отырған түрлі көрмелер мен жәрмеңкелер де септігін тигізуде.
Сауда-өнеркәсіп палатасы еліміздің ғылым және білім мекемелерін Польшаның инновация нарығына тарту, Қазақстандағы басымдықты жобаларға Польша және Еуропа инвестициялары мен технологиялар трансфертін қатыстыру жөніндегі «KZ-EURO-PL» жобасын жүзеге асыруға атсалысуда. Палата поляк, қазақ, орыс тілдерінде өзінің «Экономикалық бюллетенін» шығарып келеді.
Наурыздың соңына таман Польша-Қазақстан сауда-өнеркәсіп палатасы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнап поляк және қазақ дипломаттары, саясаткерлері мен ғалымдары қатысқан халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді. Ғаламтор арқылы аталған мәртебелі басқосуға атсалысқан соң осынау айтулы шараға мұрындық болған белгілі қоғам қайраткері, газетіміздің Ақылдастар алқасының шетелдік мүшесі, Польша-Қазақстан сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Петр Гузовски мырзамен қысқаша тілдесудің сәті түсті.
– Ғылыми конференцияны Польшадағы қоғамдық ұйым – «Менің Қазақстаным» ассоциациясымен бірігіп ұйымдастырдық. Жиынды Польша-Шығыс ынтымақтастық қауымдастығының президенті Йозеф Брилл кіріспе сөзімен ашты, – деп бастады өз әңгімесін Петр Гузовски мырза.
– «Менің Қазақстаным» ассоциациясының төрағасы доктор Владислав Соколовский жүргізген мәжілісте Қазақстан Республикасының Польшадағы төтенше және өкілетті елшісі Әлім Қирабаев, Польша Республикасының сенаторы, Сенаттың бюджет және қаржы комитетінің төрағасы Казимеж Кляйна, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазіргі заманғы зерттеулер институтының директоры, профессор Мұхит-Ардагер Сыдықназаров, Адам Мицкевич атындағы Познань университетінің профессоры Артур Кияс, «Petroleum» аналитикалық журналының баспагері Олег Червинский мазмұнды баяндамалар жасады. Сондай-ақ Зиелона Гура университетінің заң ғылымдары институтының директоры, профессор Анджей Биштыга, Қазақстан Әскери-стратегиялық зерттеулер орталығының жетекші сарапшысы, саясаттанушы Марат Шибұтов, Люблин Экономика және инновация университетінің профессоры Ежи Шукальски өз сөздерінде екі ел арасындағы тиімді ынтымақтастықты тереңдету мәселелерін сөз етті.
Биыл ақпан айының 24-25 жұлдызында Кельце қаласының халықаралық көрмесінде ( Targi Kielce) үлкен табыспен өткен Польша-Қазақстан күндеріне де тоқтала кеткім келіп отыр. Экономикалық ынтымақтастық мәселелеріне арналған салтанатты шараға Қазақстанның Польшадағы елшісі Әлім Қирабаев,
Польша Республикасының Нұр-Сұлтандағы төтенше және өкілетті елшісі Селим Хазбиевич, Targi Kielce басқарма төрағасы, доктор Анджей Мохонь қатысып, сөз сөйледі. Көрме залдарында поляк компаниялары өзін-өзі таныстырды. Қазақстандағы нарық ережелері туралы вебинарда Kazakh Invest компаниясының Еуропадағы өкілі Ұлбосын Сарыбаева «Қазақстандағы инвесторларды мемлекеттік қолдау», поляк экономикасына қатысты секцияда Польша Даму, еңбек және технологиялар министрлігінің өкілі Александр Милота «Қазіргі заманғы үдерістер және ынтымақтастықтың даму келешегі» тақырыбына баяндама жасады. Сондай-ақ екі елдің компаниялары келіссөздер жүргізіп, Қазақстандағы туристік орындардың және «Эйр Астана» компаниясының тұсаукесері болды.
Өздеріңіз білесіздер, Қазақстан бүгінгі таңда шетелдік инвесторлар үшін неғұрлым тартымды нарықтардың бірі болып табылады. Дәйекті реформалар және құқықтық, институционалдық шеңберлерді жетілдіру халықаралық рейтингтік институттар тарапынан жоғары баға алуда. Қазақстанның географиялық жағдайы елді Шығыстан Батысқа, Солтүстіктен Оңтүстікке және керісінше баратын көлік дәліздерінің табиғи жолайрығы ретінде ұсынады. Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі бола отырып, 180 миллионнан астам халқы бар нарыққа жол ашады. Мұның барлығы поляк бизнесін тығыз әріптестікке тартып отыр. Бұл орайда құрылыс салу және құрылыс материалдарын өндіру, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және өңдеу, машина жасау, энергетика, фармацевтика салалары өзара байланыс үшін неғұрлым қызғылықты болып табылады. Қазақстан Польшаны шағын және орта бизнес, ауыл шаруашылығы өндірісі, көлік инфрақұрылымы, экспортты және ұлттық брендті қолдау мен жылжыту шараларын ұйымдастыру саласындағы маңызды әріптес ретінде қарастырады.
Еуропалық Одақ елдерінің, оның ішінде Польшаның Орталық Азия елдерімен, әсіресе олардың ең үлкені – Қазақстанмен сауда-саттық жасауы Польша мемлекетінің, сондай-ақ Қазақстанның экономикалық саясатының маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. COVID-19 пандемиясына дейін жылына 2 миллиард доллардан асқан өзара сауда айналымы құлдырамауға тиіс, үстіміздегі 2021 жылы ол өседі деген үміттеміз. Поляк кәсіпорындары мен компаниялары Қазақстан нарығына көбірек барғысы келеді, ал қазақстандық компаниялар Польшамен және поляк кәсіпорындарымен сауда жасауға ниеттеніп отыр. Дәстүрлі поляк алмалары ғана емес, Польша экономикасының басқа да өнімдері Қазақстанда танымал және лайықты орынға ие. Қазақстан компаниялары да көп нәрсені, атап айтқанда қазіргі кезде көптеген елдерде маңызды экономикалық сала болып табылатын туристік мүмкіндіктерді ұсына алады. Экономикалық шақыруларға және халықаралық нарықтардағы дағдарыстарға қарамастан, біздің елдеріміз экономикаларының жағымды болжамдарын ескере келіп, біз бизнес-ынтымақтастықтың жеделдеуіне, құрылатын бірлескен компаниялар, Қазақстан нарығында жұмыс істейтін поляк капиталы бар компаниялар санының артуына, тауар айналымы көлемінің өсуіне сенім артамыз.
Биыл Қазақстан Тәуелсіздікке 30 жыл толуын атап өтеді, осы жылы Қазақстан мен Польша арасында дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 29 жыл толады, сондықтан біз бүгінде өз елдеріміз арасындағы қарым-қатынастардың жоғары деңгейі сауда-экономикалық, инвестициялық және технологиялық әріптестікті еселеуге байсалды негіз қалайтындығын қанағат сезімімен атап өтеміз.
COVID-19 пандемиясы ғаламдық экономиканың барлық саласына әсер етуде. Осыған байланысты біз экономикалық қатынастарымызды әртараптандырып, жаңа өсу нүктелерін табуымыз керек. Қазіргі уақытта, пандемия кезінде экономикалық ынтымақтастық қоғамды сақтап қалудың және мемлекеттің институт ретінде жұмыс істеуін қамтамасыз етудің қарапайым әдістерінің бірі болып табылады. Бүгінгі таңда компаниялар, өндірушілер мен делдалдар арасындағы сауда-саттық, қарым-қатынас пен байланыс біздің өркениетіміздің «тамырына» қан жүгіртіп, өмір сүру деңгейімізді, мүмкіндіктеріміз бен әлеуетімізді айқындап отыр.
Мен Польша-Қазақстан қарым-қатынастарының сенімді сипатта екенін мәлімдеуге қуаныштымын. Бүгінгі таңда Қазақстанда поляк капиталы қатысатын 100-ден астам кәсіпорын бар. Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия мен Польша инвестиция және сауда агенттігінің (PAIH) Нұр-Сұлтандағы кеңсесі табысты жұмыс істеуде. Экономикалық салада қажетті шарттық-құқықтық база жасалған.
Редакциядан: Поляк-Қазақстан сауда-өнеркәсіп палатасы 2008 жылы 17 қаңтарда поляк және қазақстандық кәсіпкерлердің мүдделерін ескеріп отыру үшін құрылды. Польша-Қазақстан ынтымақтастығына мүдделі серіктес компанияларға көмек көрсету, жаңа құрылымдар мен мекемелердің, іскери серіктестердің, компаниялар мен кәсіпкерлердің өзара байланысын орнатуға көмектесу палатаның негізгі мақсаты болып табылады. Палата міндеттеріне Польша мен Қазақстан арасындағы экономикалық қатынастардың дамуына ықпал ету, әлеуетті серіктестер арасындағы қатынастарды орнатуға көмектесу, сауда миссияларын, симпозиумдарды, оқу семинарлары мен конференцияларын ұйымдастыру кіреді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы 1 қыркүйекте жарияланған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа Жолдауында инвестицияларды тарту тақырыбына ерекше назар аударды. Сөйтіп, мемлекет пен инвесторлар арасындағы келісімдерді бекіту үшін жаңа құрал – стратегиялық инвестициялық келісім енгізілмек. 10 арнайы экономикалық және 20 индустриялық аймақ белсенді жұмыс істеуде, инвесторлар олардың ауқымында қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етіліп, мемлекеттен қолдау алады. Қазақстан поляк инвесторларына инвестициялық преференциялар мен жеңілдіктер тетігін ұсынуға дайын.
ЖЕТПІСБАЙ БЕКБОЛАТҰЛЫ
889 рет
көрсетілді0
пікір